Жаңалықтар

Президент: «AMANAT» партиясының өкілдері су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсетті

Akorda

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумында айтты.

«Былтыр менің төрағалығыммен өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңеске көптеген депутаттар қатысты. Мұндай жиын алдағы уақытта да өтіп тұрады. Себебі реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Мәслихаттардың мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласуы, өздері түрлі бастама көтеруі маңызды. Осы орайда Amanat партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ерекше атап өткім келеді.

Сондықтан жастарға, әйелдерге, кәсіпкерлерге, зейнеткерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, ауыл тұрғындарының кірісін арттыру, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтару, экологиялық, қаржылық сауаттылықты жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастыру сияқты жобалар – айрықша назар аударуды қажет ететін өзекті мәселелер. Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым.

Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияладым. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етеміз деп сенемін» , - деді Президент.

Мемлекет басшысы «AMANAT» партиясының барлық мүшесі көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсеткенін атап өтті.

«Олар бөгеттер салуға және азаматтарды эвакуациялауға, гуманитарлық көмек жинап, елге таратуға бірге қатысты. «Ауыл» партиясының бастамасымен тұрғын үйлерді және әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру үшін студенттердің құрылыс жасақтары жедел құрылды. «Ақ жол» партиясы су тасқынымен күресуге екі жүзден астам арнайы техника жеткізді. Respublica, ЖСДП және Қазақстан халық партиясының белсенділері де шет қалмай, зардап шеккен азаматтарға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Әлбетте, бұл ауқымды жұмысқа партиялардан сайланған, сондай-ақ өзін-өзі ұсынған мәслихат депутаттары да белсенді атсалысты. Ең алдымен, осы мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуын бақылауға көмектесті.

Әрбір партия өз қызметінде, негізінен, электоратына бағдар ұстай отырып әрекет ететіні түсінікті. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, сайлаушылардың дауысы үшін күресетінін көріп отырмыз. Алайда партиялар жалпыұлттық міндеттерді шешу үшін күш-жігер біріктіруге дайын. Саяси ұйымдар көктемгі су тасқынымен күрес кезінде дәл осындай бірлік пен ынтымақтың үлгісін көрсетті. Тоғыз мыңнан астам отбасы су басқан үйлерін жөндеуге және қалпына келтіруге төлем алды, алты мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан астам жаңа үй салынды. Жоспарланған 2680 үйдің 2620-сы пайдалануға берілді.

Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің және қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Мен саяси партиялар, мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дәл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», – деді Тоқаев.