Қоғам

«6 қыз жабылып ұрған»: Астанада оқушы суицид жасамақ болды

Астанада соққыға жығылған жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болды.

НеМолчиKZ қоғамдық қоры топтық соққыға жығылған 14 жастағы қыздың анасының үндеуін жариялады, деп хабарлады turkystan.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.

25 тамыз күні алты қыз жабылып жәбірленушіні соққыға жыққан. Олар қызды қираған ғимаратқа апарып, ұрып-соққан.

“Бетінен ұрған, қыз қарсылық білдіре алмады. Өйткені алты қыз жабылып ұрған. Қызды камера жоқ жерде ұрған”, – дейді НеМолчиKZ қоры.

Жасөспірімдер 1,5 сағат бойы қызды ұрып-соққан. Осыдан кейін ол 30-қабатқа көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған, бірақ үйіне оралып, құрбысына барлығын айтып берген. Келесі күні ол оқиғаны анасына айтып берді. Анасы оқиға орнынан видео түсіріп, полицияға арыз түсірді.

Нәтижесінде, сот-медициналық сараптамасы қыздың денесінде соққының іздерін анықтаған.

“Тергеуші іске қатысты қыздың анасына да, қорғаушыға да ақпарат бермеген. Іс тоқтатылған. Полиция бұл істі елеусіз қалдырды", – деп түйіндеді НеМолчиKZ.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысы бар кәмелетке толмағандар анықталғанын хабарлады.

"Ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдер жауапқа тартылды. Сонымен қатар, жинақталған материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясының қарауына жіберілді", – деп түсіндірді полиция департаменті өкілдері.