Жаңалықтар

Дауыс берушілердің көңіл-күйі көтеріңкі – бақылаушы

Бүгінгі референдум барысын бақылау, заңсыздықтарға жол бермеу үшін еліміздегі барлық сайлау учаскелеріне бақылаушылар тартылған.

Осы орайда біз Ақмола облысы, Көкшетау, Громова көшесі 21, «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы” РММ ғимаратында орналасқан №773 учаскесінде бақылаушы болған Тұранова Раушан Сәлімқызымен байланысып, пікірін білген едік.

«№773 учаскеге «АMANAT» партиясының атынан байқаушы болып тіркелдім. Бұл мекемеде учаске алғаш рет ашылған екен, дауыс беру алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Референдумға дайындық өте жоғары деңгейде. Баннер, урна, кабинкалар, байқаушыларға арналған орындықтар түгел қойылған. Таңғы алты болмай осында келдім. Алтыдан бастап тіркелдік. Мен келгенде комиссия мүшелері толық дайын отыр екен. Біз бюллетендерді алып, комиссия мүшелеріне тараттық. Сағат жетіден бастап бірінші дауыс берушілер келе бастады. Халық белсенді дауыс беріп жатыр. Дауыс берушілердің де, комиссия мүшелерінің де көңіл-күйі көтеріңкі. Ешқандай заң бұзушылық байқалмайды», - дейді ол.

Раушан Сәлімқызы – Ақмола облысы Іскер әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі, Ақмола облысы Әйелдер күші Альянсы төрайымының орынбасары, Qolqanat әлеуметтік жобаның негізін қалаушысы, «АMANAT» партиясының Ақмола өңірі бойынша филиалының жанындағы Әйелдер қанатының III басым бағыты: “Инклюзивті қоғамның дамуына жәрдемдесу” кураторы.