Жаңалықтар

Ақтөбелік кеншілер АЭС құрылысының қоршаған ортаға әсерін талқылады

Ақтөбе облыстық және Хромтау аудандық халықтық штаб мүшелері «Восход Ориель» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесіп, АЭС құрылысының маңызы мен артықшылығын түсіндірді.

Облыстық халықтық штаб мүшелері Дәурен Мулдашев Мемлекет басшысының АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасының маңызына айрықша тоқталды.

«Елімізде 30 жылда 2 референдум өтті.  Олар тек саяси жүйеге қатысты, яғни президенттік өкілеттіктерді ұзарту, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша  ұйымдастырылды.  Бұл жолы алғаш рет саяси жүйеге қатысы жоқ АЭС салу мәселесін ел-жұртпен талқылау үстіндеміз. Осы референдум өткізу арқылы Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырамыз», – деді ол.

Хромтау аудандық халықтық штабының мүшесі Болат Ашабаев кеншілердің кеншісұрағына жауап беріп, атомдық энергия ауаға, жерге және суға зиян тигізбейтінін мәлімдеді. Өйткені АЭС – бұл таза, жасыл энергия.

«Мамандардың зерттеуіне сүйенсек, 1 гигаватт қуаттылығындағы ЖЭС 7 млн тонна көмірқышқыл газын және 120 мың тонна күкірт шығарады. Ал осыған ұқсас АЭС мүлде қалдық шығармайды. Сондай-ақ АЭС жұмысы су қоймасына зиян келтірмейді. Ендеше халықтың денсаулығына оң әсер етеді», – деді ол.

Оның айтуынша АЭС салу көмір электр станциясынан бас тарту дегенді білдірмейді. Елімізде ЖЭС негізінен жылу көзі болса, АЭС электр энергиясының тапшылығын шешуге қажет. Сондықтан көмір саласының мамандары АЭС-тан қауіптенбеуі тиіс.

Жиында «Восход Ориель» ЖШС-нің энергетик маманы Асхат Тілеген АЭС құрылысының маңызын басқаларға қарағанда жақсы түсінетінін айтты. Оның ойынша, өндіріс орындары толыққанды жұмыс жасауы үшін АЭС құрылысы қажет.

«Ақтөбе – өндірістік әлеуеті зор өңір. Яғни, алдағы уақытта зауыт пен фабрикалар көбейеді деген сөз. Сол кезде электр қуатына деген сұраныс шамадан тыс артуы мүмкін. Мәселен, түсті металдардың өзге де кендерін өндіретін біздің кәсіпорында электр энергиясына қажеттілік өсіп келеді. Ал су, күн және жел энергиясы оның бәрін толық қамти алмайды. Сондықтан да елімізге АЭС салу қажет деп ойлаймын», – деді ол.