Жаңалықтар

Қонаев қаласының тұрғындары белсенді түрде дауыс беріп жатыр – бақылаушы

Бақылаушылар референдумда дауыс беру тәртібін қадағалап, процеске елеулі үлес қосып жатыр. Қонаев қаласы, №939 учаскеде «Аmanat» партиясының атынан бақылаушы болып отырған Динара Досимбекова учаскедегі қазіргі жағдай туралы айтып берді.

Бақылаушының сөзінше, дауыс беру процесі белсенді жүріп жатыр.

Мен Қонаев қаласындағы №939 сайлау учаскесінде "AMANAT" партиясы қоғамдық бірлестігінен байқаушы болып отырмын. Жанымда басқа қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары отыр, олар: «Жастар үні» РҚБ, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» қоғамдық бірлестігі, «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінен келген. Бүгінгі референдум ашық, әділ өтуін бақылап отырмыз. Дауыс беру процесі белсенді жүріп жатыр. Учаскеде 2 170 адам дауыс беруші тізімінде тұр, қазір олардың 901-і дауыс берді, – дейді ол.

Динара Досимбекова қала ақсақалдары мен этно-мәдени орталықтарының ұлттық киімде келіп дауыс беруі өте әсерлі болғанын айтады.

Мені қызықтырғаны қаламыздың ақсақалдары мен этно-мәдени орталықтарының ұлттық киімде келіп дауыс беруі болды. Ол кісілер өздерінің киімдері арқылы жас буынға патриотизм мен қоса, тәрбиелік мәнге де көңіл бөлуі деп санаймын. Сағат 7:00-де алғашқы дауыс берушілерге естелік сыйлықтар табысталды. Халықтың көңіл-күйлері көтеріңкі, ел болашағы үшін жауапкершіліктерін сезініп, дауыс беруге белсене қатысуда. Мен, елімнің патриоты ретінде осындай маңызды науқанға байқаушы ретінде қатысып отырғаныма қуаныштымын, – дейді бақылаушы.