Жаңалықтар

"Ел тағдыры – менің тағдырым, балаларымның, халқымның тағдыры": драматург Нұрлан Оразалин референдумда дауыс берді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, драматург Нұрлан Оразалин Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өткен референдумға қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Нұрлан Оразалин №125 мектепте орналасқан №301 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Мен Қазақстан азаматы ретінде конституциялық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Өйткені ел тағдыры – менің тағдырым, балаларымның, халқымның тағдыры! Бүгін біз үшін тарихи күн. Бұл референдум – демократиялық құндылықтың көрсеткіші. Қазіргі таңда бізге көптеген мүмкіндік ұсынылып отыр. Біздің елімізді бүкіл әлем бақылап отыр, сондықтан қазақстандықтар бірлік танытып, конституциялық құқығын дұрыс пайдалануы керек деп санаймын, – деді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр.

Қалада барлығы 624 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Алматылықтар өз сайлау учаскесіне барып, сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.