T-LIFE

Демалыс уақытында жұмыстан түсетін қоңыраулар мен хабарламалар күйзеліске апарып соғады – зерттеу

сурет: istockphoto.com

Жұма кеші. Сіз бір апта бойы тынымсыз жұмыс істегеннен кейін демалуды жоспарлап, Netflix-тегі жаңа драманы көруге дайындалып отырсыз. Кенеттен телефоныңыз шыр етіп, "шұғыл" деген белгісі бар жұмыс хаты келеді. Жүрегіңіз дүрсілдеп, қобалжып кеттіңіз. Хатқа бірден жауап бермесеңіз де, оның әсері сезіледі – жұмыс қайтадан жеке өміріңізге килігуде.

Жұмысты үйге "ертіп келу" тиімді әрі өнімді жұмыс істеудің кілті сияқты көрінуі мүмкін. Алайда үнемі байланыста болудың қызметкерлер мен жұмыс берушілер үшін де жағымсыз салдары көп.

Зерттеу нәтижелері жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін байланыста болу мен қызметкерлердің жұмыстан зорығуы арасындағы қауіпті байланыс барын көрсетті. Жұмыс уақытынан тыс кезде хаттарға жауап беру өнімділіктің төмендеуімен, жұмыс берушілерді жақтырмау сияқты жағымсыз салдарға ұласады екен.

АҚШ-та түрлі салада толық жұмыс күні режимінде еңбек ететін 315 қызметкерге жүргізілген сауалнама нәтижелері "ресурстарды сақтау теориясына" сүйенеді. Бұл теория жұмыс уақыты аяқталғаннан кейінгі байланыс қызметкерлердің психологиялық және эмоционалдық ресурстарын сарқып, шаршататынын түсіндіреді.

Яғни, шамадан тыс жұмыс – жұмыс сапасына кері әсер ететін фактор.

Зерттеу нәтижелері жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы шекараны қорғаудың маңызды екенін растайды. Жұмыс уақытынан тыс жіберілген хаттарға жауап беру ұзақ мерзімді перспективада еңбек өнімділігін төмендетіп, жұмыс орнындағы атмосфераны нашарлатуы мүмкін.