Астанада жалған құжатпен ет сатқандар ұсталды
Ішкі істер органдары мал ұрлаумен, ет пен ет өнімдерін заңсыз сатумен айналысатын тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Елорданың ет сататын базарларының бірінде жалған ветеринар мөрі басылған ет табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сатушыдан «АЛДЫН-АЛА ТЕКСЕРІЛДІ» деген жалған мөр тәркіленді. Бұл мөр жануарлар етінің ветеринарлық бақылаудан өткенін білдіреді.
Сатушының Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің инспекциясына еш қатысы жоқтығы анықталды. Ол бір айдан астам уақыт бойы осы мөрді пайдаланып келген. Осылайша базарда ет сатқан.
Ұсталған сатушы мен базар әкімшілігіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ мал ұрлау, ұрланған малды сатуға қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.