Башқұрт еліне сапар
Башқұрт фольклор мұрасының ішінде қазақтың толғау жанрына барынша жақын қобайыр халықтың әлеуметтік өмірінің айнасындай.
Арғы тарихқа бармай беріден қайтсақ, 17-19 қыркүйек күндері бұл қалада ТМД мемлекеттері шығармашылық және ғылыми интеллигенциясының ХVІІ форумы шымылдығын ашты. Біз осы шараға қатысушы ретінде келген едік. ХХ ғасырдың басында қазақтың маңдайына біткен ардақты тұлғаларының табаны тиген Уфаға бұл екінші рет келуім. Бұл қаланы алғаш рет 1985 жылдың сәуірінде өкпек жолаушы болып өткенде көріп едім. Ол кезде ҚазҰУ Филология факультетінің 3-курс студентімін. Ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлының жолдауымен группаласым Нұрайша Бекеева екеуіміз Қазан федералды университетінде өтетін түркітектес халықтар студенттерінің конференциясына қатысу мақсатында барар жолда Алматы – Челябинск – Қазан, қайтар жолда Қазан – Уфа – Алматы бағытымен сапарладық. Содан бері отыз тоғыз жыл өтіпті. Қайтар жолымызда Қазаннан шыққан ұшақ Уфа әуежайына таңда келіп қонған болатын. Кешке қарай Алматыға сапарлауымыз керек. Екі аралықтағы уақытты пайдаланып Уфа қаласындағы Ғалия медресесін көріп кетсек деп ойладық. Тұрсынбек Кәкішұлының ерекше ықыласты оқытуымен көңіліміз ауған бұл тарихи медресенің орнын көру жиырмаға жасымыз енді жетіп, арманшыл көңіл алып-ұшып тұрған біз үшін керемет бір сәт болар еді де. Амал не, көшеде көп адамнан сұрадық, ешкім білмеді. Тіпті, бір кездері осындай білім ошағы болғанын естімеген де. Салымыз суға кетіп, әуежайға оралғанбыз...
«Достастық жұлдыздары» жарқырады
Жә, бұл өткеннің әңгімесі. Бүгінгі әңгімеге келейік. Уфаның келесі дәмі бізді Кеңес империясының керегесі ыдырағалы отыз жылдан астам уақыт өтіп кеткенде тартыпты. Бұл шараға аттандырған Мәдениет және ақпарат министрлігіне, ұйымдастырып, біраз елдің аңызға айналып үлгерген тұлғаларымен жүздестіруге мұрындық болған ТМД ұйымына риза көңілмен жүрдік. «Өфө» деген жазудың сөзі бір жақындық пен жылылық самалын аңқытқандай әсерде болдық. Әуежайдан қарсы алып, қымыз ұсынған туыс елдің ықылас-пейілі ерекше. Ортасын Ақ өзен – Ақ Еділ жарып аққан қаланың күні ашық әрі жылы. Айнала жап-жасыл. Әр жерде сарғайып үлгерген теректер мен қайыңдар көрініп қалады. Форум қонақтары шұрқыраса табысып, күле қауышып жатқан жарқын сәттер күзді одан әрі жылыта түскендей. Форум бағдарламасында ашылу салтанаты, көрермен көңіліне төрлетер концерттер, заманауи өзекті тақырыпты қамтыған пікірталас алаңдары қамтылған. Форум аясында «Достастық жұлдыздары» сыйлығы көрнекті мәдениет қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловқа, бала күнімізде өзіміз мұз айдын бетіндегі өнерін көп тамашалаған спорт саңлағы ресейлік Ирина Роднинаға, тағы басқа өнер, спорт, ғылым саласындағы үздік деп танылған жандарға табысталды. «Достастық дебюттері» халықаралық сыйлығы да иесін тауып жатты. Мемлекетаралық «Достастықтың мәдени астанасы» бағдарламасының таныстырылымы қатысушылар назарына ұсынылды. Келесі, 2025 жылғы мәдени астана ретінде Әзербайжанның Лашын қаласы бекітілді. Бұл да бір көңілге шуақ шашқан жарқылы көп жарқын сәттер болды. Уфаның орталығында орналасқан Торотау (Төретау) атты конгресс-холл сарайында Башқұрт Республикасының басшысы сөз бастаған форумның ашылу салтанатында тізгін ұстағандардың бірі әйгілі Полат Бюльбюльоглымен дидарласудың өзі бір ғанибет. ТМД халықтары жас өнерпаздарының симфониялық оркестріне дирижерлік жасап өнер көрсеткен Бюльбюльоглылардың үшінші буын өкілі Муртузаның өнерін тамашалаудың өзі неге тұрады! Мәдениет пен ғылымның әр алуан өзекті мәселелерін арқау еткен пікірталас алаңындағы ортаға салынған мәселелер де бұл ортаға жиналған ғылым мен өнер адамдары үшін маңызды болды. Сандық трансформация дәуіріндегі ғылым мен білім, Достастық елдеріндегі шығармашыл жоғары оқу орындарының өзара байланысы және кино өнері, қоғам дамуының бір ресурсы ретіндегі волонтерлық, инклюзивті өнер түрлері туралы әр елден келген өкілдердің ой-пікірі мен ұсынысы форумның көрігін қыздырды.
Ғалия медресесі
Бекітілген бағдарламадан тыс біздің ойдағы бағдарламамызға Ғалия медерсесіне бару, ұлттық музейді көру, қалаға жақынырақ орналасқан тарихи, киелі мекендерге зиярат жасау да кіріп кеткен... Әуелі «Қанша ғасыр өтсе де тұғырым аласармайды, атымнан түспеймін» дегендей қалыптағы башқұрттың ұлттық батыры Салауат Юлаевтің биік төбедегі салтанатты ескерткішіне арнайы келіп тағзым еттік. Санада жаңғырған бағзы күндер азаттық жолындағы күрес алаңының бір көрінісін ескерткіш етіп қалдырып қойғандай. Уфа дегенде біздің ойымызға бірден Ғалия медресесі түсері заңдылық. ХХ ғасырдың басында қазақтың ардақты азаматтары білім алған Ғалия медресесі. Бұл тарихи ғимараттың орналасқан жері төрт жүз елу жылдық тарихы бар қаланың тарихи көшесінде екен. Қызыл кірпішпен өрілген екі қабатты ғимаратта еліне, елінің мәдениеті мен әдебиетіне қызмет еткен тарихи тұлғалар өмірінің маңызды кезеңі өткенін толқи тұрып еске алғандай болдық. Осы медресе қабырғасында қазақ жастарының «Садақ» қолжазба журналы шығып тұрған. Журналды шығарушылар – қазақ көркем прозасының негізін салушы, классик жазушы Бейімбет Майлин мен жазушы, драматург Жиенғали Тілепбергенұлы. Бейімбет Майлиннің қазақ классикалық прозасының басында тұрған «Шұғаның белгісі» повесі осы журналда жарияланған. Тарихи медресенің ғимаратының қалпын сақтауға башқұрт ағайындар барынша талпынған екен. Бір өкініштісі – ардақтыларымыздан қалған бір белгіні көрсек деген ойымыз құлазып қалғандай болды. Ғимарат ішін аралатып таныстырған Ресей Ислам университеті басшының көмекшісі «Ғалия медресесінде оқыған белгілі тұлғаларға қатысты тақталар жоқ па?» деп сұрағанымызда «Исламда суреттерді қоюға рұқсат етілмейді ғой», – деді. Ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Фотосуреттері болмаса да арнайы тақта ілініп, ақпарат берілсе жақсы еді деп ойладық. Ғимарат сыртында Ғалымжан Ибрагимовтың осында оқығаны, ұстаздық еткен жылдары жазылған арнайы тақта ілінген екен. Осы сияқты тақталар Бейімбет Майлинге, Жиенғали Тілепбергенұлына, «Садақ» журналына қатысты ақпараттармен қоса ілініп тұрса ғой деп армандадық.
Үңгірлер әлеміне саяхат
Туыс ел тарихынан көп мағлұмат алған орнымыз Уфа қаласындағы ұлттық музей болды. Музейдің төменгі қабатында Башқұрт даласындағы үңгірлердің макеті орналасқан. Арнайы ақпарат жазылған тақталар бұл өлкеде үңгірлердің өте көп екенін мағлұм етеді. Башқұрт даласының әсем табиғатына әр берген үңгірлер өзінің көне, тылсым, ерекше сипатты қалпымен туристердің назарын аударады екен. Музейдегі кәдімгі үңгірдің табиғи пішінімен жасалған көшірмесі ерекше әсерлі. Сәл кеңірек тоқталып өтсек, біздің Қоңыр әулие үңгірлері сияқты көнелігімен белгілі Шүлген-тас (Шульган-таш) үңгірі Ақ Еділ өзенінің бойында орналасқан. Ғалымдар үңгір қабырғасындағы сурет-таңбаларымен танымал бұл үңгірді палеолит дәуіріне тиесілі дейді. Тағы бір үңгір Кутук-Сумган деп аталады. Башқұрт жеріндегі ең терең, көлемді үңгірлердің бірі. Ямантау (Жамантау) мен Кибиз жоталары арасында орналасқан. Үңгір атауындағы «сумган» сөзі «сүңгу» мағынасын білдірсе, «кутук» сөзі «құдық» мағынасын береді екен. Үңгірдің құрылымы үш деңгейлі. Бұл үңгірдің тағы бір атауы «Жұмақ қақпасы». Бұл белгілі үңгірлердің көшірмесі келушілерді ерекше қызықтырады дейді музей қызметкерлері. Уфа қаласынан алпыс шақырымдай қашықтықта Шешме ауданының аумағындағы Торохан (Төрехан) кесенесінің қасында көшпелілер өркениетінің Еуразиялық музейі бой көтерген. Әзірге музей толық аяқталмаған. Форумға қатысушы Қазақстан делегациясы осы маңызды орынға барып, ел тарихымен таныстық. Төбе басындағы Төрехан кесенесі ХІV ғасыр ескерткіші екенін тарихшы, археолог ғалымдар дәйектеген екен. Төрехан мавзолейі немесе Батыр кесенесі – бұлғар-татарларға тән Алтын Орда дәуірінің ескерткіші. Ескерткіш ХХ ғасыр зерттеушілерінің еңбектерінде көбіне «кесене» деп аталады. «Кесене» атауының мәнін осы ескерткішті зерттеген археолог ғалым Гарун Юсупов «марқұмның жайы», «қабір», «әулет мазары» мағынасында түсіндіреді. Археологтар осы төбеде бірнеше адамның мүрдесі жатқанын анықтаған. Төреханның өзі кім болғаны туралы нақты дәлел, дәйектер жоқтың қасы. Шыңғыс ханның бір ұрпағы деген нұсқа бар. Бірақ анық емес. Кесенеге келушілердің қарасы көп екен. Әр сынып оқушыларын ерткен мұғалімдер қатары мол. Ұрпақты өткен тарихпен таныстыру, ел аумағындағы тарихи орындарды біліп, құрметтеуге баулудың бір жақсы көрінісіндей сезілді бізге. Төбе етегінде орналасқан музей ғимаратынан кесенеге дейінгі аралықта ағаштан арнайы жол төселген. Ағаш жолдың шетінде ел тарихына қатысты ақпарат берілген арнайы жазбалар қойылған. Төбедегі кесенеге жете бере құлпытасқа көзіміз түсті. Тоқай батыр ұлы Толохой бейдің эпитафиясы. Мерзімі 1665-96 жылдар. Яғни, ХVІ ғасырға тиесілі. Жалпы, өткенге құрмет-ілтипат осы Төрехан кешенінен айрықша байқалады. Музейдің алғашқы бөлігінде көне кітаптар, ескі жәдігерлер, сондай-ақ башқұрт халқын құрайтын ру-тайпалар шежіресі берілген. Уфа – Алматы, Баку, Ташкент қалалары сияқты өзіне тән әсемдігі бар ерекше қала. Өткен тарих пен бүгінгі күннің тынысы әсем үйлескен қаланың көшелерінде жылылық, мол шуақ салтанат құрып тұр. Жаз әлі де болса алыстай қоймаған сияқты. Өзіміз көрген, тамашалаған тарихи орындар мен ғимараттар, өнер туындылары және тамылжыған табиғат тамаша әсер қалдырды.
Су жылқысы – Ақбоз ат
«Түбім – түркі, түлігім – жылқы» деген мақал қазаққа ғана емес, башқұртқа да тән екеніне дау жоқ. Өйткені олардың эпостық жырларында да батырмен бірге жылқы малын дәріптеген мотивтер жетерлік. «Ақбозат» жыры осыған дәлел. Жалпы, Ақбоз ат башқұрт фольклорындағы және әдебиетіндегі ерекше символ деуге болады. Ол жай жылқы емес, қанатты ақ тұлпар деп суреттеледі. Башқұрттардың ең көне мұрасы саналатын «Орал-батыр» эпосындағы Ақбоз ат – батырдың жауға мінер тұлпары ғана емес, сенімді серігі ретінде кейіпкерге айналады. Біздің Қобыланды батырдың Тайбурылы, Ер Төстіктің Шалқұйрығы сияқты. Орал батыр Ақбоз атты Күн-Анадан туған қыз Хумайдан сыйға алған деп баян етіледі. Башқұрттардың байырғы танымында жылқы адамдарға көлден шығып келген деген әпсана бар. Қазірге дейін «Жылқы шыққан көл» деп көл Шулган-таш үңігірінен үш шақырымдай аралықта орналасқан. Ал үңгірдің қабырғасында көне палеолит дәуірінде бедерленген жылқының суреті бар... Башқұрттың көрнекті қаламгері Мұстай Кәрімнің «Ұзақ балалық шақ» («Долого-долгое детство») атты кітабында да башқұрттың ұлттық кодына айналған Ақбоз ат назардан тыс қалмайды. Бұл кітапта Мұстай Кәрім ел жадындағы әпсананы былайша келтіреді: « – Анау көкжиекті көрдің бе? – деп Қара Юмагул иегімен алысты нұсқады, – сол көкжиектен әрі Орал деген биік тау бар. Ол таудың шыңында ну орман бар, орманның ішінде дөңгеленген шалғын жер, ортасында дөңгеленген көл бар. Ол көлді айналасы жетпіс құлаштан артық, түбі мүлдем терең. Бұл көлде балық та, басқа тірі жәндік те жоқ. Тек алтын жалды, күміс табанды Ақбозат деген тұлпар бар. Ол тұлпар желмен жарысып, құс болып ұшады, арманыңды орындайды, өткен күніңді қайтарады, адаммен адамша тілдеседі, Құдаймен құпия сырласады. Міне, Ақбозат осындай тылсым қасиеті бар тұлпар. Түн мүлде қысқарып, жаңғақ ағашы гүлдегенде, жөке ағашынан бал тамып, шөп басы шырынға толғанда көлдің тұнығын қақ жарып, жалы шашырап Ақбозат шығады. Ақбозат таң атып, күннің көзі шыққанға дейін ешкімнен сескенбей шалғында жайылады. Кімде-кім тұлпардың мойнына жетпіс құлаш арқанды салса, ол тұлпарды сол иеленеді. Ондай іс тек бағы жанған ер жігіттің ғана қолынан келеді». Аңыз демекші... Башқұрт халқының жеті қыз туралы аңыз желісі ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ пен башқұрт тайпалары арасындағы қақтығысты баян етеді. Жеті қыздың мүсіні құйылған субұрқақ қаланың көрікті жерлерінің бірі. Жылқыларын ұрлаған башқұрт жігіттеріне ашуланған қазақ жауынгерлері жеті қызды тұтқынға алыпты. Тұтқыннан қашқан қыздар қуғыншылар жете бергенде көлге секіріп кетеді... Қазақ фольклорында да бұған ұқсас оқиғаларды арқау еткен аңыздар көптеп кездеседі. Жалпы, ел іргесіне жау тигенде қорғансыз нәзік жандардың намысын ту етіп, бастарын құрбандыққа тіккен оқиға түркі халықтарына ортақ. Жеті қыздың қайғысына себеп болған тек қазақ жауынгерлері емес, башқұрт жігіттері де. «Аттарын қатты қадірлеген қазақтар қатты ашуланды» делінеді аңызда. Қалай болғанда да оспадар іс, кек қайырмай тынбайтын дойырлық адам баласына жараспаса керек... Уфа сапары есте қаларлықтай естелік сыйлады. Ақбоз атты бағалап, Ақ Еділді жағалап қонған түбі бір жұрттың топырағында бәрімізге ортақ тарих жатқанын көзімізбен көріп, көкірегімізбен сезіп қайттық...
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ