Жаңалықтар

АЭС зиянды көмір энергиясының үлесін азайтуға септеседі

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері бүгін Түркістан қаласындағы еңбек ұжымдарымен түсіндіру кездесулерін өткізді.

Жиын барысында энергетика саласындағы инновацияларды дамыту бағытындағы жаңалықтарға шолу жасалып, атом энергетикасына байланысты ғылыми байламдар жөнінде ақпар берілді.

Түркістан қаласының музыкалық драма театры мен «Ұлы дала елі» орталығында мәдениет және өнер саласы қызметкерлерімен өткен жиындарда еліміздің энергетика кешеніндегі бүгінгі ахуал таразыланды. Энергокешенді жаңарту мүмкіндіктері туралы пікірлер айтылып, атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық балансындағы экологияға зиянды көмір энергиясының үлесін азайту септесетініне мән берілді.

Қазақстан үшін АЭС құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің қабылданған стратегиясын жүзеге асырудың негізгі қадамы болатыны мәлімделді. Қазіргі кезде элнктр қуатының тапшылығы елдің оңтүстік аймақтарында айқын сезіліп жатқаны айтылып, жетіспейтін электр қуатының қажетті көлемі солтүстіктен келетін ағынмен жабылып отырғаны жария етілді.

Мәдениет саласының өкілдері қолға алынып жатқан бастаманы қолдайтындықтарын білдіріп, радиациядан келетін қауіпті болдырмас үшін станция құрылысында жаңа технологиялардың қолданылуын қоғам болып бақылаудың маңыздылығына назар аударды. Елдің болашағына қызмет ететін прогрессивті идеяның жүзеге асуына қоғам болып үлес қосуымыз керек екенін білдірді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жаңаталапта жалғасты

Халықтық штаб мүшелері тұрғындарға референдумның маңыздылығын түсіндіріп, АЭС құрылысы бойынша ақпараттандыру үшін Жаңаталап елдімекеніне арнайы барды.

Кездесуде М.Әуезов атындағы ОҚУ Энергетика кафедрасының PHD докторы, доцент Файз Нұрсұлтан Сапарұлы АЭС құрылысын ғылыми дәлелдермен түсіндіріп, Жастар рухының белсенділері үгіт баспа материалдын таратты. Тұрғындарға атом электр станциясын салудағы ұтымды тұстарды айтып, еліміздегі энергетика мәселесі төңірегінде кеңінен ақпарат берді.

Атом электр станциясы дегенде адамдар әуелі қауіпсіздік мәселесін сұрайтыны да орынды.  Білікті сарапшылардың пікірінше, құрылыстың мультипликативті әсері ғылым үшін, өнеркәсіп, кадрлар даярлау үшін де сөзсіз тиімді болады.

«Атом электр станциясынан ешқандай зиян болмайды, өйткені бүгінгі күні ең заманауи, қауіпсіз реактор құрылысы ұсынылады. Егер біз жақын арада атом электр станциясының құрылысын бастамасақ, онда 2030 жылға қарай біз 90-шы жылдарға қарай кері қайтамыз деп ойлаймын. Сондықтан елміздің болашағы үшін батыл шешім қабылдайтын уақыт келді. 6 қазан күні әрбір қазақстандық өзінің азаматтық құқығын пайдалана отырып, дұрыс шешім қабылдайтынына сенімдімін», - деді Мұрат Жолдыхожаев.