Жаңалықтар

Халықтың таңдауы көкейдегі күдікті сейілтті – қоғам қайраткері

istockphoto.com

Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттің, халықтың болашағына қатысты ең өзекті деген мәселелер бойынша референдум өткізу дәстүрі қалыптасқан.

Қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов бұны қуанарлық құбылыс дейді. Себебі ел өзінің ой-пікірін ортаға салып, таңдауын жасап отыр.

«Атом-электр стансасын салуға қатысты қазақстандықтардың да ой-пікірінің таразы басына тартылуы, олардың еркін таңдау жасауына мүмкіндік берілуі қуанарлық құбылыс. Сайып келгенде, бұл қадам Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асып жатқанының, еліміздің демократиялық дамуының жаңа белеске көтерілгенінің айқын көрінісі.

Аса маңызды саяси науқан барысында сауалнамалар жүргізген  қоғамдық ұйымдар алғашқы нәтижелерді жариялай бастады. Мәселен, Қоғамдық саясат институтының өкілдерімен  44 160 азамат ой бөліскен. Олардың 72,3 пайызы Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісетінін білдірген. Меніңше, бұл өте жоғары көрсеткіш. Оның астарына тереңірек үңілсек, бұдан халқымыздың ел өміріне қатысты көкейкесті мәселелерді талқылауға деген ынтасы  артып, ынтымақ-бірлігі нығая түсуде деп ой түюге болады», - деп жазды ол.

 Оның айтуынша халықтың таңдауы көкейдегі күдікті сейілтті. Тағы бір сыннан сүрінбей өттік. Ендігі мәселе – АЭС құрылысымен кім айналысатыны.

«Жасыратыны жоқ, осы мәселе алғаш көтерілген кездері біздің де көңілімізге үміт пен күдік қатар ұялаған еді. Енді міне, халықтың таңдауы сол күдігімізді сейілтіп отыр. Әрине бұл орайда әлі де ақылдасатын мәселелер бар. Айталық, оның құрылысымен кім айналысады? Дауыс бергеннен кейін журналистермен кездескен Қасым-Жомарт Кемелұлы оның да жауабын берді, Үкімет алдағы уақытта бұл мәселені саралап, шешім шығаруға,   Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуге тиіс.

Тағы бір сыннан сүрінбей өттік. Халқымыз дұрыс таңдау жасады. Өйткені ертеңгі күнді бүгін ойлағанымыз дұрыс. Осы сала  мамандарының айтуынша, мұндай қадамның экономикалық тиімділігі зор. АЭС елімізді тұрақты әрі ұзақ мерзімді энергия көзімен қамтамасыз етіп қана қоймайды, сол арқылы экологиялық ең таза әрі қауіпсіз өнімге қол жеткіземіз», - дейді ол.