"Қырғыз көкпаршыларымен кез келген уақытта кездесуге дайынбыз" – көкпардан Қазақстан құрамасының капитаны
Көкпар – Көшпенділер ойындарында көпшілік қатты көргісі келетін ойындардың бірегейі. Әсіресе, спорт сүйер қауым алақанын ысқылап, қазақ пен қырғыздың текетіресін күтіп отырады.
– Құрманбек, көпшілік екі жыл асыға күткен бәсі биік додада жеткен жеңіс құтты болсын!
– Рахмет! Сонша уақыт дайындалған еңбегіміз зая кеткен жоқ. Аллаға шүкір, жеңімпаз атанып, еліміздің төбесін көкке жеткіздік. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сипаттауға сөз жетпейтін көңіл күйде жүрміз. Атойлаған жанкүйерлер. Сапалы салынған арена. Мұның бәрі бізге үлкен рух берді. Ойын біткен соң, қуанышымызды халықпен бөліскіміз келіп, құрамадағы он екіміз Көк туымызды ұстап, трибунаның алдынан шауып өттік. Сол кездегі бойымызды кернеген мақтаныштың қандай сезім екенін сипаттай алмаймын! Өткен аптадан бері барған жерімізде ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын беріп жатыр. Кеше ғана Жамбыл облысының әкімі айрықша күтіп алды. Дана қазақ «Біткен іске сыншы көп» дейді ғой. Ойын біткелі бері әлеуметтік желіге жаман пікір жазып, ел ішін дүрліктіріп жүргендер жетіп артылады. Оларға айтарымыз – «Жығылған күреске тоймайды». Шындық әрқашан да ащы болады. Көкпар – Көшпенділер ойындарында көпшілік қатты көргісі келетін ойындардың бірегейі. Әсіресе, спорт сүйер қауым алақанын ысқылап, қазақ пен қырғыздың текетіресін күтіп отырады. Күллі Қазақстан көз тігетін басты сайыс болғасын зілдей жауапкершілікті сезініп, тыңғылықты дайындалдық. Ең алғашқы оқу-жаттығу жиынын Шымкентте өткіздік. Кейін қалған 9 жаттығу жиыны Алматыда өтті. Бәсі биік бұл ойынға үш ай бойы тас-түйін дайындалдық. Елеңдемей жаттығуымыз үшін барлық жағдай жасалды. Аттарымызды да сайладық. Жарыс жақындаған кезде бапкеріміз ауысты. Оған дейін бізді талай бәйгеге баптап апарған бас бапкеріміз Қуанышбек Құрамаевтың орнына тізгінді Ақылбай Манкеев ұстады. Оның көмекшілері, тәжірибелі жаттықтырушылар Еркебай Омарбек пен Нұрдәулет Момынов бізді шынықтырып, ширатты. Сол кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап, жеңіске жетіп отырмыз.
– Бізде нөмірі бірінші спорт саналатын бокс пен күресте ұлттық құрамадағы бір орынға 10 адамнан таласады. Футболда да солай. Сол секілді көкпарда да ұлттық командаға кіру қиынның қиыны шығар?
– Ал бізде 100 адам 1 орынға таласады. Ұлттық спортымызға айрықша көңіл бөлінгелі бері көкпаршылар арасында бәсеке көркі қыза түсті. Көкпар сіз айтып отырған спорт түрлерінен барлық жағынан асып түспесе, кем түспейді. Сондықтан еліміздің басты командасына кіру оңай шаруа емес. Осы жарыста соңғы сәтке дейін құрамаға кімнің кіретінін білмедік. Үш айға жалғасқан оқу-жаттығу жиындарына жалпы саны 24 шабандоз қатысты. Ақыр аяғында оның ішінен бапкерлер құрамы 12 көкпаршыны ғана таңдап алды. Жарыс күніне дейін кімнің көкпар тартатынын расымен ешкім білген жоқ.
– Бір апта өтсе де, әлі шуы басылмай тұрған финалды сөз етсек. Ойынның басы-қасында жүрген көкпаршы ретінде бізге мынаны айтыңызшы – расында қырғыз бауырлар байбалам салатындай ереже бұзылды ма? Олар айтқандай, ойын барысында бұра тартушылық болды ма?
– Байбалам салатындай ештеңе болған жоқ. Мұнда бар мәселе қырғыз спортшысының балағат сөз айтқанында болып тұр. Оның айтқан ауыр сөзі біздің ағамыздың намысына тиген, сосын ол қамшы жұмсаған. Енді қырғыз көкпаршылары ойынға не үшін келгенін білетін шығар. Көкпар тартысы мол спорт қой. Онда қызуқанды болмасаң тағы болмайды. Ойын кезінде қамшымен ұрғаны былай тұрсын, бізде жігіттер аттың астында қалып кетіп жатады. Көкпар нағыз жаужүрек, мықты жігіттердің ойыны емес пе?! Әрі біздіклер «тек қырғызды ұрады» деген еш шындыққа жанаспайды. Ел чемпионаттарында да бір-бірімізді қамшылап тұрамыз. Одан да ауыр сәттер болады. Алайда біз бір-бірімізге шағым түсіріп көрмеппіз. Жалпақ тілмен айтқанда, ондай сәттер көкпардың «сәні» ғой (күліп). Онсыз ойын әсерлі болмайды ғой.
– Екі жақтың көкпаршылары шекісіп қалып жатқанда құрама капитаны – сізге салқынқандылық таныту қиынға түскен шығар?
– Жоқ, қиынға түспеді. Мұндай сәтте құрама сапындағы 11 спортшының барлығы маған қарайды. Сол себептен эмоцияға берілмеуге тырысамын. Мен финалда еш қобалжымадым. Тіпті, 3:1 болып ұтылып жатқан кезде де командаластарымды жігерлендіріп, «Қазір ұтамыз! Асықпаңдар! Ұтамыз!» деп рухтандырып жүрдім. Команда ұтылып жатқан сәтте мен тұнжырап қалсам, маған сеніп тұрған 11 көкпаршы да кері тартып, жағдай басқаша болар еді. Жоғарыда айтып өткенімдей, Көшпенділер ойынындағы басты сайыстардың бірі болғасын, біз бұған тек физикалық жағынан емес, моральдық әрі психологиялық жағынан дайын болдық.
– Финалда құрамаға жеңіс әкелген алтын салымды сіз салдыңыз. Екі жыл бұрын Түркияның Изник қаласында өткен финалда да шешуші салымды салу сізге бұйырған еді.
– Иә, Түркияда тағы сол қырғыз бауырлармен өткен финалдың негізгі ойын уақытында есеп 3:3 болды. Көкпарда негізгі уақытта есеп теңессе, қосымша 10 минут беріледі. Ол 10 минутта кім бірінші салым салады, сол жеңімпаз атанады. Түркияда шешуші сәтте мен алтын салым салып, жарыс тағдырын шешкен едім. Бұл жолы да солай болды. Өзімді «Мен – мықтымын», «Мен – сондаймын» деп мақтанбаймын. Тек сондай шешуші кезде Алланың назары маған түсті деп білемін.
– Кеше Қырғыз еліндегі Көк бөрі федерациясының өкілдері сіздерді 1 қараша Ыстықкөл жағасына шақырып, онда қарымта кездесу өткізуді ұсынды. Төрешілерді басқа елден алдыртпақ екен. Бұған не дейсіз?
– Біз – бәріне дайынбыз. Мен капитан ретінде құрамадағы спортшылардың атынан жауап бере аламын. Біз – кез келген уақытта кездесуге дайынбыз. Сақадай-саймыз. Басшыларымыз айтса болғаны. Ол ойынның болатынынан я болмайтынынан бейхабармын. Егер өтетін болса, біз оған дайынбыз. Дегенмен ондағы бауырларымыз қырғыз еліне барса, Қазақстан ұтылады, бізге келсе олар ұтылып қалады деп айтып жатыр ғой. Ақыр аяғында реванш сұрап жатыр. Мен сізге мынаны айтайын, ол әңгіменің нүктесі Түркияда өткен төртінші Көшпенділер ойындарында қойылған. Бейтарап аймақта өткен финалда біз жеңіске жеттік. Ол кезде төреші басқа елден келді. Онда өз аттарымызбен емес, сол жақтың аттарымен сайысуға мәжбүр болдық. Бар айтарым – қырғыз бауырлар үшін есігіміз әрқашан ашық. Олардың көкпаршыларымен жақын араласпасақ та, бұрыннан сәлеміміз түзу.
– Қырғыз елінің бұрынғы Туризм вице-министрі Мақсат Чаки Көшпенділер ойындарының бағдарламасынан көкпар мен көкбөріні алып тастауды ұсынды...
– Көшпенділер ойындарының сәні сол екі ойын емес пе?! Қалайша алып тастауға болады? Бұл әңгіме Олимпиададан боксты алып тастаймыз деген секілді ғой. Бокс болмаса, Олимпиада дым қызық емес қой.
– Құрамада сізден біршама жас үлкен, көкпар тартатын ағаларымыз бар. Оларға дегеніңізді орындату қиынға соқпай ма? Жалпы, құрамада команда капитаны болған қалай екен?
– Менің көкпарда жүргеніме 10 жылдан асты. Сондықтан кімге қалай сөйлеу керек, кіммен қалай араласу керек екенін жетік білемін. Қазақ «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Мені капитан етіп жалғыз бапкер тағайындай салмайды. Бұл – құрамаға іліккен ойыншылармен ақылдасып отырып, қабылданған шешім. Мақтанғаным емес, дегенмен құрамадағы жасы үлкен ағаларымыздың бәрі мені тыңдайды. Сол тыңдағаннан да шығар, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жеңіске жетіп жүрміз. Ол кісілер менің айтқанымды жерге қалдырмайды. Осы ретте мені тыңдап, қолдап жүрген ол кісілерге алғысымды айтамын!
– Ипподромдағы спорт сүйер көпшілік «Құрманбек – айрықша жігіт», «Құрманбек – көкпар тартуға жаратылған жігіт» деп сізді мақтаумен болды. Сөз соңында Көшпенділер ойындарындағы резонанстан соң көкпарға енді қызыға бастаған жанкүйерлерге өзіңізді аз-кем таныстыра кетсеңіз.
– Жамбыл облысының тумасымын. 1997 жылғымын. 2012 жылдан бастап облыстық «Әулиеата» командасының құрамында өнер көрсетемін. Жастар, жасөспірімдер, ересектер арасындағы Қазақстанның 14 дүркін чемпионымын. Одан бөлек, ұлттық спорттың ең үздіктеріне берілетін «Алтын тұғыр» сыйлығының үш дүркін иегерімін. Көкпардан жастар арасында Азия чемпионымын. 2018 жылы Қырғыз елінде өткен үшінші Көшпенділер ойындарында көп салым салып, үздік ойыншы атандым. Одан бөлек, «Ғасыр ойыншысы» деген атағым тағы бар. Көп фестивальдің жеңімпазымын. Бір басымызға жетіп артылатын жетістігіміз бар. «Чемпион болу оңай, ол атақты сақтап қалу қиын» дейді ғой. Бұйырса, келесі ойындарға да тиянақты дайындалып, елімізді тағы бір қуантамыз деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет! Іске сәт!
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Суреттер Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының ресми сайтынан алынды.