Жаңалықтар

Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылық Президент назарында

Мемлекет басшысы соққыға жығылған сарбазға қатысты шара қолдануды тапсырды.

Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысты, деп хабарлады turkystan.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке баяндалады. Мұндай жағдайлар бақылауға алынады. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударған еді. Сонымен қатар бұл мәселеге әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екенін айтқан болатын», - деп жазды Берік Уәли.