Лос-Анжелес Олимпиадасын көздеймін – ауыр атлетикадан үш дүркін әлем чемпионы Едіге Емберді
– Едіге, жеңіс құтты болсын! Үш дүркін әлем чемпионы болған қалай екен?
– Рахмет! Қуаныштымын! Керемет сезім! Сөзбен сипаттай алмаймын! Айналамның түгелі алақайлап қуанып, кешеден бері ақжарма тілегін қарша боратып жатыр. Бұл додаға шығарып саларда көбі «Чемпион атағын алып қайт!» деп шығарып салған болатын. Үйде, залда тақымын қысып, бақылап, үмітін үкілеп отырды. «Көптің тілегі – көл» деген. Жалпы, әлемнің кіл мықтылары жиналатын чемпионатқа тек жеңу үшін барамыз ғой. Жеңемін деп мақсат тұттым. Діттегеніме қол жеткіздім. Сондықтан қатты қуаныштымын! Бұл – менің ғана емес, Қазақстанның жеңісі.
– Өз салмағыңда үш жыл қатарынан чемпион атанған сен осы жолы да жеңіс тойын тойлайтыныңа сенімді болған шығарсың?
– Қатты сенімді болған жоқпын. Тек мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауға тырыстым. Әрі бапкерімнің айтқан кеңесіне құлақ түрдім. Ол «Едіге, қолымыздан келеді. Мүмкіндікті дұрыстап пайдалансаң, салқынқандылық танытсаң болғаны, чемпион атағы сенде» деп рухтандырды. Айтқанын тыңдадым, орындадым. Сөйтіп, тағы бір мәрте чемпион атандым. Дегенмен бәрі оңайға тиді деп айта алмаймын. Осы жолғы қарсыластарым қарымды болды. Күміс пен қола медаль алған Колумбия мен Иран зілтеміршілері өз бабында екен. Сонымен қатар, Египет пен Өзбекстан ауыр атлеттері де жұлқа көтеруде мықтылық танытты.
– Жұлқа көтеру сайысында бесінші орынға табан тіредің. Алайда серпе көтеруде бірінші орын иеленіп, қоссайыс нәтижесі бойынша чемпион атандың.
– Иә, жұлқа көтеруде бесінші орынға тұрақтадым. Кейін серпе көтеру бәсекесінде топ жарып, екі сайыстың нәтижесі бойынша жеңімпаз атандым. Өткен жылы Мексикада өткен әлем біріншілігінде жұлқа көтеруде тіпті тоғызыншы орынға түсіп қалғанмын. Содан соң серпе көтеруде ешкімге дес бермей, нәтижесінде әлем чемпионы атағын иелендім. Осы жолы да сол дәстүрден жаңылмадым (күліп). Алайда биыл тоғыздан бесінші орынға секіріп, үштікке біраз жақындадым. Дегенмен кеше бесінші нәтижені тіркеген кезде сәл қорқыныш бойымды биледі. Алайда келесі жаттығуға тістеніп шықтым. Бесінші орын мені қайта рухтандырды. Жеңісті ешкімге бергім келген жоқ. Қазақ секілді ешқашан берілмейтін, ұстамды, табанды халықтың ұрпағы екенімді дәлелдегім келді.
– Ендігі меже – ересектер құрамасына ауысу ма?
– Иә. Бұйырса екі айдан соң Бахрейнде ересектер арасында әлем чемпионаты өткізіледі. Қазақстанға оралған бетте бірден соған дайындық жұмысын бастап кетеміз.
– Сонда бір жылда екі әлем чемпионатында бақ сынап көрмексің бе?
– Бақ сынап көру керек. Ересектер арасына басымызды «сұғуымыз» қажет. Жастар арасында бұлай жүре беруге болмайды. Оның үстіне жасым да келіп тұр. Келесі жылы 20-ға толамын. Жасөспірімдер арасын-дағы соңғы жылым. Өзіңіз білетіндей, онда тек 20 жасқа дейінгілер ғана қатыса алады. Мен ешқайда асықпадым. Уақытылы, рет-ретімен келе жатырмын. Айта кетерлігі, мен Испанияда 89 келіде сынға түстім. Алайда өз салмағым оған жетіңкіремейді. Менің негізгі салмағым – 81 келі. Алла қаласа, ересектер арасында осы салмақта өнер көрсетемін. Ересектер арасында да топ жару үшін аянып қалмаймын. Чемпион боламын деп айқайлап айтпаймын, алайда бәсі биік ол сайыста үздік үштікке кірудің өзі мен үшін – жеңіс. Ересектер арасындағы жарыстарда жүлдегер атанудың жөні тіпті басқа. Сондықтан екі айдан соң бабымды келтіріп, барымды саламын. Сосын, әлбетте, әр спортшы армандайтын Олимпиаданың жүлдесін, жай ғана емес, алтын жүлдесін армандаймыз. Парижде өткен төртжылдыққа зілтеміршілерден ешкім бар алмады. Бұйырса, төрт жылдан соң Лос-Анжелесте өтетін Олимпиадаға көз тігеміз.
– Сұхбат соңында сені кешегі жеңісіңнен кейін енді біліп жатқан оқырманға өзіңді аз-кем таныстыра кетсең.
– Мен жарыстарға Астана атынан шығып жүргеніммен, Шымкентте дүниеге келгенмін. Онда 5 жасқа дейін нағашыларымның қолында өстім. Сосын Астанаға келіп, он бір жыл бойы бір мектепте, анығырақ айтсам, Ж.Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында оқыдым. Бесінші сыныпта оқып жүргенімде ауыр атлетикаға назарым ауды. Несімен қызықтырды десеңіз, мен бала кезімнен күрес, бокс, каратэ секілді спорт түрлерімен шұғылдандым. Алайда ауыр атлетика таразы басын тартып кетті. Бұл спорттың ұнаған тұсы – сен мұнда ешкіммен төбелеспейсің, ешкіммен күреспейсің. Тек өз-өзіңмен күресесің. Жеңісің де, жеңілісің өзіңе байланысты. Өзіңді жеңе алсаң, өзгелерден де басым түсесің.
– Жолың болсын! Дегеніңе жет! Әңгімеңе рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ