Жаңалықтар

Жетісу облысындағы халықтық штаб мүшелері дәрігерлермен АЭС маңызын талқыға салды

АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Арыстанғали Арын және Римма Салықова облыстық ауруханада болып, ақхалаттылармен Қазақстанның ғасыр жобасы саналатын АЭС төңірегінде әңгіме өрбітті. Спикердің сөзінше, электр қуатын өндіру тиімділігі жағынан жаңартылатын энергия көзін пайдалану диапазоны 20-40 пайыз аралығында болса, АЭС-тің тиімділігі 90 пайыздан жоғары екен. 

Қазір Қазақстанды энергия тапшылығынан АЭС қана құтқарады. Айтпақшы, мұндай тиімділік тіпті көмір генерациясында да жоқ екен.

«Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді.  Басты мәселе – экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек. Келешектің қамы үшін дұрыс таңдау жасау өз қолымызда», – деді Арыстанғали Арын.

Өз кезегінде Римма Аждарқызы атом энергетикасының мән-жайын таразылап, жұртты АЭС салу мәселесіне үреймен емес, үмітпен қарау керек екенін алға тартты.

«Қауіпсіздік мәселесіне келсек, халық қолдап, АЭС салынып жатса, Балқаш көлінің бір тамшы да суы қолданылмайды. Әлемнің кей елдерінде АЭС қаланың дәл іргесінде орналасқан. АҚШ-тағы ең үлкен қаланың бірі Бостонның орталығында орналасқан АЭС ешкімге зиянын тигізбей неше жылдан бері жұмыс істеп тұр. Әрине, Америка қауіпсіздікке қатаң қарайды. Сонымен қатар, АЭС маңайы қауіпті болатын болса АҚШ Монтиселло АЭС-інің салқындатқыш тоғанында балық өсіріліп, оны аулаудан турнир өткізбес еді», – деді Римма Салықова.

Спикерлер ядролық физиканың көмегімен медицина саласында игеріліп жатқан жетістіктерге, Қазақстан ғалымдарының физиканың осы бағытындағы жемісті еңбегін де таразылады. Шара соңында ақхалаттылар АЭС төңірегіндегі сауалдарына жауап тапқан соң, 6-қазанда ел болашағын жарық ететін жобаны қолдауға уағдаласты.