Көпбалалы ананы 4 сағатқа сұранып кеткені үшін жұмыстан шығарып жіберген
Сот көпбалалы әйелдің талап-арызын қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрық жарамсыз деп танылды
Соттың Азаматтық істер алқасы көпбалалы ананың ЖШС басшылығының жұмыстан босату туралы бұйрығын жарамсыз деп тану туралы талап-арызы бойынша азаматтық ісін қарады.
Көпбалалы әйел 2023 жылдың қыркүйегінен бастап дүкенде кассир болып жұмыс істеген. 2024 жылдың 4 наурызында ол директордан сұранып, төрт сағат жұмыс орнында болмаған, оның орнына әріптесі жұмыс істей тұрған.
Бірақ директор оның болмағаны туралы акт жасап, түсіндірме жаздыртып, жұмыстан шығару туралы бұйрық жазған.
Сот әйелдің жұмыстан босатылуын заңсыз деп тапты. Жұмыстан босату түріндегі тәртіптік жазаға негіз жоқ. Сот көпбалалы әйелдің талап-арызын қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрық жарамсыз деп танылды. Көпбалалы ана бұрынғы қызметіне қайта оралды.
"Жәбірленушінің пайдасына ЖШС-дан 895 520 теңге көлемінде еңбекақы өндірілді. Сот алқасының қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Жұмысын қалпына келтіру және жалақы төлеу туралы шешім дереу орындалуы қажет", – делінген хабарламада.