АҚШ елшісі отандастарына Қазақстанның қайда орналасқанын түсіндіруден шаршаған
АҚШ елшісі отандастарына Қазақстанның қайда орналасқанын түсіндіруден шаршаған
Бүгін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесті. Басқосу барысында елші өз отандастарына Қазақстанның қай жерде орналасқанын түсіндіруден шаршағанын айтты деп хабарлайды КазТАГ. «Қазақстанға келетін америкалықтардың санын арттыру үшін елші ретінде қолымнан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Шынымды айтсам, АҚШ-қа барған сайын сіздердің мемлекеттеріңіздің қайда орналасқанын түсіндіруден шаршадым. Бірақ америкалықтар ешқашан географиядан мықты болмаған», – деді Джордж Крол. Елші АҚШ пен Қазақстанның арасындағы байланыстарды нығайтуға қарапайым азаматтардың қосып жүрген үлесі мол екенін атап өтті. «Үкіметтің араласуынсыз-ақ екі мемлекеттің арасындағы ынтымақ жылдан-жылға артып келеді. АҚШ-қа келетін қазақстандықтардың саны өсті. Екі елдің Үкіметтері, оқу орындары мен қарапайым тұрғындары арасындағы байланыстар достығымызды бекіте түсері сөзсіз. Қазақстанға келетін әрбір америкалық – АҚШ-тің елшісі, ал Америкаға баратын әр қазақстандық – Қазақстанның елшісі», – деді Д.Крол.