Жаңалықтар

Халықтың басым бөлігі референдумға белсене қатысуда – Нұртөре Жүсіп

Бүгін - бүкілхалықтық референдум. Ел ертеңіне қатысты аса маңызды шешім қабылданатын күн.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бұл шараға халықтың белсене қатысып жатқанын айтады.

«Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2024 жылғы 6 қазандағы сағат 14.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 51,77%-і бюллетень алған екен. Бұл көрсеткіштен не ұғуға болады? “Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 31 – бабы 2 – тармағына сәйкес егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады. Демек халықтың басым бөлігі референдумға белсене қатысуда. Республика азаматтары учаскелерге барып, өздерінің конституциялық құқығын білдіріп жатыр. Еліміздегі соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың үлкен нәтижесі осындай маңызды шешімдер қабылдау кезінде айқын көрінеді», - дейді депутат.