Жаңалықтар

АЭС-ке қажетті мамандар даярлау бағдарламасы әзірленеді

Атом  электр  станциясы  жобасы  жаңа  жұмыс  орындарын  ашып, станция  орналасқан  аймақта  инфрақұрылымның  дамуын ынталандырады. Атом энергетикасы ұзақ мерзімді перспективада электр энергиясының тұрақты  бағасын  қамтамасыз  етеді.  Бұл  әсіресе өнеркәсіпті  дамыту  және Қазақстан  экономикасының  бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Ұлытау облысындағы сапары кезінде «Қазақстан теміржолы-жүк тасымалы» АҚ қызметкерлерімен арнайы кездесті. Кездесулер барысында Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин АЭС салу бойынша 6 қазанда өтетін референдумның маңызын түсіндірді.

"Қазір елімізде қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне сәйкес келетін жаңа буын атом электр станциясын салу мүмкіндігі кеңінен талқылануда. Атом  электр  станциясын  салу  туралы  түпкілікті шешім  демократияның  құралы  –  референдум  арқылы  қабылданады. Бұл  шешім  қабылдау  процесінде  барынша  заңдылық  пен  өкілдікті қамтамасыз  етеді,  өйткені  әрбір  азамат  өз  ұстанымын  білдіріп,  дауыс беруге қатыса алады. Сондықтан, 6 қазан өз сайлау учаскеңізге барып, азаматтық құқығыңзды пайданала отырып, дауыс беріңіздер. Ол қарсы дауыс бола ма немесе керісінше қолдайсыздар ма ол сіздердің еріктеріңізде", – деді Ерболат Жалғасбайұлы.

Кездесуге арнайы қатысқан Сенат депутаты Советбек Медебаев өз кезегінде еліміздегі электр энергиясының қоры азайып келе жатқанын алға тартты.

"Қазір Қазақстанның  энергетикалық  секторы  елімізде  өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70%  –  қамтамасыз ететін көмір электр  станцияларына  аса  тәуелді.  Алайда,  бұл  модель  күрделі мәселелерге тап болуда. Біріншіден, жұмыс істеп тұрған станциялардың тозу деңгейі жоғары, 70% жетеді. Екіншіден, елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын 3%-ға  өсуде. Үшіншіден,  Қазақстан  2060  жылға  қарай  көміртегі бейтараптығына  қол  жеткізуді  қоса  алғанда,  жаһандық  экологиялық міндеттемелерді  өзіне  жүктеді.  Сонымен  қатар,  көмір  жобаларын қаржыландыру  да  экологиялық  шектеулерге  байланысты  күрделене түсуде. Күн  және  жел  электр  станциялары  ауа  райы жағдайына тәуелді және тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Сонымен  бірге  экологиялық  стандарттарды  нығайту  көмір  мен  газ өндіруді дамытуға шектеулер тудырады. Бұл жағдай жаңа тұрақты және экологиялық таза энергия көзінің қажеттілігін тудырады. Атом  электр  станциясы  бұл  мәселенің  бірден-бір  шешімі  болуы мүмкін.  Атом  электр  станциясы  60  жылдан  астам  тұрақты  энергиямен қамтамасыз  етуге  қабілетті", – деді Советбек Тұрсынұлы.

Сондай-ақ, жиынға Ұлытау облыстық Халықтық штаб төрағасының орынбасары Ерлан Мырзабеков қатысып, атом энергетикасының тиімділігі туралы ғалымдар мен сала мамандарының пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, ол мемлекетіміздің әрі қарай дамуын айшықтайтын жобаның халық талқысына шығуы – мемлекеттік маңызы бар істе барлық азаматтың үнін есту дегенді білдіреді деген ойды ортаға салды.

Теміржолшылар тарапынан түсіндіру тобына бірқатар сауалдар жолданды. Сұрақтың басым көпшілігі қауіпсіздік жайында болды. Халық көкейінде қорқыныш пен сенімсіздік бар екені белгілі. Дегенмен, Халықтық штаб өкілдері барлық сұраққа кезекпен, ғалымдардың дәлелденген нақты ақпараттрын алға тарта отырып жауап берді.