Жаңалықтар

Атырау тұрығынынан марихуананың 60 дозасы тәркіленді

Фото: polisia.kz

Қазір аталған дерек бойынша 45 жастағы күдіктіге қылмыстық іс қозғалды

Атырауда есірткі шеккен ер адам марихуана таратуға тырысқан. Полиция қызметкерлері одан марихуананың 60 дозасын тәркіледі.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде ұсталған ер адамның жасы – 45-те.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын таратумен айналысқан күдіктіні қылмыс үстінде ұстады. Тінту барысында одан 60-қа жуық доза марихуана тәркіленді. Медициналық сараптаманың қорытындысымен күдіктінің есірткі шеккені анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір аталған дерек бойынша 45 жастағы күдіктіге қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.