Көгілдір отын мен көмірдің «жыры» бітпей тұр
Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндеті. Бұл биылғы Жолдауда айтылған тапсырманың бірі болатын. Үкімет бұл міндетті таяу арада орындай ала ма? Қазір аймақтар газбен қаншалықты қамтылған? Көмір неге қарқынды түрде қымбаттап барады?
Газбен қамту – басты міндет
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында халықты және экономиканы газбен қамтамасыз етудің маңызына тоқталып, Үкіметке нақты тапсырма берген еді. – «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі, – деді Президент. 2023 жылғы қазанда Ресей газы біздің аумақ арқылы Өзбекстанға тасымалдана бастаған болатын. Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, былтыр 1,28 млрд метр куб газ тасымалданған. Биыл оны 3,8 млрд метр кубқа дейін ұлғайту жоспарланыпты. Сондай-ақ түрікмен және өзбек газын Қытай Халық Республикасына транзиттеуде тұрақты өсім байқалған. Сонымен қатар Ресей газын Қырғыз Республикасына тасымалдауды арттыру күн тәртібіндегі мәселе болып отыр. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастаған. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің биылғы жаздағы Үкімет отырысында берген мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы 60,5 млрд метр куб газ өндіру жоспарланған, бұл 2023 жылғыға қарағанда 2,3 пайызға артық. Жоспардың жартысына жуығы 1-жартыжылдықта орындалғаны туралы да айтылған. Газ өндіру көлемін ұлғайту, негізінен Қарашығанақ, Теңіз және Қашағаннан газ өндіру көлемін арттыру арқылы жүзеге асырылмақ. Алдағы уақытта жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарда бар екен. Әзірге бұл жоба толық іске қосылған жоқ. – Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн. Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсыра- мын. Бұл – басты міндет, – деп тапсырды Қасым-Жомарт Тоқаев. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 60 пайызы немесе шамамен 12 млн адам газбен қамтылған. Биыл газбен қамту жұмыстарын жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлініпті. Ал Үкіметтің жоспары аясында тағы қосымша 105,4 млрд теңге бөлінген. – Бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 шақырымнан астам газ желілерін жаңартуға мүмкіндік береді, – деген еді Алмасадам Сәтқалиев. Осы саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын таяу арада қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек екені де айтылып, нақты бағдар берілді. Жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде QazaqGaz бен Chevron арасында Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған. – 2026-2030 жылдарға дейінгі кезеңде кезең-кезеңімен төрт газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд метр куб, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд метр куб, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн метр куб газ өңдеу зауытын салу көзделген, – деді энергетика министрі. Министрдің айтуынша, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде газ өңдеу зауыттарын салу үшін Қатар инвесторы UCC Holding тартылған. Қазіргі уақытта QazaqGaz бен UCC Holding компаниясы осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттарын келісіп жатыр. «Қарашығанақ» газ өңдеу зауытын салу жобасы оператордың қаражаты есебінен іске асырылатын болады. Биылғы ақпанда EPC тендеріне қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталды. Қазір әлеуетті өнім берушілердің тендерге берген өтініштері бағаланып жатыр. Президенттің айтуынша, газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда, бұл шаралар аса маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес.
Халық жылуды қайдан алады?
Экономиканы қамтумен қатар, халықтың да көгілдір отынның игілігін толық көруіне жағдай жасау да аса маңызды болып отыр. 2023 жылғы сәуірде Ұлттық статистика бюросы «Үй шаруашылықтарында энергия тұтыну туралы сауалнама» атты жалпыұлттық статистикалық зерттеу жүргізген. Бұл зерттеу әр бес жыл сайын өткізіледі. Соның нәтижесінде анықталған мәліметтерді сараласақ, үй шаруашылықтарының 56,6 пайызы орталықтандырылған жылыту жүйесіне, ал 43,4 пайызы автономды жылытуға қосылған. Қалаларда барлық үй шаруашылықтарының 73,4 пайызы орталықтандырылған қалалық жылыту жүйесіне қосылған, ал 26,6 пайызы жеке жылыту жүйелерін пайдаланады екен. Ауылдарда үй шаруашылықтарының 80,9 пайызы үйлерін өз бетінше жылытады, тек 19,1 пайызы ғана орталықтандырылған желілерге қосылған. Халық негізінен табиғи газ (40 пайыз) және көмірді (28 пайыз) негізгі отын түрі ретінде пайдаланады. Қалада халық арасында тас көмірді (41,7 пайыз), табиғи газды (33,3 пайыз) және бірнеше отын түріне негізделген аралас жүйелерді (22,7 пайыз) пайдалану кең таралған. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 2022 жылы ел халқы 7,3 мың тонна көмір жаққан. Оның 3,5 мың тоннасы – қалаларда, 3,8 мың тоннасы ауылдарда пайдаланылған. Ал халық тұтынған табиғи газ мөлшері – 5,1 млн текше метр. Биоотын тұтыну көлемі бойынша да ауыл-аймақ алда тұр. Бұл сандардан елдегі көмір мен газ тұтынудың шамамен бірдей дәрежеде екенін байқауға болады, дегенмен ауыл-аймақта біршама айырмашылық бар. Статистикадағы газбен үйін жылытатын ауыл тұрғындарының көбі газбен қамтылған аймақтарда тұратынын ескерген жөн. Ал газ мүлдем бармаған, тіптен қажетті инфрақұрылым тартылмаған аймақтардағы елді мекен халқы көмір немесе биоотынмен жан бағып отыр. Қыс жақындаса, тапшылық, қымбатшылық ауыл халқының бас ауруына айналады.
Көмір неге қымбат?
Қазір елімізде көмір өндірумен шамамен 30-ға жуық компания айналысады. Ірі көмір кен орындары негізінен Орталық Қазақстанда және солтүстік-шығыс аймақта орналасқан. Дегенмен осы аймақтарда тұратын халықтың өзінде жыл сайын мәселе туындап жатады. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы көмір өндіруші компаниялар 112,7 миллион тонна қатты отын өндірген. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке – 9 миллион тонна, энергетикалық кешендерге – 65,9 миллион тонна, өнеркәсіп кәсіпорындарына 5,9 миллион тонна көмір жеткізілген, ал экспортқа 31,9 миллион тонна көмір жөнелтіліпті. Ал кейінгі жылдардағы көмір бағасының өсу динамикасына назар аударатын болсақ, бұл процестің жеделдеп жатқанын көреміз. Мысалы, 2022 жылғы маусымда тұтыну бағасының жылдық өсімі 9,2% болса, 2023 жылдың басында баға 13,1%-ға жеткен. Жалпы, кейінгі жылдары көмірдің қымбаттауына бірқатар фактор әсер еткен. Олардың бірі — көмір өндіруші компаниялардың өздері бағаны өсіруі. Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы жеткізушілердің бағалары айтарлықтай өскен. 2022 жылғы маусымнан биылғы ақпанға дейін бағаның бір жылдағы өсімі 20 пайыздан асқан. Ескере кететін маңызды жайт – кәсіпорындардағы баға индекстерінің өсуі, тұтыну бағаларының индекстерінен айырмашылығы бұл сегменттегі өсім түпкілікті бөлшек бағаға тікелей әсер етеді деген сөз емес. Абсолютті деректерді қарастырсақ, өндірушілердің бағасы тұтынушыларға жеткен соңғы бағалардан кемінде 3-4 есе төмен екенін байқауға болады. Халыққа арналған түпкілікті бағаға қосымша шығындар кіреді, сондықтан қымбаттаудың динамикасы жоғары бағалармен салыстырғанда басқаша болады. Егер елдегі коммуналдық-тұрмыстық көмірдің көтерме бағаларын қарасақ, бөлшек бағалардан әлдеқайда төмен сандарды көреміз. Мысалы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректері бойынша былтырғы қаңтар-маусым айларында халық үшін қатты отынның орташа салмақталған тоннасы әртүрлі өндірушілерде ҚҚС-сыз 4,3 мың теңгеден 6 мың теңгеге дейін өзгерген. Ал жылу электр стансаларына арналған энергетикалық көмірдің бағалары өзгеше: 2,2 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) болған. – Энергетикалық көмір энергия өндіруші және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей сатылса, коммуналдық-тұрмыстық көмір делдалдар арқылы сатылады. Көмір өндіруші компаниялар үшін тауар биржаларында сауда жасау маңызды рөл атқарады. Монополияға қарсы тексеру нәтижелері көрсеткендей, 2019 жылы биржалық саудада жасалған мәмілелердің 90 пайыздан астамында көмірді жеткізу қарастырылмаған. Өндірушілер өнімді «тиімсіз» делдалдар арқылы әлі де тасымалдап жатыр, бұл халыққа жететін көмірдің бағасын орта есеппен 40-45 пайызға қымбаттатады, – деп айтылған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің 2022 жылғы маусымның аяғында жариялаған есебінде. Мысал ретінде былтырғы желтоқсанда «Қаражыра» көмір кен орнында жүргізілген сауда-саттықты келтіруге болады. Компания 120 мың тонна көмірді тоннасына 6,5 мың теңгеге «Халық Көмір» ЖШС-ге сатқан. Өз кезегінде, бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік көмірдің бір бөлігін «Халық Көмір» жеке кәсіпкерлігіне 12,6 мың теңгеден, яғни екі есе қымбат бағаға сатқан. Сонымен қатар, «Халық Көмір» ЖШС меншігінде немесе жалға алған инфрақұрылымы, өлшейтін техникасы немесе тиеп-жеткізетін көліктері жоқ. Бұл ақпаратты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары да жария етті. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке пайдаланылатын көмірдің биржа сауда-саттығындағы біршама бөлігі делдалдарға тиесілі. Олардың саны мен құрамы соңғы бірнеше жылда өзгеріссіз қалды. Былтырғы қыркүйекте «Шұбаркөл көмір» 3,2 миллион тонна көмірді сатуға шығарды, оны бірнеше минут ішінде 16 аймақтық оператор және 10 делдал сатып алды. Осыдан кейін Бас прокуратура осы жайтты тексерді, бірақ заң бұзу анықталмады. Дегенмен өткен жылы «Шұбаркөл көмір» коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке пайдаланылатын көмірді тоннасына 6,2 мың теңгеден сатқан, ал аймақтағы операторлардың бағасы 11 мыңнан 17 мың теңгеге, ал түпкілікті баға 25 мыңнан 30 мың теңгеге дейін жеткен. Жалпы, еліміздегі көмір нарығы монополияланған деп есептелетіні жасырын емес. Былтыр үш ірі жеткізушінің нарықтағы жиынтық үлесі 80 пайыз болған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сүйенсек, бұл 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Агенттік сарапшылары монополистердің әрекетіне қарсы күрестің тиімділігі байқалып отырмағанын да айтып өтеді. Айта кету керек, көмір нарығы мемлекет тарапынан реттелмейді, оның бағаларын нарық қалыптастырады. Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, халықты толықтай газбен қамтуға қажетті инфрақұрылымның болмауы кедергі болып отыр. Сондай-ақ толық қамтыған күннің өзінде бағасы қымбат болуы ықтимал.
Нұрлан Жұмағұлов, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы:
Инвестиция тарту үшін бағаны қымбаттату керек болады
– Халықты газбен қамту деңгейі жыл сайын бір-екі пайызға өсіп келеді. Қазір 61 пайызға жетті. Негізінен солтүстік-шығыс өңірлерде газ жоқ. Өйткені құбыр жоқ. Бұл бағытта да қазір жұмыс жүріп жатыр, Ресейден Қытайға кететін құбыр салу қарастырылуда. Сол салынса, солтүстік-шығыс аймақтарға газ жетуі мүмкін. Бірақ оның бағасы қымбат болуы ықтимал екенін де ескерген жөн. Анығы, газ бағасы жыл сайын қымбаттап отырады. Шамамен 10-15 пайызға өседі. Себебі қазір газдың бағасы бізде өте арзан. Кейінгі 20-30 жыл жылда газ компаниялары газ қойнауын ашпаған. Өйткені инвестициялық тұрғыдан тиімсіз болып есептеледі. Ал инвестицияны тарту үшін, газ саласын дамыту үшін ұлттық компания – QazaqGaz сатып алу бағасын көтеріп келеді. Қазір газ негізінен энергетика саласына, үлкен ірі кәсіпорындарға жұмсалады. Егер де біз қазір 5 миллиард текше метр газды Қытайға экспорттасақ, алдағы бір-екі жылда экспорт мүлдем тоқтауы мүмкін. QazaqGaz газды қымбат бағамен сатып алады да, халыққа арзан бағамен сатады. Мысалы, газдың орташа құны текше метріне – 30 теңге. Ал QazaqGaz оны 20 теңгеге сатып алады. Өйткені оны тасымалдау құны да бар ғой. Мысалы, бір өңірден бір өңірге сіз құбыр арқылы тасымалдайсыз. Өзіндік құны тағы бар. Ал QazaqGaz халыққа арзан бағаға, экспортқа қымбат бағаға сатып, тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеді. Егер экспорт азайса, QazaqGaz компаниясы шығынға ұшырауы мүмкін. Сол үшін біртіндеп жыл сайын бағаны өсіріп жатыр. Ал енді аз қамтылған отбасыларға газдың бағасы өте төмен бағада сатылып отырады.
Қорыта айтқанда, Үкімет халық пен экономиканы газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр деп есеп беріп отыр. Көмір нарығында мәселе көп. Көмірдің бағасы бәсекелестікке келіп тіреледі. Ал газ халыққа арзанға түспеуі мүмкін, онсыз инвестор тартуға мүмкіндік ашылмайды. Жалпы, кешенді мәселені шешу үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс қажет.