Жаңалықтар

Әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы мерекесімен құттықтады

Қорғаныс министрлігі

Бүгін – қарттар күні. Соған орай жастар елімізге еңбек сіңірген аға буын өкілдерін құттықтап жатыр.

Алматы қаласы қорғаныс істері департаментінің әскери қызметшілері мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары  әйгілі опера әншісі Бибігүл Төлегенованы Қарттар күнімен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бибігүл Ахметқызы 1929 жылдың 16 желтоқсанында Семей қаласында дүниеге келген. Қазақ әншісі (лирикалық-колоратуралық сопрано), КСРО халық әртісі (1967), КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері (1970), Социалистік Еңбек Ері (1991). Бүкілодақтық экстрада әртістері байқауының лауреаты (1958).

1954 жылы Қазақ консерваториясын (Н.Самышинаның ән класы бойынша) тәмамдаған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, Жамбыл атындағы қазақ филармониясының Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар оркестрінде еңбек еткен. 1968-1982 жылдары ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің VII, VIII және IX шақырылым депутаты болып қызмет етті.

Бибігүл Төлегенованың өнері Республика мен одақ көлемінде ғана емес, бүкіл дүниежүзіне танылды. Гастрольдік сапармен Үндістан, Алжир, Египет, Сирия, Вьетнам, Польша, Чехословакия, Канада, Швеция, Франция, Италияда болып, өнер көрсетті.