Global Innovation Index-2024: Қазақстан үздіктер қатарынан көрінді
Қазақстан Global Innovation Index-2024 рейтингінде Орталық және Оңтүстік Азия елдері көшбасшыларының үштігіне енді.
2007 жылдан бастап Global Innovation Index (WIPO) 133 елдің көрсеткіштерін 80 бағыт бойынша бағалап келеді. Бұл жерде экономика мен өндірістің өсіміне тигізетін инновациялардың ықпалын қарастырады. Рейтинг осы саладағы жаңа стратегияларды әзірлеу үшін маңызды индикатор ретінде қызмет етеді. Рейтингте жоғары көрсеткішке жету іске асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың халықаралық деңгейде бағаланғанын көрсетеді. Сондай-ақ әлемдік аренадағы беделді жақсартуға және Қазақстанға тікелей инвестиция тартуға ықпал етеді. Қазақстан жаһандық рейтингте 81-орыннан 78-орынға көтеріліп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшылар үштігіне енді. «Мемлекетті басқарудың тиімділігі», «Заң үстемдігі», «Оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA шкаласы», «Нарықтың дамуы», «Бизнес жүргізу», «Тікелей инвестициялардың таза ағыны, ЖІӨ %» көрсеткіштері бойынша ілгерілеу байқалады. Рейтингтегі ең үлкен өсім «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткіштерінде болды. Бұл жерде 93-орыннан 65-орынға, «Ұлттық көркем фильмдер/млн адам» 61-орыннан 31-орынға және «Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам» 115-тен 80-ге дейінгі сатылардан көрінді. Рейтинг редакторлары Қазақстанның мына индикаторлармен әлемнің үздік 30 еліне кіргенін ерекше атап өтті: «Онлайн үкімет» – 8-орын, «Шығу тегі бойынша пайдалы модельдер/млрд. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша ЖІӨ» – 10-орын, «Электрондық қатысу» – 15-орын, «Оқушылар мен мұғалімдердің ара қатынасы, орта білім» – 16-орын, «Еңбек өнімділігінің өсімі, %» – 30-орын. Global Innovation Index-тегі Қазақстанның рейтингін көтеруге Президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Күнсұлу Закарияның жетекшілігімен жұмыс істейтін Президент Әкімшілігі жанындағы Жобалау офисінің жұмысы ықпал еткен.