T-Newspaper

Түркиядағы қазақ жастарын соңынан ерткен Жанымхан

сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қа­зір біздегі басты проблема – тіл емес, қа­зақ­тардың бір-бірінен алыстап кетуі. Оларды ке­зіндегідей ата-әжелері секілді бір шаңы­рақ­тың астына біріктіру ісі бәрінен биік тұр.

«Мен – ескінің соңы едім, Сен – жаңаның ба­сы едің...» дейді Абай  Әбдірахманға арнаған өлеңінде. Біздің кейіпкерімізді де жаңаның басы деуге болады. Жанымхан Жаналтай Түркия қазақтарының қа­­зақ­тық­тан алшақтап бара жатқан 3-4-буы­ны­ның бе­тін Қазақстанға бұруға барын салып жүр. Қазақстан мен Түркиядағы қауымды жақындастыруды миссиясы етіп алған Жанымханға хабарласып, әңгімесін жазып алған едік.

Қазақ екенімді 100 пайыз сезіндім

Мен Ыстамбұлда қазақ көп шоғырланған екі ауданның бірі – Гүнешлиде туып-өстім. 15 жасқа толғанда Англияға көшіп, онда мектеп, колледжді тәмамдадым. Университеттің 2 курсында оқып жүргенімде жеке себептермен Қазақстанға көшіп келдім. Сөйтіп, Алматыға 2000 жылы қоныс аударған ата-анам мен інімнің қасына көшіп барып, ондағы Қазақстан-Американ университетінде ІТ-инженер мамандығы бойынша білім алдым. Оқу бітірген бойда Самұрық-Қазына холдингіне жұмысқа тұрып, онда 9 жылдай еңбек еттім. Сол аралықта шаңырақ көтердім. Зайыбым – Швеция қазағы. Ол да мен секілді Қазақстанға білім қуып келіп, ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетін бітірген. 2014 жылы тұңғышым дүниеге келген соң, әке-шешем алғашқы немересінің қызығын көрсін деп Алматыға бір жыл тұрақтайын дедім. Алайда бір жылға жетпей бұрынғы әріптестерім елордаға жұмысқа шақырды. Сол уақытта Астана халықаралық қаржы орталығы ашылғалы жатқан-тын. Мен сонда ІТ бөлімін басқардым. Одан соң екі балам өмір есігін ашты. Астанада жұмыс істеп жүргенімде балаларымның біреуінен аутизм синдромы анықталды. Қазақстан, Түркия, Еуропаның бірнеше елінен ем-дом іздеп, әлекке түстік. Ақыр аяғында балаға қолайлы жағдайды Түркиядан таптық. Сөйтіп, амал жоқтықтан бала-шағамды Түркияға көшірдім.  Онда арнайы мектепке баратын ерек­ше балам оқуын аяқтаған соң қайта елге көшіріп әкелемін. Десе де, осы аралықта Қа­зақстанмен байланысымды үзбедім. Өйт­кені атажұрттың топырағын бір рет бассаң, бол­ғаны, бәрібір, осында аңсарың ауып тұра­ды. Қиырда тұрып, 80-90 жасқа келсең де, түбі ата қонысыңа қайтқың келіп, туған топы­рақ­ты бір иіскеу арманға айналады. Сөйтіп, жи­ған-терген тәжірибемді ел игілігіне жұмсайын деп, Астанада қаржы орталығында танысқан шетелдік мамандармен бірлесіп, Ozara консалтинг компаниясын аштым. Соң­ғы 6 жылда қаржы орталығына клиент­тері­міз арқылы тартылған актив мөлшері 500 мил­лион доллардан асады. Сондықтан өз алдыма бө­лек кәсіп ашып алсам да, Қазақстан эко­но­ми­касының дамуына үлес қосып отырған жайым бар. 

Бүгінде жұмыс, отбасының қамымен екі ел­ге жиі қатынаймын. Алғашында Түркияда мен Қазақстанда сезінген қазақилықтың иісі жоқ екенін байқадым. Расында, Түркияда қа­зақы қалпымызды келесі буынға жеткізетін еш­кім қалған жоқ. 70 жыл бұрын осы жерден пана тапқан үлкендеріміздің көбі дүние сал­ған. Олардың балалары жолда Пәкістанда не­­­месе Түркияда туған. Ал біздің қатарлас­та­ры­мыз, яғни үшінші буынның түгелі шетелде дү­ниеге келген. Түркияға келіп, кетіп жүр­ге­нім­де қазақилықтың қаймағын сол буындар ара­сына жетпей қалғанына ішім ашыды. Мұ­ны менен өзгесі байқай да алмайтын еді. Се­бебі мен қазақилықтың қайнарын, қазақ­тың ерекшелігін, қазақтың болмысын Қазақ­стан­да көрдім. Қазақстанда жүріп, қазақ еке­­­­німді 100 пайыз сезіндім. Түркияда бала кү­німізде айналамыз Қазақстан деген елден, қа­зақ деген ұлттан бейхабар болды. Мектепте кө­бі мені жапон, қытайға теңеп, түйреп өте­тін. Қазақстан тәуелсіздігін ала қоймаған ол уа­қытта біз өзімізді «Түркістаннанбыз» деп ай­та­тын едік. Сосын Қазақстан егемен ел атан­ған соң, «Біз – қазақпыз!» деп айтуды шығардық. Десе де, ол сөздің байыбына жете түсінбедік, рухымыз биіктемеді. Мен бұған еш­кімді кінәламаймын. Себебі тағдыр тәл­ке­гімен Түркияға көшкен аталарымыз ол кезде тү­рік тілін, ділін білмеген. Бөтен жерде жа­нын бағып, нәпақа тауып, үйлі болып, ұрпақ­та­рын бүгінге дейін аман-есен жеткізген олар­ға «Неге қазақилықты үйретпедің?» дей ал­­­маймыз. Қазірдің өзінде көз ашқалы жоқ­шылық, соғыс көрген бір қауым елді Еуро­па­ның ортасына қалдырып кетсең, олар алды­мен өз отбасыларына ие болуды мақсат етеді. Сондықтан үлкендерге кінә тағудан аулақпын. 

Біздегі басты проблема – тіл емес

Баламның диагнозы болмағанда Түр­кия­ға бармаушы да едім. Мен тағдырға сенемін. Мені сол жаққа жетелеп апарған тағ­дыр деп санаймын. Өйткені ондағы жағ­дай­ды көрген кезде қазақилыққа жол ашатын мүм­кіндікті, жастарға жол көрсетіп, жөн сіл­тейтін жағдай жасауды өзімнің аза­мат­тық борышым екенін сездім. Сондықтан онда бір­ге өскен азаматтармен бірігіп, Kazakkent Altay Derneği деген атпен қауымдастық аш­тық. Бүгінде Kazakder деген қысқаша атауын брен­дке айналдырдық. Қазір Түркияда өсіп жат­қан бізден кейінгі төртінші буынға «Қа­зақ» десең, еш реакция танытпайды. Бала­лар­ды қойыңыз, 30 жастан асқандардың көбі де елең етпейді. Мен бірде оларды сөзге тартып, «Неге қазақша үйренбейсіңдер?» деп ақырын сұрадым. Олар «Қазақша бізге не үшін керек? Мен Түркияда тұрамын ғой. Түрік тілін біл­сем болғаны. Қазақстан маған ешқандай мүм­­­­кіндік беріп отырған жоқ» дейді. Былай қара­саң, олардың бұл айтқаны дұрыс-ақ. 2000 жыл­дары көші-қон бағдарламасы бойынша Түр­киядан жүздеген отбасы атажұртқа көш­кен-тін. Өкініштісі сол, олардың 95 пайызы қай­тып келді. Оған себеп – Түркия қазақта­ры­ның ешбірі кирилл әліпбиін, орыс тілін біл­мейді. Ол кезде Қазақстан бүгінгідей да­мымаған. Айнала орысша шүлдірлегендерге толы, құжаттың түгелі орысша. Біраз қиын­дық­қа тап болған олар Түркияға қайтуға мәж­б­үр болды. Алайда қазір Қазақстан – көш ілгері дамыған ел, қазақ тілінің мәртебесі биік. Осындай керемет кезде арамыздан біреу ытқып шығып, жастардың бетін бері бұруға тиіс қой. Сол мақсатты көздеген біз жалындап тұр­ған жастардың басын бір шаңырақ астына жи­нағымыз келді. Түркияда бірінші буын бас­қаратын бірнеше қоғам бар. Алайда жас­тар­дың ол жаққа жақындағысы жоқ. Ондай бол­са, оларды соңымыздан біз ертіп жүрейік деп іске бел шеше кірістік.

Осы күнге дейін Қазақстаннан келген көп­шілік біздің жағдайымызды жете түсінбей, «Қазақ тілін білмесеңдер, өздеріңді қалай қа­зақпын деп атайсыздар?» деп дүрсе қояды. Олар мен секілді екі жақтың жағдайын тең­дей білсе, олай айтпас еді. Түркия қазақ­тары­ның түгеліне әп-сәтте қазақша үйрететін си­­­­­қырлы батырма жоқ. Қазіргідей түрлі хоб­­би көзді арбайтын заманда оларды үркітіп алмауымыз қажет. Біз бұл мәселенің түп-тамырына бойлап, барлық мәселені тізбектеп, ұзақ мерзімге жалғасатын стратегия ойлас­тыр­дық. Алдымен екі жыл өз күшімізбен, ешкім­нен көмек сұрамай жұмыс істеп, үшінші буын қазақтар Түркияда қоғам құра алатынын, қазақтың игілігі үшін көп шаруа атқара алатынын дәлелдеуіміз керек. Сөйтіп, алдымен балалар мен жастар, әйелдердің ба­сын біріктіруді қолға алдық. Бірақ оларға «Сен­дер – қазақсыңдар. Тез арада қазақша сөй­леңдер» деген талап қоймаймыз. Өйткені қа­зір біздегі басты проблема – тіл емес, қа­зақ­тардың бір-бірінен алыстап кетуі. Оларды ке­зіндегідей ата-әжелері секілді бір шаңы­рақ­тың астына біріктіру ісі бәрінен биік тұр. Ата­ларымыз бұрынырақта бір-бірін жақын тартқандай қазір байланыс жоқ. Бүгінгінің жас­тары бір-бірімен кездеспейді. Бір-бірін ізде­мейді. Оны қалай түзетеміз? Отырып алып, ақыл айтқаннан түк шықпайды. Алды­мен оларға бірліктің қандай болатынын көр­­­­сетуіміз керек. Сөйтіп, алдымен балалар мен жастарға арналған ивент өткізе бастадық. Кел­гендердің түгелі дерлік қалың қазақтың ара­сында жүргендеріне дән риза. Менің балам «Әке, біз секілді адам көп екен ғой!» деп, екі езуін жия алмай жүрді. Ата-аналар бізге бала­сын сеніп тапсырады. Бірақ олар баласын жал­ғыз жібермей, ере келетіні анық. Сөйтіп жүр­­генде ата-аналар да бірігеді. 8 наурыз ме­ре­кесі Түркияда, Еуропада тойланбайды. Мен бұл мерекенің ауқымын Қазақстанға келгенде байқап, риза болдым. Сондықтан біз де әйелдер қауымына сыйлық беріп, дастарқан жайып, құттықтауды дәстүрге айналдырдық. Мұн­дай сәттерде балалардың бірлік-берекесін көр­ген үлкендердің ойы өзгерді. Бұрын «Бар­маңдар. Онда не істейсіңдер?» дегендер қазір «Бар, көмектес, қалма» дейтін болды.

Ыстамбұлда 187 билбордта Көк Туымызды көрсеттік

Біздің бірлігіміз қазақ көшінің Түркияға қоныстанғанына 70 жыл толғанына орай­ластырған мерекеде білінді. 1 млн тұр­ғы­ны бар Гүнешли мен 500 мың адам тұратын Зейтүнбұрны аудандарындағы 187 билбордқа көш тарихы баяндалатын ролик қойдыртып, соңында Қазақстанның туын көрсеттік. Туды көрген әрбір қазақ елең етпей қой­майтыны айтпаса да түсінікті. Қала сыр­тындағы ормандағы алаңқайда 2 мыңға жуық қазақтың басын қостық. Арнайы автобус жал­дадық. Тамақ, керек-жарақтың түгелін өз­іміз тасыдық. Түрік ағайындардың, әсіресе, әкім­дердің көмегі көп тиді. 20 миллион тұр­ғыны бар Ыстамбұлда аз қазақтың шаңы да шық­пайды. Ал бірақ осылай бас қоссақ, бір қауым ел, бір-бірімізге бауыр екеніміз айқын білінеді. Мұндай кезде көп адам артында қа­лың жұрт бар екенін сезіп, кеудесін көтеріп жү­реді. Біз осылайша халықты сендірдік. Көп­шілікке қазақ біріксе, не істей алатынын дәлел­дедік. Осы бірлігімізді ажыратып алмас үшін тағы не істесек екен деп ойландық.

Жас­тарға «Сендерге ойын қызық па, әлде домбыра, қа­зақ тілі, қолөнер үйірмелері ме? Жал­пы, неге қызығасыңдар?» деп сұрағаны­мыз­да көбі ағынан жарылып, домбыра үйрен­гісі келетінін айтты. Футбол, баскетбол ой­нау­ды қалайтын болар деп ойлаған мен олардың бұл таңдауына таңғалдым. «Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – Домбыра» деген қанатты сөз­дің жай сөз емес екенін сол кезде түсіндім. Олар­дың бұл тілегін іске асыруға қуана-қуана ке­лістік. Алайда мен оларға мынадай бір шарт қой­дым. «Жарайды, домбыра курсын ашамыз. Мұ­ғалім, орын табамыз. Алайда домбыра үй­ренуге келген әр бала қазақ тілі сабағына қа­тысуға тиіс. Әйтпесе, домбыра сабағына кіре алмайды» деген талап қойдым. Сөйтіп, сен­біде сағат екіде қазақ тілі, ал үшке таман дом­быра сабағын белгіледік. Гүнешли ауда­ны­ның әкімдігі сабақ өткізетін орын тауып бер­ді. Осы ретте «Отандастар қорының» бұ­рын­ғы басшысы Абзал Сапарбекұлы көмек қо­лын созды. Аптасына 2 рет домбыра саба­ғын өткізуге келіскен білікті маман, Түркі­стан­дағы Ясауи университетінің түлегі, талай жа­рыстың жүлдегері болған Түркия қазағы Ху­сейнге еңбекақысы қор тарапынан тө­ле­нетін болды. Алғашқы сабақта балалардың әсе­рін байқағым келіп, сабақтарына қатыс­тым. Қарасам, 35-40-тай адам отыр, тиісінше домбыра жетіспейді. Кезек-кезек шертіп отыр­ған олар домбыраны қайдан тез үйрен­сін? Әрі көбінің домбырасы жарамсыз. 13 жас­тағы бір баланың сынық домбырасын скотч­тап алып келгеніне қарап, қайран қал­дым. «Барлығыңа домбыра тауып береміз. Қам жемеңдер! Әзірше осылай үйрене тұрыңдар! Сабаққа келе беріңдер!» деп уәде бердім. Бір ай­дан соң өз жұмысы бойынша Ыстамбұлға кел­ген «Тіл-Қазына» орталығының бас дирек­торы Мақпал Жұмабаймен танысудың сәті түсті. Ол біздің кеңсеге келіп, қоғамның ты­ныс-тіршілігімен танысқан кезде балалардың сы­нық домбырамен сабаққа келгенін көріп, ақырында есеп ашып, қаржы жинау туралы бастама көтерді.

Сөйтіп, сапалы домбыра із­дес­тіруге кірістік. Алматыда домбыра іздеп жүр­генімде Түркиядағы қазақ жастарының бірі хабарласып, оңтүстік астанамызда мық­ты бір шебер тұратынын айтты. Айтқан ме­кен­жайына іздеп барсам, әлгі шебер Түр­кияда туып-өскен қазақ Өмір Каяның шәкірті болып шықты. Өмір аға тәуелсіздік алған соң атажұртына қоныс аударып, домбыра жасау ісімен айналысқан. Мына жігітті жанына ша­қы­рып алып, бар білгенін үйретсе керек. Кейін ол кісі дүние салды. Мына қызықты қа­раңыз­шы, Түркия қазағынан тәлім алған шебер Түркия қазақтарына домбыра әзірлеп берді. Бұл тағдыр емей немене?! Әрі ол құны 120 мың тұратын домбыраны жарты баға­сы­на сатты. Әу баста 40 домбыра қажет деп едік, біз­ге 80 сапалы домбыра жеткізілді. Ыстам­бұл­дағы консулдық да бірнешеуіне ақша бөлген. Мен әлгі баланың скотч жапсырылған домбырасын көрмегенде, қоржынымызда мұ­ның бірде-біреуі болмас еді. Өйткені әдеп­кіде әрбірінде домбыра бар шығар деп ой­ладым. Алайда әлгі баланың жарамсыз ас­пап­ты дыңғырлатып тартып отырғанын көрген кез­де намыстандым. Ойлап қараңызшы, Қа­зақстанға табаны тимеген жасөспірім сабаққа сы­нық домбырасын сүйретіп жүр. Мұндай ба­лаға жағдай жасамасақ, қолдау көрсетпесек, аза­маттығымызға сын ғой. Кезінде тозығы жет­кен домбырамен келген балалар бүгінде же­ке оркестр жасақтап алды. Осында өтетін түр­лі ивентте өнер көрсетеді. Өзіміз де түрлі іс-шараға бастамашы боламыз. Түркияның, Қазақстанның ұлттық мерекелерін атап өте­міз. Бұрын біз бір жылда 10 ивент жасайтын бол­сақ, қазір мұның екі есесін ұйымдастыра­мыз. Себебі көпшілік «Тағы не істейік? Басқа не бар?» деп сұрап отыр. Біз бұған дер кезінде әре­­кет етпесек, олардың асқан қызығу­шы­лы­ғын жоғалтып аламыз. Сол аралықта ашылған қазақ тілі курсына ал­ғашында 27 бала қатысқан-тын. Алайда ке­лісілген мұғаліммен жұмыс жалғастырудың реті келмей қалды. Тіл үйренемін деушілердің ынта-жігерін көтерейік деп, түрлі идеяны ор­таға салдық. Соның ішінде қазақ тілін үздік оқы­ған 10 баланы «Отандастар қоры» Бура­бай­да ұйымдастыратын жазғы лагерьге жібе­р­мек ойы­мыз бар. 

Ең көп гуманитарлық көмек жинаған – біздің қоғам

Өкініштісі сол, елімізде диаспора стра­те­гиясы дұрыс жолға қойылмаған. Мә­селен, шетелде диаспорасы көп елдің әр­бірін­де бұл стратегия жақсы дамыған. Біздің елге де мұны ілгерілету қажет. Қазір жастар­мен, жаңа буынмен тығыз жұмыс істеу керек. Себебі жоғарыда айтып өткенімдей, диаспора­ның алғашқы буыны өзгеше ойлайды, ал соң­ғы буын басқа бағытқа бет алып барады. Мем­лекет мұны шындап қолға алса, бүгінде жо­лы, ойы тоғыспайтын неше буынды құтқа­рып қалар еді. Алайда қазір бұған бас бұрып қарап отырған ешкім жоқ. Тағы да қайталап айтамын, мен екі жақтың мүмкіндігін көрген қазақ ретінде екі араны жалғау үшін жүгіріп жүрмін. Алайда мен бір-ақ адаммын. Күшім жет­пейді. Дегенмен қазір қатарымызды кө­бейтуге мүмкіндік туып тұр. Әлгі стратегия іске асырылса, діттегеніміз тезірек іске асар еді. Қазір жұмыс күндері бірдеңе ұйымдас­тыра­тын болсақ, 100-ден астам азамат жүгіріп келеді. Ал демалыс күндері өтетін ивенттерге тіпті 400-ге жуық адам көмектеседі. Байқап отыр­ғаныңыздай, біз біріксек, күш боламыз! Бірлігіміз жарасып, көп шаруа атқарғанымыз­ды әлем жұртшылығы біліп отыр. Бастысы, Түр­киядағы шенділердің назарындамыз. Мы­салы, Гүнешли ауданында 1 200 үкіметтік емес қоғам жұмыс істейді екен. Былтыр Түр­кия­да жер сілкінісі болғанда ең көп гумани­тар­лық көмек жинаған біздің қоғам болып шық­ты. Мұны біз білген жоқпыз. Бізге әкімдік өкілдері ауызашар кезінде алғысын айтып, ризашылығын білдірді. Осы аралықта Түр­кия­ның БАҚ-ына көп сұхбат бердік. Өздері де қазақтардың көмектесіп жатқаны туралы та­лай жазды. Қазақстанның Туын бүкіл Түр­кияға таныттық. Мұндағы мақсат – жекелей өзімізді емес, қазақтың бір шаңырақ астына біріккенін көрсету. 

Қазір жастарды спорт арқылы біріктіруге күш салып жатырмыз. Біздікілерге күні кеше аяқ­талған Көшпенділер ойындарында көп­шілік назары ауған ұлттық ойындарымызды бірден ойната алмайсың. Дегенмен біз оларды төл ойындарымызға қалай тарту керек екенін жақсы білеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, «Сен неге ол ойынды білмейсің? Үйрен» деп ай­та салатындай шаруа емес. Бұл – ұзақмер­зім­­ді қажет ететін процесс. Жастар ол ойын­дар­ға қызыққан күннің өзінде де Түркияның ұлттық құрамасына кіру оңай шаруа емес. Сол себептен мен жуырда Қазақстан ұлттық фе­дерациясының басшылығымен кездесіп, кө­кейімде жүрген ұсыныстарымды айтқан едім. Олар маған Түркияда ұлттық федерация­сы­ның өкілі мәртебесін берді. Ұлттық ойындар­ды онда дамыту ісін енді қолға алмақпыз. Де­генмен ондағы қазақ жастарының ара­сын­да спорт десе, ішер асын жерге қоятындар жетерлік. Былтыр сол мықтылардың басын қосу үшін Kazakspor әуесқой клубын құрған болатынбыз. Қазіргі мақсаттардың бірі – сол клубқа кіретін екі команданы дамыту. Қыздар волейболдан, ал ұлдар баскетболдан шеберлік байқасады. Волейболдан тәжірибесі мол, кәсіпқой команданы жаттықтыратын қазақ қызы Зейнеп бапкер боламын деп ықылас таны­тып отырса, әкімдіктің спорт клубында еңбек ететін оның туған ағасы Халил баскет­бол­дан бар білгенімді үйретемін деп отыр. Де­меуші тауып, қаржы жағын реттесек, осы екі клубты Түркияның үшінші лигасына шы­ғармақ ойымыз бар. Әрмен қарай жастар одан да жоғары лигаларға өздері-ақ жететініне сенімім мол. Бұл – жастарды спортқа баулу ғана емес, қазақтарды тағы бір әйгілей түсу­дің амалы. Түріктер «Қай клуб сапында өнер көр­сетесің?» деп сұрағанда, «Kazakspor-да ой­­­­наймын» деп жауап берудің өзі мақтаныш қой! Сондықтан қазір Түркияда қазақтың абы­ройын асқақтатын сол клубтың қамымен жү­гіріп жүрміз. 

Келсін де, қазақ тілі мен тарихын оқытсын

Ыстамбұлда меншігімізде ғимараты­мыз жоқ. Дегенмен алдағы уақытта қа­зақтың мәдениет және ғылым орталығына ай­налатын төрт қабатты ғимарат салу ойы­мыз­да бар. Осындағы бір мек­теп­тің қасында 15 жыл бойы бос тұрған 650 шар­шы метрді қамтитын жер бар. Ол аумақты Бі­лім министрлігінен алу қиынның қиыны. Де­генмен өткенде Дүниежүзілік этноспорт кон­федерациясының президенті Біләл Ер­доғанмен кездесудің сәті түскенде онда ор­та­лық ашу туралы идеямды ортаға салдым. Түр­кия қазақтарының тарихынан хабардар Бі­ләл Ердоған қолдайтынын айтып жеткізді. Біз ол төрт қабаттың ішін жасақтап, жоспар сы­зып қойдық. Жер қолданысқа берілетін бол­са, ғимаратты өз күшімізбен саламыз деп отыр­мыз. Қазір бізде әйелдер қауымы жеке орын сұрап отыр. Олар ұлттық киім киіп, әше­кей-бұйымдар тағып, «Қамажай» билейтін бір жер болса дейді. Сондықтан астыңғы қа­бат­ты оларға бермекпіз. Әрі сонда асық атуды үй­ретпекпіз. Сондай-ақ музей жасамақ ойы­мыз бар. Қазақстандағы көпшілік біздің мұн­да келу тарихымыздан бейхабар. «Бұл қайдан шық­қан қазақтар өзі?» деп таңғалады. Сон­дық­тан біреуден естігенше, өз көзімен көрсін деген мақсатпен Түркия қазақтарының тари­хын баяндайтын музей ашпақпыз. Бізде онда қоя­тын, көш кезінде түсірілген сурет көп, ата-әжелеріміздің бір ғасыр сақтаған киімдері де жетерлік.

Содан соң құдайы тамақ өт­кі­зе­тін арнайы орын бөліп отырмыз. Бір үйге 300-400 адамды сиғыза алмайсың. Түркияда он­дай жерлер аз. Ал мұнда өздері тамағын әзір­леп алып келіп, ас бере алады. Екінші қа­бат­та қазақ тілі мен домбыра курсы өтетін сы­ныптар болады. Сосын мұнда архив жи­нақ­таймыз. Еншімізде ескі кітаптар, қолмен жа­зылған Құран, маңызды құжаттар бар. Он­дай құнды дүниелерді музейде ұрлап кетуі мүм­кін. Ұлтымыздың тарихын зерттеп жүр­ген ғалымдар, түркологтар осында келіп, көп де­рек таба алады. Әлемнің әр бұрышында жүр­ген қазақтар да біздің тарихымыздан ха­­­­бардар бола алады. Ал төртінші қабатты Қа­зақстаннан келетін мұғалімдер мен ма­ман­дарға арнамақпыз. Елдегі мамандар «Ыстамбұлдан жататын жер тауып берің­дер. Біз білгенімізді аянып қалмаймыз» дейді. Міне, сондай жанашырлар үшін арнайы орын бо­ла­ды. Келсін де, қазақ тілі мен тарихын оқыт­сын. Оны естіген ұлттық спорт маман­да­ры да келеді. Ұлттық биімізді дәріптеп жүр­гендер де қалыс қалмайды. Осылайша,  ол жер үл­кен мәдени ошаққа айналары сөзсіз. Мен бір шаңырақ астына жинау үшін кемі 500 адаммен сөйлесуім керек. Ал осындай үл­кен орталық болса, көпшілік айтқызбай-ақ жү­гіріп келетіні анық қой.

Менің жолымды Қазақстанға түсіргеніне қуаныштымын

Мақтанбаймын, дегенмен 95 пайызы Қаз­ақстанды бірде-бір рет көрмеген жас­тар өкшемізді басып, бізден үлгі алып келе жа­тыр. Осы уақытқа дейін сан жылдарды бе­­кер­ге жоғалттық. Сол кезде ұлттық болмы­сы­мыздан ажырап қалған үшінші ұрпақтың ба­сын бері бұру үшін қыруар шаруа істелінді. Осы аралықта бір-бірімізбен көп ренжістік, тү­сінісе алмаған кездер де болды. Алайда соңын­да бәрібір бір-бірімізге тартылып тұра­мыз. Ондай кезде оларға «Мен сенен кешірім сұра­масам, сен менің алдымнан өтпесең, көз­дегенімізге жете алмаймыз. Арамыздан кет­пе. Шыдап бақ! Ертең артыңа қарап мар­қая­сың» деп шүйіркелесемін. Үлкені былай тұр­сын, 9-10 жастағы балалармен де теңдей сөй­лесемін. Олар үшін кеңсеге PlayStation ор­натып қойдық. Кім қазақ тілі сабағына қа­тысса, сол тегін ойнайды. Ал қатыспаса, ақ­ша төлейді. Қазір жастарды уыстан шыға­рып алу әп-сәтте-ақ. Батыс мәдениетіне елік­теу­ші жастарды «ілмекке» бір іліп алсақ, ары қа­рай өздері бір-бірін тартады. Бірде балалар «Аға, шаршамайсыз ба?» деп сұрайды. «Қа­ра­шы, басымда ақ шаш бар ма? Жоқ. Мен бұл іс­тен шаршамаймын, керісінше ләззат ала­мын. Бұл – менің жеткенім емес, сендердің же­тістіктерің. Ертең сендер де осылай жүру­ле­рің керек» деймін. Ал қазір олар «Былай істе­сек қалай болады?» деп, өз ұсыныстарын ор­таға салады.

Мен – кезінде Алтай губернаторы, Үрім­шіде құрылған Шынжаң аралас өл­келік үкіметінде Қаржы министрі болған Жа­нымхан Жаналтайдың ұрпағымын. Аталарымыз осы­дан 80 жыл бұрын Шығыс Түркістаннан Пә­кі­станға тұрақтап, сосын Түркияға біржола көш­кен. Түркияға дейін екі баласы аман-есен жеткен. Бір ұлы Кашемирде дүние салған. Бүгінде үш атадан тараған ұрпақ әлем­нің әр бұрышында тұрып жатыр. Арысы Аме­рика, берісі Еуропада жұмыс істейді. Ал менің, дәл менің жолымды Қазақстанға түсіргеніне сондай қуаныштымын! Мен үшін, ме­нің балаларым үшін, бұл –үлкен бақыт. Біз осы елдің суын ішіп, тамағын жеп, ауасын жұтып, таптырмас байлығын пайдаланып, күн көріп отырмыз. Азды-көпті жетістігіміз де жоқ емес. Мұның бәріне шетте жүріп жет­кенше, атақоныста көппен бірге жеткеннен асқан арман жоқ! Қазақстанда көрген-түй­генімді, үйренгенімді Түркиядағы бір қауым елге жеткізуге асық болғаннан асқан сезім жоқ! Сондықтан осылайша екі ел арасында көпір бола жүріп, кейінгі ұрпақтың ұлттық бол­мысын даралайтын, береке-бірлігін арт­тыра түсетін көп іс тындырудан шарш­а­май­мын.

Жазып алған  Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ