Жаңалықтар

АЭС құрылысы барлық саланың дамуына жаңа мүмкіндік ашады

Бүгінгі таңда АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері атом электр стансаларының мәні мен маңызын тұрғындармен бірге талқылап жүргені белгілі.

Жалпы, еліміз үшін энергетикалық тәуелсіздік – күрделі мәселелердің бірі. Соның салдарынан қуат көзін көршілес елдерден импорттауға мәжбүр болып отырмыз. Оның үстіне, энергия тапшылығы сезілген сайын ғаламдық энергетика жүйесінің АЭС-ке деген тәуелділігі артып келеді. Мәселен, осы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 6 мың мегават энергия жетіспеушілігі байқалған. Мамандардың айтуынша, Балқаш көлінің жағасында АЭС салу бірнеше өңірде электр энергиясына деген тапшылықты жойып, импортқа тәуелділікті азайтып қана қоймай, бағаны да тұрақтандырады. Сонымен қатар, көптеген қосалқы жұмыс орындары ашылып, Жетісу мен Алматы өңірінде өндіріс пен бизнес өркен жаймақ.

«Жүрек» медициналық орталығының ұжымымен кездескен облыстық Халықтық штаб мүшелері: Рахманқұл Байтелиев пен Гүлжауһар Құшанова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын кезекті Жолдауында елге сенімді және экологиялық таза қуат көздері қажет екенін атап өтіп, атом энергетикасын дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Кездесу барысында олар АЭС туралы ой-пікірлерін ортаға салып, жиналғандармен пікір алмасты. Медицина саласының қызметкерлерімен өткен жиында Халықтық штаб өкілдері әуелі елімізде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. Бұдан кейін, бүгінгі қоғамдық санада қалыптасқан радиациялық қауіпті сейілту турасында әңгіме өрбітті. Олар өз сөздерінде атом электр станцияларының артықшылықтарын, олардың экологиялық және экономикалық тиімділігіне тоқталып, АЭС құрылысының перспективасына қатысты өз ойларын жеткізді.

Бұдан кейін, штаб мүшелері облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерімен кездесіп, көпшілікке жасыл энергия көздерінің артықшылықтарын кеңінен түсіндірді. Мұнда олар АЭС-тің электр қуатын арттыруға зор ықпал ететінін айтып, барлық салада дамудың жаңа мүмкіндігі туатынын тілге тиек етті. Жалпы, басқосу барысында АЭС-тің болашағы мен оның тиімділігі талқыланып, атом энергетикасына қатысты барлық мәселе бойынша жұртшылықты кеңінен хабардар етудің маңызы және халық арасында ерекше беделге ие адамдар ретінде мәдениет қызметкерлерінің бұл істегі рөлі баса айтылды. Ал, «Жамбылгипс» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесуде Халықтық штаб мүшелері Мемлекет басшысының жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдап, осынау шараның маңыздылығына тоқталды.

«АЭС құрылысы – ел экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті дамытуға атом электр стансаларының ықпалы зор. Жалпы, АЭС 60 жылдан астам уақыт бойы тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді. Таяу жылдарда энергияға деген ел-жұрттың сұранысы салдарынан жетіспеушілік орын алуы мүмкін. Мәселен, қазірдің өзінде республика халқының 50 пайызы шоғырланған Қызылорда, Жетісу облыстары мен Шымкент және Алматы қалаларында электр энергиясының тапшылығы сезілуде. Бүгінгі таңда энергетика секторында қалыптасқан жағдайды ескеріп, еліміздің қуат тәуелсіздігіне қол жеткізуді құптасақ, АЭС салу жөніндегі баламасыз жобаны қолдауымыз керек», – деді штаб мүшелері.

«Тараз сервис және технология колледжінің» ұжымымен кездескен штаб мүшелері елімізде бой көтеретін атом электр стансаларының құрылысы сыртқа нарыққа тәуелділікті азайтатынын жеткізді. Олардың сөзінше, АЭС салу – экологиялық жағынан тиімді әрі тұрақты жұмыс орындарын құруда маңызды рөлге ие. Жиын соңында атом электр стансаларын салуда қолданылатын заманауи технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтылып, көпшіліктің энергетика саласының болашағы, тәжірибе жинақтау және мансаптық даму мүмкіндіктері жөніндегі сауалдарына жауап берілді.