Ресей кассаларында ЭКСПО-2017 билеттері сатыла бастады

Ресей кассаларында ЭКСПО-2017 билеттері сатыла бастады

Ресей кассаларында ЭКСПО-2017 билеттері сатыла бастады
ашық дереккөзі
Ресейде «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне билет сататын кассалар ашылды. Арнайы орындар алдымен Мәскеу мен Санкт-Петерборда жұмыс істей бастады деп хабарлайды 24.kz.  Мәселен, бір Мәскеудің өзінде билетті 14 жерден сатып алуға болады. Сондай-ақ Қазан, Екатеринбург, Новосібір мен Сочиде билеттер оффлайн режимде сатылымға түседі. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне ресейліктер тарапынан қызығушылық күн санап артып келеді. Айтулы шараға билет сататын кассалардың ашылу рәсімін тағатсыздана күткен олар ұзын-сонар кезекке тұрды. Ал сатушыларға жәрдем беретін роботтар халықтың сұрағына жауап беріп, көрме туралы ақпарат беруге дайын. Бірінші билетті мәскеулік Рита Куижева сатып алды. Ол Қазақстан туралы аз білетінін айтады. Сондықтан «ЭКСПО» көрмесі Астананы көріп, қазақ елін танып-білуге жақсы мүмкіндік дейді ол. Рита Куижева, билетті бірінші сатып алушы: - Бұл көрмеге әлемнің түпкір-түпкірінен көптеген компания қатысады деп естідім. Ол жерден жаңа технологиялар, экология, экономикадағы инновациялар туралы тың мәліметтер аламын деп ойлаймын. Мына буклетке қарасақ, қала футуризм стилінде салынғаны көрініп тұр. Жалпы «ЭКСПО» көрмесіне барудағы мақсатым – әлемнің ең озық тәжірибелерімен танысқым келеді. Ал касса арқылы билет сатып алу тиімді. Себебі саяхатшылар көрмеге келген күні сабылып кезекте тұрмай, уақыттарын үнемдейді. «ЭКСПО-2017» көрмесіне келген қонақтардың назарына негізгі іс-шаралардан бөлек түрлі мәдени ойын-сауық бағдарламалары ұсынылады. Дәулет Еркімбаев, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ департаментінің коммерциализация директоры: - Қазақстанда билет құны 4 мыңнан 8 мыңға дейін болса, Ресейдің валютасына аударғанда оның құны 850 рубльден 1650 рубльге дейін жетеді. Шетелдік саяхатшының көбі Ресейден келеді деп күтіп отырмыз. ТМД елдерінен келушілердің 47 пайызы осы ресейліктер болатын шығар. Билет кассалары Мәскеумен қатар Санкт-Петербургте де ашылды. Сәуір айында дәл осындай орындар өзге мемлекеттерде де ашылмақ. Олар көрменің соңына дейін жұмыс істейді.