Жаңалықтар

АЭС – еліміздің жарқын болашағына жасалған батыл қадам – Ермахан Ибраимов

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Сидней Олимпиадасының чемпионы, халықаралық спорт шебері Ермахан Ибраимовпен кездесті.

Кездесу барысында алдағы референдумның маңызы мен атом электр станциясын салудың ел болашағына тигізетін пайдасы жан-жақты талқыланды.

Олимпиада чемпионы өзінің спорт саласындағы тәжірибесі арқылы елдің болашағы мен келешек ұрпаққа қатысты маңызды мәселелерге әрдайым көңіл бөлетінін айтты. Ол энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақты даму – Қазақстанның стратегиялық мақсаттары екенін атап өтті.

«Мен атомшы да, сарапшы да емеспін. Бірақ спортшы әрі Қазақстанның патриоты ретінде бұл жобаны қолдаймын. Біз өз болашағымызды ойлап, тұрақты әрі сенімді энергия көзін таңдауымыз қажет. Атом энергетикасы – еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі. Әр саладағы жетістік, соның ішінде спорттағы жеңістер де елдің тұрақты дамуына тікелей байланысты», – деді Ермахан Ибраимов.

Спорт шебері өз сөзінде алдағы 6 қазанда өтетін референдумның тарихи маңызына тоқталды.

«Менің ұстанымым айқын. Еліміздің жарқын болашағы үшін АЭС салуды қолдаймын. Бұл жоба тек энергетикалық тәуелсіздік емес, экономикалық тұрақтылыққа да үлкен септігін тигізеді. Алда тұрған референдумда мен өз дауысымды осы жобаға беремін», – деді ол.

Кездесу барысында Халықтық штаб өкілдері АЭС жобасының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қосатын үлесі мен оның экологиялық тұрғыдан таза әрі сенімді энергия көзі екенін атап өтті.

Сөз соңында Халықтық штаб өкілдері барлық азаматтарды референдумға қатысып, ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды.