Жаңалықтар

ШҚО-да 4 алаяқ риэлтор 60 млн теңге пайда тапқан

ШҚО ПД

Олар ішімдікке бейім шығысқазақстандықтардың бірнеше пәтерін өз аттарына аударып алған.

Шығыс Қазақстан облысында 4 алаяқ өздерін риэлтор ретінде таныстырып, халықты 60 млн теңге шығынға батырған.

ШҚО Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері алаяқтар тобын құрықтады.

«Анықталғандай, олар өздерін риэлтор және нотариус ретінде таныстырып, ішімдікке бейім шығысқазақстандықтардың бірнеше пәтерін өз аттарына аударып алған. Күдіктілердің пәтерлерін тінту барысында жедел уәкілдер әртүрлі жылжымайтын мүлік объектілеріне құжаттар, жеке тұлғалардың дербес деректерін және іс бойынша өзге де заттай дәлелдемелер тәркіледі», - делінген облыстық ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын мөлшері 60 млн теңгеден асады.

«Полицияға төрт күдікті жеткізілді. Олардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.