Жаңалықтар

ҚазҰУ Халықаралық араб тілі академиясымен меморандум жасасты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қонақтарға ҚазҰУ мен Сауд Арабиясының жоғары оқу орындары және институттары арасында атқарылған жұмыстар мен ғылыми-зерттеу серіктестігі туралы баяндады.

ҚазҰУ Король Фейсал атындағы зерттеу және исламтану орталығымен қарым-қатынас орнатқан. Өткен оқу жылында ҚазҰУ оқытушылары біліктілігін арттыруға, ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өтуге және тәжірибе алмасу үшін Сауд Арабиясының университеттеріне барып қайтты. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да Сауд Арабиясынан үш студент оқиды. ЖОО-да шығыстану факультетінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы жанында арабистика бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап Катар, БАӘ және Сауд Арабиясы ұйымдарымен ынтымақтасатын Арабтану орталығы табысты жұмыс істейді. Е.Дүйсенов сонымен қатар университеттің ISESCO, Дүниежүзілік ислам жастары қауымдастығы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) және басқа ұйымдармен атқарып отырған жұмыстары туралы хабардар етті.

ИЫҰ-мен ынтымақтастық шеңберінде 2019 жылдан бастап дөңгелек үстелдер, семинарлар мен кездесулер өткізіліп, онда ғылыми және инновациялық интеграция мәселелері, сондай-ақ мұсылман елдерінде ғылымның, техниканың және инновациялардың дамуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу жолдары талқыланды.  

Өз кезегінде академияның бас хатшысы Абдулла бин Салех әл-Уашми ұйымның жұмысы туралы айтып, ынтымақтастық бағыттары туралы өз пікірімен бөлісті.

Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін қонақтар Әл-Фараби ғылыми кітапханасын аралап, Шығыстану факультетінің оқытушы- профессорлық құрамымен және студенттермен кездесті.