Атыраулық дәрігерлер АЭС-тің ел экономикасына тигізетін пайдасын талқылады
Бүгін облыстық ауруханасында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өкілдері Эльмира Сапарова, Кариполла Наурзалиев, Фатима Тулеева, Түрікбенбай Нұржігітов дәрігерлермен кездесу өткізді.
Штаб мүшелері атом энергетикасының Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қалай әсер ететінін түсіндіріп, еңбеккерлердің сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында АЭС салудың экономикалық тиімділігі, жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі және экологиялық қауіпсіздігі жайлы кеңінен талқылады.
«Атом электр станциялары – бұл елдің болашағы үшін маңызды қадам. Бұл станциялар Қазақстанды тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Еліміздегі уран қоры мол болғандықтан, біз өз ресурстарымызды тиімді пайдаланып, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайта аламыз», – деді Халықтық штаб мүшесі Наурзалиев Кариполла.
«Әлемдік экономиканы атом энергетикасынсыз елестету мүмкін емес. Жер бетінде өндірілетін барлық электр энергиясының оннан бірі атом электр станцияларында шығарылады. Бүгінде әлемнің 31 елінде 192 атом электр станциялары жұмыс істесе, солардың бәріндегі энергоблоктар саны 451 дананы құрайды. Ядролық энергия көлемі жағынан шығарындылары төмен электр энергиясы өндірісінің көзіне жатады. Ол әсіресе төмен көмір сутекті болып саналады. Атом энергетикасының артықшылықтары өте көп. Соның негізгісі – жоғары тиімділігі және жылу электр станцияларына қарағанда ауаға тасталатын зиянды қалдықтарының жоқтығы. Алайда басты үлкен кемшіліктері де жоқ емес. Егер атом электр станциясында апат бола қалса ядролық отыннан бөлініп шығатын заттар сол маңдағы жер аумағының біраз бөлігін жарамсыз етіп тастауы мүмкін. Тағы бір кемшілігі – өңделген ядролық отынды сақтау мен қайта өңдеу проблемасы», — деді Түрікбенбай Нұржігітов.
Еңбек ұжымының өкілдері атом электр станцияларының заманауи технологияларының қауіпсіздік деңгейі туралы ақпарат алып, АЭС-тің ел экономикасына тигізетін пайдасын бағалады. Штаб өкілдері атом электр станцияларының көміртегі бейтараптығына қол жеткізудегі рөлі мен олардың энергетикалық тиімділігін ерекше атап өтті.