Тайқазан

Жыланның басына неге ақ құйып шығарады?

istockphoto.com

Қазақ ырымында үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығару дәстүрі бар.

Бірақ осы дәстүрдің қайдан шыққанын, қандай мағынасы бар екенін біле бермейміз. Оны «Отбасы хрестоматиясы. Салт-дәстүр сөйлейді» кітабында төмендегідей түсіндіреді. Әпсананы толықтай назарларыңызға ұсынамыз.

Ертеде бір кемпірдің жалғыз сиыры болған екен. Ол сиырын сауып, сүтін базарға сатып күнелтіпті. Бір күні кемпірдің сауған сүті азая беріпті. Кемпір мұнын себебін еш біле алмайды. Бір күні әдеттегідей сүтін сауып үйіне әкеледі де, сиырды өріске қосу үшін сыртқа шығып кетеді. Молда бір затын ұмытып кеткені есіне түсіп, қайтып айналып келсе, сүтін жыландар ішіп жатыр екен. Кемпір шошып кетеді. Бірақ олардың сүтті сүйсініп ішкеніне карап тұрып, мейірімі оянады. Шелектін іші терен болғандықтан, кішкене жыландар сүтті іше алмай қиналып жатыр екен. Ертесіне сүтін кішкене ыдысқа құйып, жыландардын ініне апарып қояды. Кешке ыдысын алуға барса, ішінде екі ділдә алтын жатады. Кемпір теңгелерді үйіне әкеліп сақтай береді. Біраз күн өткеннен кейін, алтын ақшасына үш бұзаулы сиыр сатып алады. Жаман лашығы түзеліп, үйіне жасау-жабдық, жиһаздар ала бастайды. Бір күні кемпірдің алтын тасып жүргенін көршісі көріп, ханға айтып барады. Хан жендеттерімен сау етіп жетіп келеді. Кемпірден:

– Алтынды қайдан алып жүрсің, айт. Әйтпесе, өлтіремін, - деп қорқытады. Кемпір шынын айтады. Хан нөкерлерін ертіп, жыланның ұясын қаза бастайды. Бірақ қанша терең қазса да, алтынды таппапты. Хан ызаланып, қазылған шұнқырға өзі түсіп қазады. Бір кезде күрегі қатты затқа тиеді. Қараса, сандық екен. Алтын екен деп, қуанып кетеді. Сандықты ашқанда, ішінен қаптаған жылан шығады. Олар ханды шағып өлтіреді. Нөкерлері бұл жайтты көріп қорқып кетеді. Ханның бір ақылды уәзірі бар екен. Ол:

– Жылан да жақсылықты біледі. Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады. Басына ақ құйсаң, алтынды өзі-ақ әкеліп беретін еді. Осынша қазған шұңқыр енді көріне айналсын, депті де, ханды көміп тастапты.

Содан бастап ел арасында «үйіне кірген жыланға ақ құй, алтын береді» деген түсінік қалыпты. Себебі табиғатында жылан алтын бар жерде мекен етеді екен. Бойындағы суық денесін алтынның буына жылытып өмір сүреді деседі.

Қазақ ырымында үйге кірген жыланды басына ақ құйып, шығарарда мынадай «жылан арбау» дұғасын айтып тұру керек дейді.

Кер-кер-кер жылан,

Кердендемей кел, жылан,

Кереге басты кер жылан,

Артымнан шық ер, жылан.

Бір жылан бар сұм жылан,

Бір жылан бар сұр жылан,

Бір жылан бар ту жылан,

Бір жылан бар қу жылан,

Бір жылан бар у жылан,

Бір жылан бар су жылан.

Кұралай таудың басынан

Қуып келген бір жылан.

Пайғамбардың демінен

Дегедек келді шық, жылан.

Ак тамыздым басына,

Ақ шүберек жайдым астына,

Амандық тіледім басына,

Ирелендемей шық, жылан,

Кертпейін де тиіспейін,

Арбап сені кеткізем.

Кереге басты кер жылан,

Кердендемей кет, жылан,

Сүйегі жоқ ет жылан,

Арбауыма құрмет ет,

Мақтауың жетті кет, жылан!

Аныз-әпсаналарда жыланға жүз жыл адамның көзі түспесе, ол айдаһарға айналады деседі. Егер адамның көзі екі жүз жыл түспесе, жыланның маңдайы екі еліге қалыңдап, әртүрлі бейнеге айнала алады екен. Адамды алдап, ауылға келіп, ешкім сезбесе, кешікпей бір тайпа елді жұтып қоюы кәдік деседі.