T-Newspaper

Ақұштап Бақтыгереева: Фариза туралы тек шындықты жаздым...

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереевамен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме ауаны ел мен жер тағдыры, қоғамдағы түйткілді мәселелер, әдебиет майданындағы жайттар туралы өрбіді.

Ойын бүкпесіз айтатын, қазақ қыздарының тағдырына алаңдап, «тәрбиенің тал бесіктен басталатынын» үнемі қаперде ұстау қажеттігін айтудан жалықпайтын, поэзияға өз үнімен келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереевамен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Әңгіме ауаны ел мен жер тағдыры, қоғамдағы түйткілді мәселелер, әдебиет майданындағы жайттар туралы өрбіді. 

Оралда жалғыз қазақ мектебі ғана бар еді

– Ақұштап апай, мектеп бітіре сала Алматыға келіп, осы қалада білім ал­дыңыз, отбасын құрдыңыз, ақын бо­лып танылдыңыз. Сосын қырық екі жыл тұрған соң туған жеріңізге орал­дыңыз. Енді арада 20 жылдан аса уа­қыт өткенде әдеби ортамен қайта қауы­шып жатырсыз. Ылғи елмен ара­ласып, жұртпен жүздесіп жүрген адам­сыз ғой, көпшіліктің тек күн­кө­ріс­ті ойлап, рухани әлемнен жы­рақ­та­ған кезінде сананың лайлануы, ақ­шаны Құдай еткен қоғамның кесірі сіз­ге қалай әсер етеді? Адамы бетімен ке­тіп, ұяттың пердесін жыртып тас­та­ғандар көбейген заманда ұрпақтың бо­лашағы туралы не айтуға болады?

– Иә, Алматыдан Оралға кетіп, одан қай­та оралғанша жиырма екі жыл уақыт өтіп кетіпті. Жалпы, менің өмірім әдебиетті қа­дағалап отырғандарға таныс қой. Алатау баурайындағы әсем шаһарда аға­­­лардың алқауымен ақын қыз атанған шақ өткен ғасыр еді. Одан соң «Қайта құру» де­ген кезең басталды, көп ұзамай тәуел­сіздікке қол жетті. Осының бәрін бастан өткізіп, 2000 жылы Ақ Жайыққа қоныс ау­дардым. Өйткені сонау Ресейдің ірге­сін­д­егі облыста егемендікке қол жеткізгенге дейін жалғыз қазақ мектебі қалды, Орал қа­ласында домбыраның үні естіле бер­мей­тін болды. Тіпті, Орал театрының сахна­сына Құрманғазы оркестрі концерт қойған жоқ, тек ауылдарға барып кетті демесек. Міне, сондай кезде мені Батыс Қазақстан об­­­лысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаев елге шақырды: «Сіздің қазір туған жеріңізге қажетіңіз көбірек қой» деп. Мен ол жерге қазақтың мұңын мұңдап, жо­ғын жоқтайтын біреудің керегін тү­сін­дім. Содан Қадыр Мырза Әли аға екеуміз Орал­ға барып тұрдық, ол кісі барып-келіп тұр­ғанмен отбасы көшпеді. Мен қоныс ау­­­дардым, жұбайым атыраулық. Ол кісі бә­рін түсінді, «барсақ барайық, елге бір пай­дамыз тиер» деп мені қолдады. Одан бері ширек ғасырға шамалас уақыт өтіпті, қа­зір тәубә деймін, тәуелсіздіктің арқа­сын­да Орал қаласында 50-ге жуық қазақ мек­те­бі ашылды. Елімнің жас ұрпағы ана ті­лін­де білім алып жатыр. Ол біз үшін үлкен же­тістік болды. Сонда мен елде болған әр жылы 2, кей жылдары 3 қазақ мектебі ашы­лып тұрыпты. Соған қарап шүкіршілік ай­тып, соның ішінде менің де үлесім бол­ды-ау деп марқайып, Алматыға қайта орал­дым. Өйткені бұл – менің әдеби ортам, са­­­­ғынатын ортам. Қатарым азайып қал­ға­ны­мен, әлі де көзкөргендерім бар, ізімізден еріп келе жатқан сыйласатын бауыр­лары­мыз бар, қалған ғұмырды солармен бірге өт­кізейін деп шештім. Оның үстіне бала­ла­рым, немерелерім, шөберелерім осы шаһар­да туған, солардың қасында болайын деп шештім. Әрине, өтпелі сәт қоғамның өмірінде ізін қалдырмай тұрмайды, ақша қуғандар, өмірінің бар мәнін байлықпен байла­ныс­ты­ратындарға руханиятты сақтау басы ар­тық нәрседей көрінуі мүмкін, алайда шү­кір-тәубесі бүтін, қарын қамынан жан қа­лауын, адамгершілікті артық қоятындар ғана елді алға сүйрейтінін естен шығарма­сақ деймін.  Бізді тәрбиелеп жеткізгендер аштықты, реп­рессияны, соғысты көрген буын еді. Біз сәл еркіндеу заманда өстік. Енді нарық за­ма­нының ұрпағы қоғам құрып жатыр. Бір­ақ еліміздің геосаяси жағдайы естен шық­пауы керек. Алып территорияда онсыз да шашырай қоныстанған елдің іргесі берік болмаса қиын. Анау Жайықта Ресеймен ше­­­карада тұрған ауылдардың тұрғындары жап­пай қалаға көшіп, орны бос қалып жа­тыр. Бос қалған жерге сырттағылар көз аларт­пай тұра ма? Оралға Атырау, Ақтөбе 500 шақырымдай қашықтықта тұрса, Ре­сей­дің Самарасы 200 шақырымдай ғана жер­де тұр. Қазақтар ауырса емделуге Ре­сей­ге барады, ал арзан азық-түлік үшін ре­сей­лік­тер Қазақстанға келеді. Сондықтан ше­ка­рада отырған елдің жағдайын мем­ле­кет қатты қадағалауы керек.  Қазіргі қазақ қатты өзгеріп кеткендей. Ел­дік мәселеге уайым шегетін, басын ауыр­та­тындар аз сияқты көрінеді. Елдің бәрі өзін тоймен алдарқатып жүргендей. 30 жыл­да елдің байлығының талан-таражға тү­сіп кеткені ашылып жатыр, рәсуә болған ол байлық қазаққа қайтып келе қоймас, бір­ақ бәріміз ұрпақ қамын, болашақты ойлауымыз керек. Жер асты байлығы да шексіз нәрсе емес...

Жат жұртпен құдандалы болуға қымсынбайтын болдық

– Иә, елдің жағдайы ақынды ой­лан­дыратын анық қой. Дегенмен қай кезде де қоғамға ақын сөзі әсер етпей тұр­майды. Бір кезде сіздің: «Болмау ке­рек сүюдің жолы жаңа, Қыз үлесі қа­шанда болу Ана. «Жаным» деген жі­гіт­ті жек көрмеңдер, Өзі сүю қыз­дар­дың соры ғана» деген жырыңызды Құ­ран сөзіндей жаттаған қыздар өлең­де айтылған ойды өнеге тұтатын. Мүм­кін, бұл шумақ кезінде талай қыздың ба­ғының ашылуына себепкер де бол­ған шығар. Ал қазір «жаным деген ж­і­гіт­ті жек көрмей», өзге елдің аза­мат­тарымен қол ұстасып кетіп жатқан қыз­дар аз емес. Бұл жағдайдың ұлттың абы­рой-беделіне, өсіп-өнуіне, ұрпақ тәр­биесіне қандай да бір тигізер зия­ны бар ма?

– Айтып отырғаныңның жаны бар, ке­­зінде менің әлгі өлеңім жастар арасында та­нымал болды, қыздар жатқа оқитын. Ел ара­лағанда шығармашылығыммен таныс қыз­дар кездесіп, сырын айтып жататын. Сіз­дің сол өлеңіңізді оқып, дұрыстығына кө­зі­міз жетті дегендер жиі кездесетін. Мен қа­зақ қыздары, қазақ анасы туралы көп жаз­ған ақынның бірі шығармын деп ой­лаймын. Сондықтан көп өлеңдерімнің қыз­­­­дарымыздың жүрегіне жеткеніне ри­за­мын. Әлгі сен келтіріп отырған шумақ ме­нің өмірде көзім жеткен нәрсе шығар не­месе қыздарымыз бақытты болса екен де­ген ойдан туған ақындық сырым шығар, қай­тсе де оның қыздарымыздың кәдесіне жа­рағанына көзім жетеді.  Қазіргі ұрпақ – «не істесем де өзім бі­лем» дейтін ұрпақ. Бәрі демейін, көбі солай. Олар «қазір заман басқа, еркіндік заманы» дейді. Мен айтар едім, қай ғасырда да әйел затының еркіндігі – ойланатын нәрсе. Ер­кін­сің – білім алуда, қызмет атқаруда, ер­кін­­сің – қалаған жұмысыңды істеуде, ойың­ды айтуда. Ғалым боласың ба, бастық бо­ла­сың ба – ешкім кедергі жасамайды. Ал бір­ақ бесік тербеуге келгенде, мойыныңдағы әйел­дік парыз, тұрмыстың қамытын кию – қай ғасырда да бар әйелге ортақ нәрсе, сен одан құтылмайсың. Егер сен ана болып ұл­тыңның баласын өсіргің келсе, егер сол ұлт­тың тәрбиешісі болғың келсе, кейбір нәр­сеге ойланып қарауың керек. Қай ға­сыр­да өмір сүрсе де, тіпті, матриархат қай­тып келсе де, біздің ұлттың қыздары ой­лануы керек. Ері күйеу бола білсе, әйел сүйеу болуы керек. Құс екеш құс та ұясында жұмыртқасын шайқап жатқанда, жұбы тап­қанын аузына тістеп, жем тасымай ма? Отбасы деген сондай гармония. Біз қазір балаларымызды бақылай ал­­май жатырмыз ғой, өзіне қол са­лып жатқандардың ішінде мектеп оқу­шылары кездесіп жатса, ол ненің белгісі? Ең алдымен үйдегі тәрбиенің осалдығы, ата-ана назарынан тыс қалғандық. Әкесі отбасын асырап, анасы балаларына қараса, кіп-кішкентай қыздар жоғарғы қабаттан құламайды ғой. Анасымен сырласқан, анасын сыйлаған қыз анасы сияқты болып бой жетпей ме?  Мұндай мәселелерге ылғи ойымды ашық айтып жүрмін ғой, кейбіреулер ақыл айта береді дейтін шығар. Жоқ, бұл ақыл айту емес, бұл – менің борышым. Себебі мен үш қызды тәрбиелеп өсірген анамын. Мы­на заманда бала тәрбиелеу оңай емес, сон­дықтан көзім жеткенді айтамын.  Қыздар университетінде мыңдаған қыз­бен бірге оқыдым. Көп жайды көрдім. Көп жайды ойға тоқыдым. Өзі ұнатып ти­ген күйеу басынан таяқ айырмай өмірі то­зақ болғандарды көргем, сондай-ақ өзін ұнат­қанға тиіп, күйеуі бар еркелігін, қиқар мі­незін көтеріп, берік отбасы болғандарды білемін.  Біреулерге жақпауы мүмкін, бірақ сонда да ашығын айтқым келіп отыр: бұрын қы­зы жатқа кетсе өзін қоярға жер таба ал­май­тын қазақ бүгінде жат жұртпен құдандалы болуға қымсынбайтын болды. Әрине, бір себептері бар шығар, бірақ «қызым түрікке тиді, күйеу балам керемет» деп дастарқан ба­сында мақтанып отыратын әйелдерді көр­генде не деріңді білмейсің. Өзгеге қыз беру сонша мақтаныш па, үлгі-өнеге қыла­тын нәрсе ме? Жатқа кеткен қыз қазақ ұл­тына ұрпақ қоспайды. Ағылшынға тисе ағыл­шынның, неміске тисе немістің, орыс­қа тисе орыстың, түрікке тисе түріктің ба­­­­­ласын өсіріп тәрбиелейді. Ондай қыз қа­зақ үшін жарылып қалған бір жұмыртқа. Қыз­дың жатқа кетуі – ата-баба өсиетіне адал болмау, ұлтының алдындағы боры­шың­ның өтелмеуі. 

– Жасыратын несі бар, шетелдікпен бас қосып, қарым-қатынасы жарас­пай, балаларын ертіп қайтып келіп жат­қандар да бар. Ал солардың ара­сын­да балаларын қазақша тәрбиелеп, қазақ қатарына қосамын дейтіндер бар...

– Мына еврейлер мықты ғой. Олар осы мә­селені де назардан тыс қалдырмаған. Ганс Христиан Андерсен деген жазушының «Ұсқынсыз үйрек» шығармасы бар ғой, сонда үйрек басып шығарған аққудың ба­лапаны көрген қорлықтарды баяндайды. Бәрі оны ұсқынсыз деп жек көреді. Ақыры, ол тектестеріне – аққуларға қосылған соң ға­на бар азап-мазақтан құтылады. Бала­лар­ға арналған әңгіме болғанымен, астары қа­лың туынды. Ұлттық бірегейлік дегеннің не екенін ұғындырады. Расында, тегі бөтен, болмысы басқа елдің перзенті өзгеге қалай сіңісіп кетеді? Сырты ұқсағанымен, іші бөлек, ішінен жақын тартқанымен, ұсқыны бөлек, бадырайып көрініп тұрады. Сөйтіп, бөтендіктің зардабын тартады. Ұлтты шығарған біз емес қой, Құдай со­лай әр халықты әртүрлі қылып жаратты. Тілін, түрін өзгеше қылды. Ендеше, әркім өз ортасында туып-өскені, өркендегені дұ­рыс емес пе? Дамудың ең үлкені ұлттық дең­­гей десек, қазір оны да жоққа шығар­ғы­сы келетіндер шықты. Әрине, адамның бәрі бірдей, жалпы жаратылыс ортақ, де­ген­мен оның өскен ортасы, тілі, салт-дәс­түрі, өмір салты деген бар. Ол – ұлттың ко­ды. Сондықтан қазақ халқы баласын қа­зақ қылғысы келсе, оның ата-анасы өз хал­қының қанынан жаралуы қажет екені ес­тен шықпауы керек.

Қазақ қыздарына үлгі көрсеткім келді

– Енді шығармашылығыңыз тура­лы әңгімелесейік: Өмірден көрген-біл­ге­ніңіз, ойға түйгеніңіз көп қаламгер­сіз, сондықтан әдеби орта, ондағы қа­ламгерлердің адамгершілік-шығар­ма­шылық болмысы туралы айтарыңыз мол. «Менің Фаризам» кітабыңыз – со­ның бір дәлелі. Дегенмен ол кітапты оқырмандардың қабылдауы әртүрлі бол­ды, біреулер шынайы жазылған десе, біреулер асыра айтылған деп жат­ты. Оның себебі неде? Жалпы, мем­уар, естелік кітаптардың бәрі жұрт­тың көңі­лінен шығуға тиіс пе? Естелік жаз­ған адам өзі білген шындықтарды ашып айтуы дұрыс па, әлде кітап кейіп­кері мен авторының арасындағы кей­бір субъективті жайлар туралы үнде­мегені жөн бе?

– Біздің қазақ әдебиетінде толыққанды ме­муар жазу әлі дамыған жоқ дер едім. Өзге әдебиеттердің көбінде бұл бар. Онда қа­лам­гер өз ортасы, қаламдастары туралы өзі біл­ген шындықты боямасыз ашық жазады. Оның бәрі келесі ұрпаққа сабақ болуы үшін жа­зылады. Мысалы, біз орыс әдебиетінде үл­кен тұлғалардың өмірі мен шығарма­шы­лы­ғы туралы жазылған көп кітапты оқы­дық қой, бәрінде болған жайлар еш бояма­сыз анық жазылған. Ал біздің әдебиетте бірен-саран болмаса, ондай кітаптар мүлде аз. Өйткені қазақта біреудің кемшілігін ай­туға болмайды, кейбір ерсі қылықтарын, те­ріс мінезін, ұнамсыз әрекеттерін жаза қою­ға жұрттың жүрегі дауаламайды. Неге олай болуы керек? Айтылсын, жазылсын. Со­ны оқыған кейінгі ұрпақ содан сабақ ала­ды, қорытынды шығарады. Солай емес пе? Жазушы мен ақынның бәрі әулие емес қой, оның өмірдегі пенделік қателігі, кейбір мі­нез­дері, т.б. туралы жазсақ оның кімге зия­ны бар. Халық «Жақсыдан үйрен, жама­нан жирен» демей ме? Жақсы нәрсе үлгі-өне­­ге алуға керек болса, жаман нәрсе сабақ алу үшін қажет. Осы қазір екеуміз сөйлесіп отырған Жа­­зушылар одағының алдында небір нәр­селер болды. Бірін-бір ұрғанын көрдік, боқ­­тағанын естідік. Руға бөлініп, алауыз бол­­ғандарды байқадық, бірақ солардың бәрі­нен сабақ алдық.  Біреудің басынан өткен оқиға біреуге са­­бақ болғаны жаман ба? Мәселен, қазіргі жас­­тар бір кездегі ақын ағаларындай аздап ұрт­­тап алып, әр жерде айқай салып, өлең оқып, жұртқа тиісіп тұрмайды ғой. Біз сон­дайларды көрдік, қазір ондай жай көзге түс­пейді. Демек, кейінгілер ондайдан сабақ ал­ған шығар деп ойлаймын. Мұқағали туралы талай нәрсе жазылды, іш­кені, жиналысты бұза-жара кіріп өлең оқы­­ғаны жайында да айтылды. Бірақ ел оның өмірін талқыламайды ғой, ақын­ды­ғын айтады, өлеңін сүйіп оқиды. Демек, ол ту­ралы жазылғандардың бәрі оның абы­ройын түсірген жоқ. Яғни, шындықтың ай­­тылғанынан ешкім зардап шегіп жатқан жоқ. Фаризамен студент кезден жақын ара­ластық. Кездескенде көп нәрсе ай­татын. Оның мұңайып тұрғанын көзінен байқайтынмын, неге ренжіп тұрғанын айтқызбай-ақ сезетінмін. Ол өзі ерекше мі­незі бар ақын болды. Оны неге жазбасқа? Оны еске алғанда қиянат жасаған жоқпын, Фа­риза қалай болды, солай жазғым келді. Мен онымен үнемі бірге жүруге мүмкіндігім бол­ған жоқ. Мен қазан-ошақтан, бала тәр­биесінен босай қойғам жоқ, ол – еркін адам. Дос екенмін деп бәрін тастап, Аста­на­ға Фаризаның қасына көшіп кетпеймін ғой. Шын достық ондай емес, адам бірге жү­ріп те дос бола бермейді, алыста аңсап, са­ғы­нып жүріп жақсы дос болуға болады. Ол маған арнап қанша өлең жазды, қуанған ке­зінде де, ренжітіп алған кездерінде де жазды.  Шығармашылықта да адамдар өмір бойы дос болып, ой-пікірлері үйлесе бер­мей­ді. Сондықтан өлеңдеріміздің біріміз­ді­кі екіншімізге ұнамай таласып қалған кез­деріміз де болды. Ол маған «Сенің мына бір жолдарың маған ұнамайды» дейді, ал мен де «Сенің мына жолдарыңды бұлай жаз­бауың керек еді» деп пікір айтамын. Сон­дықтан мен Фаризаның 85 жылдығына орай жазған кітабымда оның шынайы ақын ретіндегі, адам ретінде болмысын көр­сеткім келді, өзім таныған қалыпта баян­дадым. Кітапты оқығандар пікір ай­тып жатыр, тіпті өткен аптада Фаризаның жең­гесі телефон соғып, баяғы екеуміз бірге жүр­ген кездерді есіме түсірдім, шынайы жа­зылған деді.  Кітапқа ешқандай жасанды нәрсе қос­қам жоқ, қатар жүрген кездердегі болған оқи­ғаларды жаздым. Оның мінезі қызық қой, кейде дастарқанда отырғанда бір кесе шайың­ды ішкізіп, екіншісін ішкізбейді, «Тұр, кеттік» дейді, тіпті шай беріп отырған адам­ның көңіліне қарамайды. Немесе бә­тең­кем аяғымды қысты деп маған қарай лақ­тырып жібереді, сосын «Сенің бәтеңкең ая­ғыңды қысса мен кінәлімін бе?» деп өзіне қа­рай лақтырып жіберемін. Соған өзі күле­ді, «Енді мен кімге еркелеймін» деп. Осын­дай мінездерін баяндадым. Артық ештеңе жоқ. Тіпті, мені жолдасыммен таныстырған да Фариза өз үйіне шақырып алып. Міне, ақын өміріндегі сондай жағдайлардан жұрт ха­бардар болсын деп жаздым.  Сондықтан кейбіреулер ойлайтындай, «Ме­нің Фаризамда» ерсі ештеңе жоқ, бәрі шын­дық, өзім куә болған жайлар. Қадыр аға­мыздың «Иірімінен» жұрт көп жайды бі­ліп сабақ алып жатыр ғой. Қандай кере­мет жазылған кітап! Жұрт қызығып оқиды. Үлкен ақындардың өмірі қызық қой, өнеге ала­тын да, жұртты таңдандыратын да нәр­се­лер көп болады. Сондықтан осындай ес­те­лік, мемуарлық кітаптар көп болғаны дұрыс.

– Сіздің көптеген ақыннан өзге­ше­лі­гіңіз – мансап қумай отбасын құрып, саналы ғұмырыңызды негізінен ұрпақ өсіруге арнай жүріп шығармашы­лық­тан қол үзбеуіңіз дер едік. Ер адамның өмірі еркіндеу, әрине, ал әйелге отбасы мен ақындықты қатар алып жүру қиын емес пе?

– Жалпы, әйел ақындардың өмірі қиын де­сек, жұртқа ол түсінікті шығар. От­ба­сы­ның күйбең тіршілігі мен өнер әлемі екі бас­қа нәрсе. Оған көбі шыдамайды. Өлең­мен ғана болам деп күйеуімен ажырасып кет­кендері қанша. Қазақтың ақын әйел­дерін­де мен секілді елу жылдан бері бір күйеуімен тұрып келе жатқаны аз.  Мен қазақ қыздарына үлгі көрсеткім кел­ді: отбасына иелік етіп, сонымен бірге қа­ламды да тастамай жүріп қатардан қал­мау­ға болатынын дәлелдегім келді. Қазақ қыздарының төзімділігі мен бәріне шыдай алатын қайсарлығы болмаса табысқа жете ала ма? Өз басыңның өнегесі болмаса ар­тың­нан келе жатқан кішілерге қалай ақыл айтасың, не тәрбие бересің?  Анамын бөбегін сағынған, Ақынмын жыр болып ағылған. Көңілмін екіге бөлінген, Жүрекпін екіге жарылған, – деген жырым менің ақын ретіндегі, ана ретіндегі басымнан өткен жайдан көп сыр аңдатса керек.

Пысықайлар да қаламгер атанып жүр...

– «Ақ айдын» атты кітабыңызда жа­рия­ланған «Қойындәптердегі жазба­ларыңыздың» бірінен «Алқа топта сөз сөйлей алмайды, қалам берсең хат жа­зу да білмейді. Ебін тауып мүшелік­ке өтіп кетіп, өзін жазушымын деп та­ныстырады. Кітаптың қадірін біл­мей­тін, жазушыны сыйлауды да біл­мейтін сауатсыздар да жазушы бол­ғы­сы келеді» деген пікіріңізді оқып қал­дым. Сіз айтып отырған жағдайдың шындық екені белгілі, бірақ соған кім кінәлі? Жазушылар одағын басқарған­дар ма, әдеби сынды мақтау-мадақтау­ға айналдырғандар ма, әлде өздері мү­ше болып отырған қаламгерлер ұйы­мының қадір-қасиеті төмендеп ба­ра жатқанын көрсе де, үндемей оты­ра беретін ақын-жазушылар ма?

– Нарықтық экономика деген пайда бо­лып, елдің бәрін ақшаның соңынан жү­гіртіп қойды ғой, сөйтіп «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген заман келді.   Адамдық емес, пысықтық бе­дел болды. Түрлі қылмыс жасағандар ақ­ша беріп құтылып жатты. Оқуға ақшамен тү­сіп жатқандар болды, дипломды ақшамен са­тып алып жатқандар болды. Ендеше, са­тып алуға болмайтын нәрсе қалды ма? Қал­ған жоқ. Сол кезде жазушылық билеті де сатылды.  Жазушылар одағы қоғамдық ұйым бо­лып, жойылып кете жаздады. Оны сақтау оңай болмады. Сондықтан бұл ұйымның ісі­не де ақша араласты. Қаламгерлер қата­ры­на әркімге ақша беріп, кітап жаздырып мүше болғандар да қосылды.  Елді аралап жүргенде талай адамдармен кез­десеміз ғой, сондай бір жүздесуде сақал-ша­шы ағарған, бұрын өзім атын естіп көр­меген бір кісі «Қазақстан Жазушылар ода­ғы­ның мүшесімін» дейді. Таңғалдым. Сөйт­сем, оның баласы бизнесмен екен. Әлгі кісі баласының ақшасымен біреуге кітап жаз­дырып, бір баспадан өз ақшасына кітап шығарған, солайша бір күні одақтың мүшесі болып шыға келген. Қиын кезді пай­даланып сондай пысықайлардың та­лайы қаламгерлер ұйымының мүшесі бол­ды. Ондайлар әр облыста толып жүр. Сон­дықтан оған қаламгерлер қауымын кінәлай ал­маспыз. Дегенмен уақыт бәрін орнына қоя­ды түбінде. Жалған жазушылар мен ақын­дардың туындысымақтары тарих сы­пыртқысының ұшында кететіні талай дә­лелденіп жатыр ғой...

– Қазақта «Ата – балаға сыншы» де­ген даналық сөз бар ғой, үлкендердің әрдайым өзінен кейінгілерге сын кө­зімен қарайтыны заңдылық. Мұны шы­ғармашылыққа қарата айтсақ та әбестігі жоқ. Өзіңізден кейінгі, әсіресе, тәуел­сіздіктен бергі жерде поэзиямыз­ға келіп жатқан қыз-келіншектердің өлең­деріне көзқарасыңыз қалай? Олар­дың арасында патриотизмнен эро­тикаға дейінгі тақырыптардың бәрі­не қалам тербеп жүргендер көп. Оларды оқып тұрасыз ба? 

– Қазіргі кезде талантты ақын қыздар көп. Біраз жылдан бері өндіре жазып, Ба­қыт­гүл Бабаш, Танкөз Толқынқызы, Динара Мәлік, Толқын Қабылша секілді қыздары­мыз жақсы танылып жүр ғой. Жаңадан шығып жүрген жас ақындар да бірталай. Ақын болған соң тақырып тарлығына ұшы­рамауы керек, көп оқып, түрлі та­қырып­та жазған дұрыс. Бірсарындылықтан қашу керек. Бір байқайтыным, көп қыздар сәтсіз махаббатты жырлауға әуес, оны бір жа­зарсың, екі жазарсың, үшіншісінде жа­лық­тыра бастайды. Ол ізденістің кемшіндігі шығар деп ойлаймын. Махаббаттың бәрі сәтсіз бола бермейді ғой, неге оның бақы­тын, қуанышын, құдіретін де жырламасқа?  Айтуға хақымыз бар деп бәрін ашық жыр­лай беруге де болмас. Кейде тіпті қыз ба­ла айтуға болмайтын, қыз балаға жараса бермейтін, әдептілік шегінен аттап кететін де жағдайлар кездесіп қалады. Қыз деген сұлулық әлемі, оның әдеп-ибасы, нәзік се­зімі өлеңде шебер өрнектеліп, жұмбақ, тыл­сым қалпымен тартып тұрса жақсы бол­мас па еді? Тіке айту батылдық сияқты көрінгенімен жадағайлыққа ұрындыратын жағдайы көп. Асыл нәрсе тереңде жатуы­мен, болмыс жұмбақтау күйде ым-ишара­мен суреттелсе қадір-қымбаты арта түсеті­ні белгілі ғой. Қалай дегенде қыздар поэзиясы өз құ­пиясы бар, өзіндік мәдениетімен ерек­ше­ле­нетін поэзия болуға тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –  Ахмет ӨМІРЗАҚ