Жаңалықтар

Абай облысында орманшылар мен өрт сөндірушілерге ескерткіш ашылды

Абай облысының әкімдігі

Ескерткіштің авторы — мүсінші Нұрбол Қалиев.

Абай облысында орман өртімен күресте қаза тапқан өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды, деп хабарлады turkystan.kz.

Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, қаза тапқан орманшылардың туыстары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты. Шарада батырлардың құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі де өткізілді.

Ескерткіштің авторы — мүсінші Нұрбол Қалиев. Гранит тұғырға орнатылған сегіз метрлік ескерткіш тілсіз жауға қарсы тұрған «Семей Орманы» резерватының батыл орманшыларының рухына тағзым іспеттес.  Қоладан жасалған ескерткіш қаза тапқандардың батылдығы мен өз істеріне деген адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген.

Ескерткіштің ашылуында сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев жерлестеріміздің ерлік даңқы өшпейтіндігін ерекше атап өтті.