Жаңалықтар

Талдықорған тұрғындары дабыл қақты

istockphoto.com

Белгісіз еркек 6 жасар бүлдіршіннің шалбарын шешуге әрекет жасаған

Жетісу облысында 6 жасар бүлдіршінге азғындық іс-әрекет жасамақ болған ер адам іздестіріліп жатыр. Оның көпқабатты үйдің кіреберісінде кішкентай қыздың шалбарын шешпек болғанын және ауладағы басқа да қыздардың белі мен бөксесін ұстағанын сол маңдағы тұрғындар айтуда, деп хабарлайды Kazinform.

Оқиға 22 қыркүйек күні Талдықорған қаласында болған. Тұрғындардың айтуынша 9-шағынаудандағы 21-үйдің кіреберісінде белгісіз еркек 6 жасар бүлдіршіннің шалбарын шешуге әрекет жасаған.

Сол мезетте сырттан кірген тұрғындарды көрген азғын қаша жөнелген.  

Аулаға бір де бір камера қойылмаған. Ал, оқиға болған үйдің кіреберісінде тұрған жалғыз камера істемейді.

«Ол бүлдіршін — менің танысымның қызы. Өзі жуас. Өз бетімен жүгіріп ойнайтын қыз болған. Соны мына үйге алып кіріп, азғындық ойын іске асырмақшы болған. Бала шешесіне 1 сағаттан соң бір-ақ айтқан. Шошынып қалған екен. Киімін кіндігіне дейін көтеріп тастаған. Естігенім осы. Ұлымыз да, қызымыз да бар, қорқамыз. Камера қою керек қой. Бұл — қараусыз қалған аудан. Әкімге барсаң әскери бөлімге сілтейді, әскери бөлім әкімге сілтейді» — дейді қала тұрғыны Дана Омарова. 

Сол аралықта 33-үйдің ауласында ойнап жүрген кішкентай қыз балалар да ата-анасына бөтен ер адамның белінен ұстап, бөксесіне қол тигізгенін айтқан.

21-үйде болған жағдайға байланысты Жетісу облыстық полиция департаменті бүкіл жеке құрам мен бөлінген күштер күдіктіні іздеуге жұмылдырылғанын мәлімдеді.