АЭС елді энергиялық тәуелділіктен сақтайды – халықтық штаб
Сенат депутаты елімізде атом станциясы салынса, жаңа жұмыс орындары құрылып, ғалымдарымыз сыртқа кетпей, өзімізде жұмыс жасайтындығын атап өтті.
Парламент Cенатының депутаты Руслан Рүстемов АЭС салуды қолдау жөнінде Жаңақорған ауданына арнайы келіп, Жайылма ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуде атом электр станцияларының артықшылықтары, олардың экологиялық және экономикалық тиімділігі талқыланды.
«Қазіргі кезеңде түрлі салаларда электр энергиясына деген сұраныстың арта түсуі салдарынан, сондай-ақ, халық санының табиғи өсімі процесіне сәйкес елімізде энергия тапшылығы проблемасы орын алуда. Оның ішінде Қызылорда облысы да электр қуатының 30 % -ға жуығын сырттан тасымалдауға мәжбүр. Сол себепті, Қазақстанға сенімді, тұрақты энергия көзі қажет. Бұл елді энергиялық тәуелділіктен сақтайды. Ядролық физика саласының ғалымдары мен энергетик мамандар бұл өзекті мәселені шешудің тиімді жолы ретінде АЭС салу қажеттігін айтады.
«Жасыл энергия» болып саналатын атом қуаты экологиялық жағынан тазалығымен бірге тұрақты электр қуатының көзі ретінде еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді, – деп өз ойымен бөлісті.
Сондай-ақ, кездесуде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, атом электр станциясын салудың перспективасына қатысты өз ойларын жеткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған АЭС салу жөніндегі бастаманы қуаттайтындарын білдірді.
Ауыл тұрғындары АЭС-тің экологияға әсері, радиациялық қауіптерді басқару және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алды.
Сондай-ақ АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық Халықтық штаб мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов және облыстық штаб төрағасы Алмасбек Есмаханов Сырдария ауданында медицина саласының өкілдерімен кездесті.
Айтулы кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған маңызды мәселенің бірі елімізде АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы сөз болған еді. Осы орайда АЭС салуды қолдау бойынша республикада, өңірлерде және аудандарда халықтық штабтар құрылып, тұрғындарға түсіндірме жүргізу жұмыстарын жасауда.
Медицина саласы өкілдерімен басқосуда республикалық штаб мүшесі Мұрат Әбенов АЭС қауіпсіздігіне қатысты естіген емес, көзбен көрген тәжірибесімен бөлісті.
«Корей мемлекетіне сапар барысында сол елдегі АЭС-тің жұмыс жасау принципімен таныстым. Бейбіт мақсатта жұмыс жасап тұрған атом электр станциясының маңында кәсіп те доңғалап, дамыған қалаларды байқадым. Таңғалғаным, атом электр станцияның жанында мандарин сатып отырған сатушыларды байқадым. Сол маңдағы азаматтардан сұрағанымда станцияның тұрғындарға тигізетін қаупі жоқ екен. Осындай технологиясы дамыған елдердің АЭС арқылы электр энергиясын өндіріп отырғанына қызықтым. Әрине қазіргі таңда біздің еліміз көршілес елдерден электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Ел бір орнында тұрмай күнделікті демографиялық ахуалымызда жақсарып келеді. Осы ретте, біздің де елімізге заманауи АЭС қажеттілігі жоғары»,- деді Мұрат Әбенов.
Келесі кезекте сөз алған Халықтық штаб мүшесі Мархабат Жайымбетов энергетикалық шығындар және электр энергиясын өндірудің басқа да тетіктерінің тиімсіз жолдарын атап өтті.
«Өздеріңіз білесіздер энергияны өндірудің бірнеше жолдары бар. Су, жел, күн арқылы баламалы энергия көздерін өндіруге болады. Дегенмен табиғат тосын мінез көрсетсе бұлар жұмыс жасамай қалу қаупі басым. Ал, АЭС-тер заманауи технологиямен жұмыс жасайды. Қоршаған ортаға зияндық әсері жоқ. Қазіргі таңда тұрғындар шетелдерде болған АЭС жарыластары туралы көп сөз етуде. Олардың барлығы адами және техногендік сипатта болған. Қазіргі салынып жатқан АЭС-тер 9 баллдық жер сілкінісіне және 400 тоннаға дейінгі соққыға төтеп бере алады. Сондықтан қауіпсіздік жағынан еш алаңдамасаңыздар болады. Бүгінгі күн тәртібіндегі АЭС саламыз ба?, салмаймыз ба? деген мәселені шешіп алсақ, кім салатыны келер кезектегі мәселе екенін атап өтті.
Шара соңында сала қызметкерлері сөз алып, АЭС салу бойынша өз ойларын жеткізді.
Одан кейін Жаңақорған ауданына арнайы ат басын тіреген ҚР Парламентінің Cенат депутаты Руслан Рүстемов аудандық мәдениет үйінде өнер майталмандары және кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, жан-жақты пікір алмасты.
Кездесу барысында АЭС төңірегінде кеңінен ақпарат берген Сенат депутаты елімізде атом станциясы салынса, жаңа жұмыс орындары құрылып, ғалымдарымыз сыртқа кетпей, өзімізде жұмыс жасайтындығын және атом энергетикасы экологиямызға да пайдасын тигізетіндігін атап өтті.
«Қазір біз тұтынатын қуаттың 70 пайызы көмір станцияларында өндіріледі. Бұл станциялардың 70 пайызы тозып, ескірген. Көмір түтіні ауамызды ластап тұрса, көмір қалдықтары жерімізді ластауда. Атом станциясынан шығатын парник газының көлемі көмірмен салыстырғанда 135 есе төмен екені айтылуда. Сонымен қатар, осы тұста айта кетейін атом станцияларының салынуы МАГАТЭ – Атом энергиясы жөніндегі Халықаралық агенттіктің тікелей қадағалауымен іске асады. Жобасы, салынуы, іске қосылуы және жұмыс істеп тұруы – түгелдей халықаралық мамандардың бақылауында болады», – деді Руслан Рүстемов.
Қазақстанның қуатты елге айналуы – баршамыздың мұратымыз. Жүйелі бастама болашақта өз жемісін береді. Кездесуде сөзін түйіндеген депутат жиылғандарды еліміздің тағдырына байланысты таңдау сәтінде жауапкершілікпен қарауға шақырды.