Жаңалықтар

«Шприц табылды»: Полиция Ақтаудағы жекпе-жек шеберінің өліміне қатысты деректерді жариялады

Бұзыла бастаған мәйіт 20 қыркүйек күні кешкі сағат 22:30-да үй артындағы бұта арасынан табылған.

Маңғыстау облысының Полиция департаменті ММА шебері Вусал Джафаровтың өліміне қатысты ақпарат берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Оқиға орнын тексеру барысында шприц, сонымен қатар марқұмның шұлығынан ұнтақ тектес зат табылды. Марқұмның бұрын қарақшылық және бопсалау қылмыстары үшін сотталғаны анықталды. Сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді Маңғыстау полиция департаменті.

Бұған дейін Вусал Джафаровтың Ақтаудағы 3 ықшам ауданынан, қоқыс контейнерлерінің қасынан табылғаны, мәйіттің бірнеше күн жатып қалғаны айтылған еді.