Жаңалықтар

АЭС салу болашақ үшін маңызды шешім болмақ

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері атом энергетикасының тиімді тұстары мен мемлекет үшін пайдасын талқылау үшін Шығыс Қазақстан облысында болды. Халықтық штаб мүшелері «Шығыс жылу» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Референдум өткізуді Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Əділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы деп қабылдаған абзал.

«Референдум жарияланған күннен бастап АЭС салуға қатысты азаматтардың сұрақтарына жауап берген көптеген кездесу өткізілді. Бүгін АЭС салу мәселесінің маңыздын сіздермен бірге талқылау үшін кездесіп отырмыз. Атом электр станциясы жобасы жаңа жұмыс орындарын ашып, станция орналасқан аймақта инфрақұрылымның дамуын ынталандырады. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты бағасын қамтамасыз етеді. Бұл – әсіресе, өнеркәсіпті дамыту және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды. Сондықтан да баршаңызды мемлекеттің болашағы үшін, ұрпақтарымыздың келешегі үшін АЭС салу жөніндегі бастаманы бірауыздан қолдауға шақырамын!», – деді Республикалық Халықтық штабтың мүшесі, Мәжіліс депутаты  Ерлан Саиров.

Электр қуатын тұтынудың кейінгі жылдары еселеп артып бара жатқанын, болашақта оған деген тапшылықтың күшейе түсетінін мамандар ескертумен келеді. Сондықтан бұл тұйықтан шығудың бірден-бір жолы атом энергетикасының әлеуетін пайдалану болмақ. Себебі елдегі энергетиканың жетіспеушілігіне байланысты бұл мәселені түбегейлі шешу үшін газ жобаларын қаржыландыруды 17 есе ұлғайтып, салаға 4,3 триллион теңге инвестиция бағыттау қажет деді еңбек ұжымымен кездескен штаб мүшелері.

«АЭС салу мәселесі көтерілгелі атом электр станциясына қатысты ақпараттарды жан-жақты оқып зерделедім. Әрине халық арасында түрлі пікір бар. Сондықтан да барынша шынайы нақты ақпаратқа көз жеткізгім келді. Бүгінге дейін көптеген дамыған елдер электр қуатының осы түріне көшу үрдісін бастап кетіпті. Ендеше болашақтағы электр қуатының тапшылығына ұрынбас үшін бізге де АЭС салуды қолға алған дұрыс болар деп түйіндедім. Сіздердің біздің өңірге келіп, тиісті ғалымдармен бірге ақпарат беріп түсіндіргендеріңіз өте жөн болды деп есептеймін», – дейді қала тұрғыны Александр Черепанов.

Жалпы, Энергетика министрлігінің болжамы бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 152,4 млрд кВт/сағ. құрайды деп күтілуде. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған электр станциялары небәрі 135 млрд кВт/сағ. қамтамасыз ете алады. Бүгінде электр қуатының тапшылығын Ресейден келетін ағындар жауып отыр. Бұл энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығының қауіпсіздігінің төмендеуіне әкеледі.