Жаңалықтар

Ұрпақ үшін батыл қадам жасалады

АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық Халықтық штаб мүшелері Болат Керімбек, Руслан Қожасбаев және өңірлік Халықтық штаб мүшелері Гүлнар Тойлыбаева, Арыстанғали Арын Жетісу облысына қарасты Алакөл ауданына сапары барысында Үшарал қаласындағы Абай атындағы орта мектептің ұжымымен кездесті. 

Спикер бейбіт атом һәм жасыл экономика тұрғысында ұстаздар қауымын ақпаратпен сусындатты. Мәселен, мәжілісмен Болат Керімбектің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Осы тапшылық жаңа өндірістердің іске қосылуына, жұмыс орындарын құруға тікелей әсер етіп, бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Мұндай экономикалық кедергіден тек АЭС құтқарады.

«Шыны керек, біз балаларымыздың қуатты және ешкімге мұқтаж болмайтындай тәуелсіз мемлекетте өмір сүргенін қалаймыз. АЭС салу туралы шешімді қабылдай отырып, біз осы асқақ арманымызға қарай қадам жасаймыз. Қазақстанның басты байлығы адам. Ал сол адамның сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету биліктің кез келген сатысының басым міндеті. Әрбір қазақстандық сапалы өмір сүруі үшін тапшылық пен таршылықты сезінбеу керек. Біз елдің энергетикалық тәуелсіздігін шегелеп бекітеміз. Болашақ ұрпаққа энергетикалық тұрғыдан тәуелсіз, яғни экономикасы тұрақты және өркендеген Қазақстанды мұра етіп қалдырамыз. Демографиялық өркендеу байқалған қоғамда электр энергиясын тұтыну көлемі енді төмендемейді. Бұл – тарихи шешім Әділетті Қазақстанды құру жылнамасындағы жаңа парақшаға айналады», – деді Болат Керімбек. 

Спикер көптің үрейін тудырып жүрген жаппай қырып-жою қаруы мен АЭС-тің қарым-қатынасын сарапқа салды. Ал Руслан Қожасбаевтың айтуынша, АЭС пен атом бомбасы радиактивті элементтерді пайдаланғанымен, екеуі екі дүние екен. Әрине, халықтың үрейін туындатып отырған Чернобыль мен Фукусима реакторларындағы апат екені даусыз. Бірі – адамның қателігінен, екіншісі – цунами салдарынан орын алды. Бірақ, мұнан өзге әлемде 400-ден аса реактор ешқандай апатсыз жұмыс істеп келеді.

Іс-шара соңында ұстаздар өздерін толғандырған мәселелер бойынша тұщымды жауап алып, тағдыршешті сәтте жарқын болашақ үшін дауыс беруге бірауыздан келісті.