Қарттарым, аман-сау жүрші!
1 қазан Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай Астананың орталық саябағында «Балалардан қартқа дейін» деген атпен концерт өтті.
Жиналған қонақтар патриоттық әндермен, халық билерімен және әскери оркестрдің керемет қойылымына тамсанды. Әсіресе, көрермендерге 2018 жылы «Үркер» тұрғын алабының әжелері құрған әуесқой ұжым – «Парасат» ансамблінің нөмірлері ерекше әсер сыйлады. Бағдарламаның сәніне айналған әжелердің әндері үлкен қошеметке ие болды. – Біздің ансамбльде ең жас әнші – 60 жаста, ең үлкені 80-нен асады. Мен өзім 70 жастамын. Біз үшін бұл жай ғана концерт емес. Бұл күн бізге шығармашылық пен қуанышқа адамның жас мөлшерінің ешқандай кедергі емес екенін көрсетті. Біз өз өнерімізді ортаға салып, қала тұрғындарына қуаныш сыйлағанымызға бақыттымыз, – деді «Парасат» ансамблінің жетекшісі Роза Елубаева. Бағдарламаны «Үркер» аула клубының жас таланттары, сондай-ақ №5573 әскери бөлімнің оркестрі толықтырды. Олардың үрмелі және ұрмалы аспаптармен орындаған патриоттық және халық әндерінің үйлесімді әуендері тыңдаушылардың жүрегін жаулап алды. – Қатаң формадағы офицерлердің бас және тенор дауыстары ерекше әсер қалдырды. Әскери оркестрден алғаш рет акапелланы естідім, – деп ойын жеткізді іс-шара қонағы Майра Досова. – Мен атаммен бірге концертке арнайы келдім. Атамның құрдастарының шығармашылық белсенділігі бізді қатты таңғалдырды. Сондай-ақ біз Нұра ауданында жұмыс істейтін зейнеткерлердің демалыс орталықтары туралы білдік. Атам спортпен, шығармашылықпен айналысуы үшін оларға міндетті түрде жазыламыз, – деді Астана қаласының тұрғыны Нұрилла Айдосова. Нұра ауданындағы мерекелік іс-шаралар мұнымен аяқталмады. Халықаралық қарттар күніне орай қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Басқарушы компаниялармен бірлесіп тұрғын үй кешендерінің аулаларында шай кештері өтті, ал мұқтаж зейнеткерлерге азық-түлік тегін таратылды. Халықаралық қарттар күні – бұл аға буынды құрметтеудің маңыздылығын және олардың қоғамға қосқан баға жетпес үлесін еске түсіретін мереке. Мереке қарттардың қоғамдағы орны мен рөлін атап өтуге, жастарға оларды құрметтеуге және қамқорлық көрсетуге шақырады. Елімізде бұл күнді тойлау барысында қарт адамдарға құрмет көрсетіледі. Жыл сайын мереке аясында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, концерттер, көрмелер, театрлық қойылымдар секілді мәдени шаралар, қарттарға арналған арнайы бағдарламалар мен акциялар ұйымдастырылып, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мысалы, осы күні зейнеткерлерге тегін медициналық қызмет көрсетіледі, азық-түлік таратылады. Сонымен қатар көптеген қазақстандық отбасымен бірге қарт туыстарының жағдайын біліп, оларға сыйлықтар береді және жылы лебіздерін білдіреді. Соңғы жылдары қарт адамдарға арналған тренингтер, мастер-класстар өткізіліп, олардың белсенді өмір сүруі үшін жаңа білімдер беріліп жатыр. Ең маңыздысы, мектептер мен университеттерде, қоғамдық ұйымдарда жастар мен қарттар арасындағы диалог алаңдары қалыптасып келеді. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың тамаша мүмкіндігі.
А.Бимендиева