Жаңалықтар

Халықтық штаб Жетісу облысы мен Қарағанды қаласында кездесу өткізді

АЭС – болашақта елді энергетикалық тәуелділіктен алып шығатын зор мүмкіндік.

Жасыл энергия көзіне жататын атом электр станциясын салу арқылы ғалымдар бірнеше мәселені шешуге болатынын айтып отыр. АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысы Алакөл ауданына қарасты Достық ауылындағы орта мектептің ұжымымен кездесті.

«Әлем СО2 шығарындыларынан туындайтын ғаламдық климаттың өзгеруінің алдында тұр. Біз енді планетаның атмосферасын ластайтын энергия көздерін ойланбай пайдалана алмаймыз. Сондықтан Батыс елдері көміртек салығын ойлап тапқан. Бұл салық түрі 2023 жылға қарай енгізіліп, алюминий, мыс және т.б. табиғи ресурстарға қатысты болады. Экономикасы негізінен табиғи ресурстарды, бірінші кезекте көміртекті экспорттауға негізделген Қазақстан үшін бұл салық өте ауыр зардап әкелуі мүмкін. Біз экспортта айтарлықтай үлкен сомадан айырыламыз. Сондықтан біз үшін таза энергия көздерін қолданысқа енгізу бүгінде өте маңызды. Оның ішінде АЭС салу Қазақстан үшін маңызды қадам», - деді Ғ.Сарыбаев. 

Әлемде салыну әдісі мен технологиясына сай АЭС-тер бірнеше буынға бөлінеді. Әзірге айшықталған 5 буын бар. Соның төртеуі жүзеге асқан, соңғы буын әзірге жүзеге асқан жоқ. Апат орын алған екі стансы да ІІ буынға жатады. Бұл 1967 жылы салынған реакторлар. Ал біз ІІІ+ буынды реактор салуды көздеп отырмыз. Жүзеге асқан жалғыз V буынның АЭС-і Қытайда. Қазақстанның таңдауы түскен буындағы АЭС-тер әлемде өз қауіпсіздігін дәлелдеді.

Қарағанды Халықтық штабының мүшелері «Жаңа майқұдық» мәдениет үйінің  ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесу аясында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ елімізде атом электр станциясын салу жөніндегі референдум бойынша ақпарат берілді.

6 қазанда өтетін АЭС құрылысы бойынша референдум Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие. Әлемнің озық елдерінің тәжірибесі атом энергетикасының тиімділігі мен қауіпсіздігін айқын дәлелдейді. Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр.

Кездесу барысында Ахметова Әсель Маратқызы АЭС құрылысының мерзімдері және АЭС құрылысына жетекшілік ететін мекемелер жайлы сұрақ қойды. Қарағанды Халықтық штабының мүшелері келіссөздер, келісімшарттар және сатып алу процестері барынша ашық болатынын түсіндіріп, мәселе бойынша түсініктеме берді. АЭС жобалау және салу кезінде техникалық қадағалауды тәуелсіз реттеуші жүзеге асырады, құрылыс МАГАТЭ бақылауымен жүргізіледі. Атом электр станциясының құрылысы миллиардтаған  долларлық және ұзақ мерзімді бизнес екенін ескеру қажет, сондықтан нарыққа қатысушылардың беделі өте құнды.