Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, қатыгездік ұрпақ санасын улап барады – Жанарбек Әшімжан
Соңғы кездері қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұр. Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, жәдігөйлік пен жарамсақтық, қатыгездік ұрпақ санасын улап, қоғамды шырмап барады. Һакім Абайдың «Қорқамын кейінгі жас балалардан...» деген сөзі тура бүгінгі дәуірге дөп келіп тұрғандай. Қазақ халқы әлімсақтан өткеніне құрметпен, келешегіне үмітпен қараған, Тұлғасын – Тудай желбіретіп, ұрпағын сол ұлы Тұлғаларға қарап бой түзеткен ел еді. Ал «Ежірей деген ұлың, Бедірей деген қызың болады» деп Мөңке би болжаған бұлдыр кезеңнің сұрқай келбеті келіп қалған жоқ па? Қоғамдағы кейбір жастардың шалыс қадамы сондай үрей шақырады. Өкінішке қарай,соңғы уақыттарда Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады, – деді депутат.
Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақкеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес екенін айтқан ол жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп, жанынан түңілгенін айтты.
Ұлттың арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады. Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді. Тиісті құзырлы орындар мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді. Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты «жазалау» шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ. Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана. Алайда, рухани тұрғыда кез келген кері әрекетке тиісті уәкілетті органдар тарапынан жауап берілмеген жерде осындай жағдайлар орын алады. Ел Президентінің сәт сайын «қоғамда Заң үстемдігі және тәртіп салтанат құру керек!» деген сөзінің түп мағынасы осы емес пе, ағайын! – деді депутат.
Оның айтуынша, шіріген ауыздан шыққан сөзді жөндеймін деп, намысты жас өрендеріміздің заң аясында опық жеп қалуы мүмкін еді. Сондықтан, қоғамда бірінші кезекте заң сөйлеуі керек. Сонда ғана, біз тәртіпке бағынатын қоғам құратынымыз анық.
Қоғамда рухани тұрғыдан азғындаған тобырлық мәдениет қатты белең алып барады. Мұның басты себебі – патриоттық сана мен ұлттық тәрбиеде, отбасылық құндылықта кетіп жатқан кесел-кемшіліктер. Сосын науқаншылдық пен жалған жасампаздықтың, мемлекет қазынасын желге ұшырып жатқан жемқорлықтың кесірі. «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деген. Ал бесігімізді қандай құндылықтар тербеп жатыр? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кетеді. Мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет!», - деген. Ал ел Президентінің тапсырмасын қоғам, мемлекеттік орган қалай жүзеге асыруда? Елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік Бағдарлама әзірлеу қажет. Бала-бақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс. Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар Заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгертулер енгізу жағынан қолдау көрсетуге дайын, – деді Жанарбек Әшімжан.