Жаңалықтар

БАР ҚАЗАҚ ҚҰШАҚ ЖАЯР КҮН

ашық дереккөзі

БАР ҚАЗАҚ ҚҰШАҚ ЖАЯР КҮН

Наурыз мейрамы – Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Ал наурызды қазақ халқының ықылым заманнан тойлап, «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше атағаны баршаға аян. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізгені белгілі. Ал Ұлыстың ұлы күнін әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан қандас-бауырлар қалай қарсы алады? Наурыз мейрамын қандай деңгейде атап өтеді? Біз бұл сұрақты шетелдегі қазақтардың өзіне қойған едік.   Абдулсәмет  Алтай,  Париж қаласының тұрғыны:                                           Америкада да қой сойылып, қазан  көтеріледі

– Біз Калифорния штатының Bay Area, яғни, Бей аймағы деп аталатын бөлігінде тұрамыз. Ол – Солтүстік Калифорниядағы Сан-Франциско, Сан-Хосе, Окланд, Беркелей секілді бір-бірімен жапсарлас жатқан жиырма шақты қаланы қамтитын, 6-7 миллион халық тұратын үлкен бір өңір. Әдетте мұндағы Наурыз тойына осы Бей аймағының әр жерінен қазақтар жиналады. Наурыздың жыл сайынғы тұрақты ұйымдастырушысы – Стенфорд университетінің профессоры Алма Құнанбаева апайымыз. Ол кісі қасына алдымен ерікті жастарды жинап, ұйымдастыру жұмыстарына ерте қамданады. Арнайы сахнасы, тамақтануға қолайлы үстелдері бар орын жалдайды. Өнерлі жастарға интернеттегі тобымыз арқылы сұрау салынып, концерттік бағдарлама түзіледі. Ас мәзірі мен жалға алынған жердің ақысы өтелу үшін келушілерден жарна жиылады. Үйден ас әзірлеп әкелем немесе өнер көрсетем деген жандардан жарна талап етілмейді. Осылайша, наурыз айының соңын ала, қолайлы бір «уикендте» дүркіреп Наурыз тойланады. Ән айтылады, жыр оқылады. Қазақтар мен қонаққа келген өзге ұлт өкілдері наурыз көже мен етке, бауырсақ пен қуырдаққа тойып қайтады. Наурыз тойына Қазақстаннан жетім балаларды асырап алған америкалық отбасылардың қатысуы да дәстүрге айналған. Бұдан бөлек, Калифорнияның астанасы Сакраменто қаласында да жыл сайын Наурыз тойланады. Онда тұратын бір шоғыр ағайын, ақсақалымыз Рәшид ағаның басшылығымен, Наурыз тойын табиғат аясында ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Қой сойылып, қазан асылады. Самауырда сақырлап шәй қайнайды. Сол үшін қайбір жылы ерінбей елден самауыр көтеріп келген екен. Ән-жырдың аяғы арқан тартыс пен күреске ұласады. Соңында кейуанамыз Тәрбие апаның тәлімді батасын алып тарқасамыз. Жанар  Төребаева,  Ренн қаласының тұрғыны: Ата-анам тек қазақша сөйлеуді  талап етті

 - Аталарым Түркияға 1952 жылы келіпті. 21 отбасыны, яғни, 106 адамды Түркияға алып келген Құсайын Тайжы деген ақсақал екен. Ата-бабамның кіндік қаны тамған жер – Семейдің Мақаншы, Аягөз, Тарбағатай өңірі. Олар әу баста Алтай өңіріне келіп, 1936-1949 жылдары Қытайдың қатаң саясатынан Түркияға жол тартыпты. Ал өзім осы Стамбұлда дүниеге келдім. Алайда ата-анамыз қазақ екендігімізді туғаннан үнемі еске салып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты бойымызға сіңіре тәрбиеледі. Жырақта жүрсек те, жүрегіміз «еліміз» деп соғады қашан да. Ата-анам үйде тек қазақша сөйлеуді талап етті. Қазір өзім де балаларыммен қазақ тілінде әңгімелесемін. Ал наурызды ата-анамыздың үйінде жиналып, қарсы аламыз. Міндетті түрде ақ дастарқан жайылады. Бауырсақ пісіріліп, қазанда ет асылады. Ұлттық сусын – қымызды да табуға тырысамыз. Анамыз жеті түрлі дәмнен жасалған наурыз көжені алдымызға қояды. Бұдан кейін әкімшіліктің саябақтарда ұйымдастырған шараларына қатысамыз. Балаларға да Наурыз мейрамының қадір-қасиетін шама-шарқымша түсіндіремін. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қазақ, түрік және басқа да түркітілдес ұлттардың өкілдері қатысып, бір-бірімізді құттықтаймыз. Әрине, мұнда Наурыз мерекесіне ресми демалыс бермесе де, сол кездескеннің өзіне қуанып қаламыз.   Акбар Қажы Аюби, Дания, Орхус қаласының тұрғыны:

Наурыз мейрамында жаппай ұлттық киім киеміз

– Моңғолиядағы қазақтың көп бөлігі шоғырланған Баян-Өлгий аймағында Наурыз мейрамы ресми түрде 27 жыл қатарынан тойланып келеді. Моңғолияда кеңес билігі тұсында 70 жылдан аса тыйым салынған Наурыз мейрамын халық тек 1987 жылдан бастап әр өлкеде атап өте бастады. Баян-Өлгийде наурыздың 20-21-і күндері ақындар айтысы ұймдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда қазақша күрес, бәйге, көкпар, тоғызқұмалақтан сайыс өтеді. Сол күндері әрбір мекеме алдын ала наурыз көже пісіріп немесе ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырады. Бір-бірін құттықтап, сый-сыяпатын беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Ұланбатыр қаласындағы студенттер  наурыз көжеден дәм татқызып, қазақ халқының өнері мен салт-дәстүрін дәріптейді. 22 наурыз күні, таңғы 9-да орталық алаңға жиырма шақты киіз үй тігіліп, жиналған көпшілікке наурыз көже таратылады. Баян-Өлгий басшылары мен 1700 шақырым қашықтықтағы Ұланбатырдан келген Үкіметтің ресми өкілдері қазақ халқын төл мерекесі – Наурыз мейрамымен арнайы құттықтайды. Бұндай шараға кей жылдары ел президенті, кейде үкімет басшысы немесе парламент төрағасы арнайы келеді. Ал президент Баян-Өлгийге келе алмаса, Ұланбатырда өтетін Наурыз мейрамына міндетті түрде қатысады. Бұдан кейін мерекелік шеру басталады. Бұл күні мемлекеттік ұйымдар тайлы-тұяғы қалмай жыл он екі айдың мүсінін жасап, шеруге қатысады. Әр мекеме тарихтан сыр шертетін шағын қойылым сахналайды. Баян-Өлгий халқына жаппай түрде ұлттық киім кию міндеттеледі. Ел билігін ұстаған басшылардан бастап, үйдегі қария мен бала-шағаға дейін ұлттық киім киеді. Наурыз шеруін Баян-Өлгий бүркіт­шілері бастап жүреді. Ал көшпенділер өмірін сомдаған түйелі көштің өзі ше­руге ерекше сән береді. Аттың құла­ғында ойнаған қыз-жігіттер мен ұлттық киіммен шеруге шыққан мектеп оқушылары өнерлерін ортаға салады. Алаңға келген әр адам мерекелік шарадан кейін қазақтың ежелгі салты бойынша ауыл-аймақты аралап, бір-біріне қонаққа барып, амандық-саулық, жақсылық тілеп, наурыз көже ішеді. Әр әулеттің шаңырағы шаттыққа толады. Бұдан бөлек  Баян-Өлгий аймағының  Орталық ұлттық музыкалық театрында Наурыз мерекесіне арнайы дайындаған мерекелік концертті тамашалаймыз. Айта кету керек, Ұланбатыр қаласында соңғы 10 жыл көлемінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған. Оған Моңғолия президенті Ц.Элбэгдорж мырзаның өзі арнайы қатысып, Ұланбатырда оқып жатқан талантты қазақ студенттері мен Баян-Өлгийлік әртістердің өнерін тамашалайды. Сондай-ақ, бұл күндері қазақтың қолөнер шеберлерінің бұйымдары көрмеге қойылып, ерекше дәріптеледі. Жарқын Өтешова, Мәскеудегі Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттің дамуын қолдау «Астана» қорының президенті: