Мызғымас бірлік – мақсатқа жетудің алғышарты
Кеше Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Кеше Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумы өтті. Жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы жиналғандарды форумының ашылуымен құттықтап, іс-шараның маңызына тоқталып өтті. – Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3 300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев атқарылып жатқан жан-жақты жаңғыру жұмыстары туралы да сөз қозғады. Президенттің айтуынша, соның ішінде саяси реформалардың орны бөлек. – Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды, – деді Мемлекет басшысы.
Саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейе түскеніне тоқталған Президент депутаттар облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін баламалы негізде таңдайтынын айтты. Атқарушы билікке ықпал ете алатын басқа да құзыреттер берілді. Сондықтан мәслихаттар аймақтың әлеуметтік жағдайына әкімдіктермен бірдей жауапты. Мемлекет басшысының сөзінше, депутаттар өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруы керек, ал ол үшін назар аударуға тиіс бірқатар мәселені ескерген жөн.
Білікті депутат – тиімді басқару
Мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт екеніне тоқталған Президент оның тиімділігі депутаттардың кәсібилігіне тікелей байланысты деді. – Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында Академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Әрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кәсіби және қоғамдық-саяси тәжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс екенін де айтты. – Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс. Саясат дағдыларын меңгеру, адамдармен сөйлесе алу және ашық диалог кезінде өз ұстанымын дәлелдей білу өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Мәслихаттар экономикалық саясатқа ықпал етуі керек
Президент жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар қажет екенін мәлімдеді. – Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс. Мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін, елді мекендерді абаттандыру жайын, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ берілген нақты тапсырмаларды орындауға барлығы бірдей жұмылуға тиіс екенін айтты. – Қазір республикалық бюджеттің кіріс бөлігі толық орындалмай жатыр. Мен Жолдауда Үкімет пен Ұлттық банкке осыған қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Себебі бұл – жалпыұлттық міндет. Оған барлық деңгейдегі билік тармақтары күш жұмылдыруға тиіс. Біз «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сай жұмыс істеуіміз керек. Сіздер мұның маңызы зор екенін жақсы білесіздер. Сондықтан әр депутат өз ауданын өркендетуге атсалысады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәслихаттар жалпыұлттық міндеттерді орындауға үлес қосуы қажет
Реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды. Осылай деген Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларына ерекше тоқталды. – Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым, – деді ол. Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсететінін, бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келетінін және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі екенін айтқан Президент осы себепті келер жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанына тоқталды. – Барлық партияның, соның ішінде «AMANAT» партиясының мүшелері көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсетті. Олар бөгеттер салуға және азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинап, елге таратуға бірге қатысты. «Ауыл» партиясының бастамасымен тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттердің құрылыс жасақтары жедел құрылды. «Ақ жол» партиясы су тасқынымен күресуге екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық партиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Әлбетте, бұл ауқымды жұмысқа партиялардан сайланған, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған мәслихат депутаттары да белсенді атсалысты. Ең алдымен, осы мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға көмектесті, – деді Мемлекет басшысы. Президент саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп есептейтінін жеткізді. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. – Әрбір партия өз қызметінде, негізінен, электоратына бағдар ұстай отырып әрекет ететіні түсінікті. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, сайлаушылардың дауысы үшін күресетінін көріп отырмыз. Алайда партиялар жалпыұлттық міндеттерді шешу үшін күш-жігер біріктіруге дайын. Саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде дәл осындай бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, алты мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан астам жаңа үй салынды. Жоспарланған 2 680 үйдің 2 620-сы пайдалануға берілді. Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Президент.
Мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі керек
Мәслихат депутаттары мен әкімдерді мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі екенін айтқан Президент олардың бірлесе жұмыс істеуі халықтың тұрмысын жақсартуға ықпал етеніне тоқталды. – Елімізде халықтың жартысына жуығы ауылда, ауданда тұрады. Сондықтан азаматтардың көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды. Бұл жағдай жұрттың сайлау мәдениетін көтереді, саяси институттарды нығайтады. Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ әрі елге жанашыр азаматтардың әкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Әсіресе, мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Президент. Мемлекет басшысы қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерге тоқталып, алдағы референдумның маңызы туралы ойын жеткізді. – Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр стансасын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берсе, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Сондықтан балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз керек екенін айтқан Президент мемлекет осы бағытта нақты шаралар қабылдағанын жеткізді. – Жалпы, бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр деуге болады, бірақ алдымызда тұрған міндеттер ауқымды, әлі де атқаратын шаруа көп. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент сөзін түйіндей келе елімізде Заң және Тәртіп үстемдік құруға тиіс екенін айтты. Соның ішінде, мәслихат депутаттарының адал жұмыс істегені маңызды екенін жеткізді. – Мәслихат депутаттары – айрықша сенім мандатының иесі. Тұрғындар сіздерді жақсы біледі. Ой-пікірін өздеріңізге тікелей жеткізеді. Мәселесін шешуге көмектеседі деп үміт артады. Осы жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет ету керек. Әлемдегі ахуалды көріп отырсыздар. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман. Әрине, түрлі қиындықтар кездесуі мүмкін. Бірақ татулық пен келісім болса, біз оның бәрін міндетті түрде еңсереміз. Ашық аспан астындағы бейбіт өмір – ең басты байлық. Мен қастерлі Отанымыздың болашағы жарқын екеніне кәміл сенемін. Түптеп келгенде, бәріміздің мақсатымыз, мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы міндетті абыроймен атқарасыздар деп ойлаймын. Депутаттар форумы келешекте дәстүрге айналып, тұрақты түрде өткізілуі керек, – деді Президент. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Мәжіліс депутаттары Юлия Кучинская, Ринат Зайытов, «Қазатомпромның» ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры Әсет Махамбетов, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бастығының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев, Қарағанды облыстық маслихатының депутаты, кеншілердің «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев сөз алды. Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев мәслихат депутаттарының форумында Жылыой ауданындағы «Аралтөбе» су қоймасының құрылысын тілге тиек етті. – Бұл су қоймасы Жем өзені бойында тасқын су апаттарының алдын алуға және ауылшаруашылығын дамыту үшін өте үлкен көмек болар еді, – деді ол. Бұдан бөлек, ол Арқалық, Құлсары, Кентау, Риддер, Саран сынды еліміздегі 27 моно қалада шешімін таппай отырған мәселелерге тоқталды. – Құлсары қаласы үшін өзекті, ең басты мәселе, тез арада заман талаптарына сай кәріздік лас суды тазарту қондырғылары мен ауыз суды тазарту қондырғыларын салу керек. Бұл қала тұрғындарының сапалы ауыз су пайдалануына және экологиялық ахуалдың жақсаруына әкелер еді, – деді ол. Ядролық энергетика саласындағы жас маман, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әсет Махамбетов мәслихат депутаттарының форумында атом энергетикасына қатысты ойымен бөлісіп, әлем елдеріндегі атом электр стансаларының жұмысы туралы айтты. Оның сөзінше, әлемде атом энергетика саласы мұқият қадағаланып, жүйелі бақылауда болатындықтан, оның қауіпсіздігіне алаңдаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ ол жыл өткен сайын елімізде электр энергиясының тапшылығы айқын сезіліп жатқанын атап өтті. – Мұны шешудің бір ғана жолы – жоғары технологиялық Атом энергетикасын дамыту. Ол үшін бізде АЭС-ке қажетті уранның қоры жеткілікті. Оған қоса, 2021 жылдан бастап дайын ядролық отын өндіретін зауытын іске қостық. Бұл шикізат емес, атом реакторларына тікелей орналасатын дайын отын. Сондықтан күні ертең өтетін жалпыұлттық референдумда біз дұрыс таңдау жасауымыз керек. Референдумның нәтижесі еліміздің ғылымына, энергетика мен экономикасының дамуына тікелей әсер етеді, – деді ол. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ринат Заитов мәслихат депутаттарының форумында дәстүрлі ұлттық театр ашуды ұсынды. – Ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажет. Мәселен, Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы «Ла-скала», Қырғыз ағайынның дәстүрлі «Манас» орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республикалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс-термесін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет. Ол жай ғана театр емес, қазақ ұлтының рухани байлығын баршаға паш етіп, ұрпақ тәрбиесіне оң әсерін тигізетін орталық болатынына еш күмәнім жоқ, – деді Ринат Зайытов.
Форум әлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бей-жай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады деген ой төңірегінде түйінделді. Бұл ретте, ел болып еңсе тіктеудің, көшке ілесіп, алға озудың алғышарты – мызғымас бірлік.