Нобель сыйлығы кімге бұйырады?
Биылғы басты үміткерлер ішінде қытайлық, жапониялық, канадалық, аргентиналық және румыниялық жазушылардың есімі аталады.
Үміткерлердің көшін қытай текті, Америкада тұратын Сан Шуе (Цань Сюэ) бастап тұр. Өзіндік жаңа стилімен және сюрреалистік баяндау әдісімен танымал оның әңгімелері мен романдары Батыс әдебиетшілеріне талайдан бері таныс. Ол дәстүрлі баяндау әдісін қолданбай, авангардтық бағытты ұстанатын қаламгер. Франц Кафканы өзінің ұстазы санайтын, әдебиетті тек рухтың сөзі деп қарастыратын Сан Шуе абстракция мен магиялық дүниетанымның адам рухына әсерін қаузайды. Ол негізінен Қытай қоғамында болып жатқан жедел урбанизацияның мистикалық астарын шығармаларына арқау етеді. Жыл сайын үміткерлердің алдыңғы ондығында жүретін жапониялық танымал жазушы Харуки Мураками биыл да тізімнің бас жағында тұр. Магиялық реализм элементтері арқылы адамның экзистенциалистік болмысына үңілуді жөн санайтын қаламгердің әлемде миллиондаған оқырманы бар. Нобель сыйлығы оған бұйыра ма деген сұраққа, көптеген сарапшы «мүмкіндігі бар» деп жауап беріпті. «Канаданың әдеби титаны» Маргарет Этвуд (Margaret Eleanor Atwood ) – бәсі басым авторлардың бірі. Кейбір сарапшылар қытайлық Сан Шуе мен Маргарет Этвудты басты бәсекелестер деп атаған. Биылғы сыйлық екі автордың жекпе-жегі деп сипаттағандар да бар. Сан Шуе шығармаларында адам болмысының философиялық қырына терең үңілсе, Этвуд фантастикаға бейім өмір мен феминизмді өзінің негізгі тақырыбы етіп алған. Ол өз шығармаларында әлемдік теңдікті, гендерлік саясатты, экологиялық апаттар мен авторитарлы биліктің адамзат болашағына әсерін арқау етеді. Оның шығармалары бүгіннің сөзін айтуымен құнды. Өткір де маңызды тақырыптарды сырт айналмай, заманауи фантастиканы жеріне жеткізе жазатын автордың бағы жануы әбден мүмкін. Аргентиналық Сезар Айра (César Tomás Aira González) – «Абсурдтық әдебиеттің шебері» деген атаққа ие жазушы. Ол өз үйегіндегі оқырмандарға қысқа әңгімелерімен танымал. Оның «Мен қалай монах болдым» шығармасы абсурд пен ойнақы деконструкцияға мән беруімен құнды делінеді. Тіпті, оның шығармашылық қуатын Х.Борхес пен Г.Маркеспен бір қатарға қоятындар да бар. Адам санасының мағынасыз күйге толы және бір-бірімен бітеқайнаспайтын бөгделікке бейім екенін терең ашқан шығармалары оқырманын ойландырмай қоймайтынын айтушылар қатары мол. Ал румыниялық Мирча Картереску (Mircea Cărtărescu) болса, неопостмодернист жазушы ретінде аты мәлім. Ол өз шығармаларында адамның болмысын әлемнің жаратылысымен қатар қояды. Сол арқылы реал өмір мен фантастиканың аражігін жойып, адамизат әлемін елес пен түстің қоршауында тұрған қауқарсыз дүние деп қарайды. Бұлардан бөлек кениялық Нгуги Ва Тионго, канадалық ақын әрі эссеист Энн Карсонның да сыйлық алудан үміті зор. «Бұл қаламгердің қайсысы Нобель сыйлығын алса да, әдебиеттің бағы артады», – дейді сарапшылар.
Т.ӨСКЕНБАЙ