Жаңалықтар

Атом энергетикасы – ел экономикасына тигізетін септігі мол сала

Маңғыстау облысындағы АЭС құрылысын қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Раушан Аймурзаева, Людмила Мндығалиева мен Ғазиза Бақтиярқызы  "Қазпошта" АҚ ұжымымен кездесті.

Кездесуде АЭС-ның құрылысы 2035 жылға қарай елдің энергетикалық балансындағы атом энергетикасының үлесін 12%-ға дейін арттыратыны туралы айтылды.

Егер АЭС бой көтеріп, ел игілігіне берілсе көмір жағу арқылы өндірілетін энергияның үлесі қазіргі 61%-дан 40%-ға дейін төмендейді. Осылайша, атом электр станциясының құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қолжеткізуде қабылданған Стратегиясын орындаудың негізгі қадамы болмақ.

Бұдан бөлек АЭС ел экономикасының өркендеуіне серпін беріп, көміртегі шығарындыларын азайтады, елдің экологиялық беделін арттырады. Штаб мүшесі Раушан Аймұрзаның айтуынша, атом электр станцияларын салу және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ең басты мәселе. АЭС құнының 40%-ы қауіпсіздік жүйесіне бағытталады. Сонымен қатар Қазақстан технологиялық жағынан әлдеқайда алға кеткен III және III+ буынды АЭС салуды жоспарлап отыр. Атом энергиясын қауіпсіз, сенімді пайдалану стандарттары мен қағидаттарын Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) белгілейді. Осы орайда МАГАТЭ сарапшылары атом электр станциясын салу, оның жұмыс барысын бақылап отырады.

АЭС құрылысы мәселесіне "Қазпошта" ұжымы да бейжай қарамайды. Олар толғандырған сауалдарын қойып, штаб мүшелерімен пікір алмасты.

Сондай-ақ Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданына барған АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Сенат депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Керделі ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, АЭС салу мәселесінің маңызына айрықша тоқталды.

Кездесуде сөз алған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов мамандардың электр қуатын тұтыну көлемінің  артып отырғанын атап өтті.  

«Жалпы мамандар электр қуатының жыл сайын 3 пайызға артып отырғанын айтуда. Ал өзімізге келсек, электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Яғни, электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артуда. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізуде. Осы орайда дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом станциясының жұмысын жандандыруда. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажеттілігін атап өткен болатын», – деді Н.Байқадамов.

Ал Сенат депутаты Руслан Рүстемов атом энергетикасының жаһандағы дамуы төңірегінде тоқталды. 

«Қазір бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың көпшілігі – II буын реакторлары. Қазіргі уақытта III және III+ буын реакторларының саны көп емес. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл реакторлар дүние жүзінде ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. Қару үшін қандай шаралар қолданылуда? III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақ мерзімді пайдалану көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналды», – деді Р. Рүстемов.

Басқосуда ауыл тұрғындары атом энергиясы, станциялары жайлы біраз мәліметтерден хабардар болғанын жеткізіп, Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын айтты.Олар ұрпақтың келешегі үшін АЭС құрысы маңызды деп санайды.