Бұдан былай демалушылар Алакөлге ұшақпен бара алады

Бұдан былай демалушылар Алакөлге ұшақпен бара алады

Бұдан былай демалушылар Алакөлге ұшақпен бара алады
ашық дереккөзі
Бұдан былай  Алматы облысындағы суы тәнге шипа, жанға дауа болған Алакөлге барғысы келетін демалушылар демалыс орнына ұшақпен қатынай алады. деп хабарлайды 24.kz. Қазір Алакөл ауданының орталығы Үшаралда салынып жатқан жаңа әуежай құрылысының жарты жұмысы аяқталды. Бұл нысан биылғы шомылу маусымында халыққа қызмет көрсете бастайды. Алдағы уақытта Ақши ауылында теміржол вокзалы пайдалануға беріледі. Айдыны жарқыраған Алакөлдің жағасындағы Үшарал әуежайының құрылысы қызу жүріп жатыр. Ол бір мезетте 50 адамға қызмет көрсетеді. Оның құрылысына қазынадан 889 миллион теңге бөлінген. Қазір сол қаржының тең жартысы игерілді. Бұл нысан пайдалануға берілген соң үш бағыт бойынша әуе рейстері ашылады. Биылғы шомылу маусымында Астана, Алматы қалалары мен облыс орталығы Талдықорғаннан Үшаралға ұшақ қатынай бастайды. «Билет құнын арзандату үшін субсидия бөлінген. Бағасы 20-25 мың теңгеден аспайды», - дейді жергілікті билік өкілдері. Әлібек Жақанбаев, Алакөл ауданының әкімі: - Бұл демалушыларға не керек? Оларға бірінші кезекте сервис керек. Осыған байланысты біз өзіміз нақты-нақты жоспарлар жасадық. Бірінші демалушыларға керегі – көл жағасының тазалығы. Одан кейін келіп жататын орындары мен тамақтың сапасына жете көңіл бөлінді. Мұнда 150-ге тарта демалыс орны келушілерге қызмет көрсетеді. Майда жал толқыны бар дара көлдің жағасында өткен жылы 500 мыңдай адам демалды. Биыл 700 мыңнан астам саяхатшы келеді деп жоспарланып отыр. Ақши ауылында теміржол вокзалы салынып жатыр. Күн жылынған соң «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық» автожолы жөнделе бастайды. Жағалауды нығайту жұмыстары да қызу қолға алынған. Сондықтан сарайыңды ашатын саумал ауасы мен айдыны адамдарға бесік болған Алакөлге келушілердің қатары болашақта еселеп арта түспек.