Жаңалықтар

Су тасқыны туралы «Серт» деректі фильмі шықты

Президент теле-радио кешені

2024 жылы Қазақстан соңғы 80 жылда болмаған ірі табиғи апат – алапат су тасқынын бастан өткерді.

Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында өзендер арнасынан асып, үлкен зардап әкелді. Осы кезде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жағдаймен танысып, апат салдарын жою және тасқынға қарсы шаралар бойынша шұғыл жиналыстар өткізді. Ол халыққа берген уәдесінде зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру, шығынды өтеу, үй салу және инфрақұрылымды жөндеу жұмыстарын жаз бен күздің 5 айында аяқтауды тапсырған еді.

Су тасқыны кезінде Президент Телерадиокешені шұғыл түрде «Стихия» деректі фильмін әзірлеген. Содан бері бес ай өтті.  Осы уақыт аралығында Президенттің Үкіметке жүктеген тапсырмасы қаншалықты орындалды, су тасқынынан зардап шеккен аймақтар қалай қалпына келді, үй-жай, мал-мүлкінен айырылған халықтың мәселесі түбегейлі шешілді ме? Мемлекет басшысының елге берген уәдесі орындалды ма? «Серт» деректі фильмінде жоғарыда қойылған сұрақтардың жауабы ретінде су тасқынынан зардап шеккен Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Батыс Қазақстан облыстарының бүгінгі бейнесі көрерменге ұсынылады.

Фильмнің ерекшелігі – тек қана кейіпкерлердің интервьюі арқылы жасалады. Кадрдан тыс мәтін жазылмайды. Яғни, Президенттің орындалған уәдесі, қайта қалпына келген өңірлер, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан түрлі көмек т.б. қамқорлық көрген адамдардың (халықтың) өз аузымен айтылады.