АПВ-ға қарсы вакциналау басталды
Маңызды талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, онкогинекологтар, иммунологтар қатысты.
Адам папилломасы вирусы (АПВ) – жатыр мойны қатерлі ісігінің негізгі қоздырғышы. Мұны ғалымдар ғылыми зерттеулер нәтижесінде дәлелдеген. Аталған вирус әлемде кең таралған. Қауіптілігі сол бұл адамнан адамға жыныстық жолмен де, тұрмыстық жолмен де жұғады. Сондықтан бүгінде әлем елдерінің денсаулық сақтау саласының маңызды мәселесінің бірі болып отыр. Өзекті мәселе Қазақстан әйелдерін де айналып өткен жоқ. Елімізде АПВ кең таралған. Бұл инфекцияның алдын алу және емдеу әдістері туралы ақпараттың халыққа толық түсіндірілмеуінен болып отыр дейді мамандар. – Адам папиллома вирусына қатысты Оңтүстік өңірде, оның ішінде Жетісай, Түлкібас, Сайрам аудандарында болдым. Тұрғындарды АПВ вирусына қарсы вакцина әрі оның қалай өтіп жатқаны қызықтырады. Вакцина деген сөздің өзін қазір көп адам басқаша қабылдайды. Оларды «Бұл қандай вакцина? Құрамы қандай? Соңы қандай болады екен?» деген сұрақтар мазалайды, – деді журналист, Астана қаласы мәслихатының депутаты Ләйлә Сұлтанқызы. Аталған мәселеге қатысты Ecomed Medical Group ЖШС директоры Жанерке Әжетова кеңінен жауап берді. Маманның айтуынша, елімізде 2023 жылы 6 түрлі вакцина тіркелген. – Соның ішінде екі валенттік вакцинаның үш түрі, төрт валенттік вакцинаның екі түрі, соңғы жылдары пайда болған тоғыз валенттік Гардасил вакцинасы бар. Бұл – АҚШ-тың өнімі, сапасы жоғары. Халық арасында вакцина ауру тудырмай ма деген алаңдаушылық бар. Қарапайым тілмен түсіндірсем, бұл вакцина емес, ақуыз, яғни ақ дене. Осы антиген денеге енгізілгеннен кейін адамда вирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Сондықтан қыздардың аталған вирусты жұқтыру, ауырып қалу қабілеті төмендейді. Вирус осылайша өзімен өзі жазылып кетеді. Сондықтан да міндетті түрде бұл вакцинаны салу керек. Өйткені вакцина дегеніміз вирус емес, – деп түсіндірді маман. АПВ вакцинасы туралы әртүрлі аңыздарды жиі еститініміз жасырын емес. Жанерке Әжетова вакцинадан кейін қатерлік ісік ауруы пайда болуы мүмкін деген аңыздың да негізсіз екенін айтты. – АПВ – әлемде кең таралған вирус болғандықтан, вакцина алу ең тиімді шешім. Оның әлем бойынша 200-ден астам генотипі бар десек, соның 40 типі жыныстық қатынас жолымен жұғады. Ал қалған 160-тай типі тұрмыстық жағдайда, қолдан қолға жұғу арқылы таралады. Бұл вирустар ылғалды жерде жақсы дамиды. Яғни, монша, сауна, бассейнге шомылатын кішкентай қыздарымыз өздері білмей жұқтырып алуы мүмкін. Бұдан ешкім сақтандырылмаған. Қыздарымыз жастайынан вирус жұқтырып, кейін қатерлі ауруларға тап болса, өкінішті болмақ. Ел ішінде тараған аңыздардың тағы бірі – вакцина бедеулікке алып келуі мүмкін деген қарабайыр түсінік. Біздің Ecomed Medical Group клиникасы жылына қаншама келіншекке эко жасайды. Соның ішінде бірде-бір әйел осы вакцинаны салып, соның салдарынан бедеулікке ұшырады деген тұжырым жоқ. Керісінше, вакцина алмаған әйелдеріміз осы ауруға шалдығып, соңы жатыр мойнының қатерлі ісігіне алып келіп жатқан жағдайлар жиі кездеседі. Мұның соңы әйелдің жатырын немесе жатыр мойнын алып тастауға әкеледі. Мұндай жағдайда әйел жүкті бола алмайды, сондықтан қыздарымыздың болашағын қазірден ойлап, дер кезінде вакцина алуы керек, – деді Ecomed Medical Group ЖШС директоры Жанерке Әжетова. Тәжірибелі маман өз сөзінде вакцина аутизмге алып келуі мүмкін деген аңызға да нүкте қойды. Қазақстанда вакцина алғандардың пайызы төмен, 90 пайызға жуық. Ал аутизмге шалдыққан балалардың аналары вакцина алмаған келіншектер екені бүгінде анықталып отыр. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының базасында, қолда бар әдебиеттерде, интернеттегі қолжетімді деректерде вакцина аутизмге алып келеді деген тұжырым жоқ. Жалпы, жатыр мойны обыры елімізде барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орында және 25-44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша да екінші орында тұрған қатерлі ісік. Елімізде жыл сайын 1 900-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі және 600-ден астам әйел осы патологиядан қайтыс болады. Мәселен, былтыр жыл соңында республика бойынша 16 998 әйел жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозымен тіркелді, оның 834-і – Астана қаласында. – Бұл жағдай жедел және шешуші әрекеттерді қажет етеді және вакциналау бағдарламасын жүзеге асыру – алдын алуға болатын аурумен күресудегі жоспарымыздың маңызды бөлігі болып табылады, – деп атап өтті елордалық Қоғамдық денсаулық сақ-тау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова. Жатыр мойнының қатерлі ісігі – әлемдегі ең көп таралған қатерлі ісіктердің бірі. Жыл сайын 300 мыңға жуық әйел осы аурудан көз жұмады. Осы ретте вакциналау АПВ және жатыр мойнының қатерлі ісігімен күресудің жалғыз әрі тиімді әдісі болып қала бермек. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеп отыр. Вирусқа қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, атап айтқанда Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Түркіменстанда қолданылады. Вакцинаның тиімділігін кейбір елдерде әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90 пайызға төмендегенінен анық байқауға болады. Биылдан бастап қолға алынған вакциналау бағдарламасы, сөзсіз, осы ауыр аурудан болатын сырқат пен өлім-жітімді төмен-детудің маңызды қадамы болмақ. Бұл үшін Үкімет 9,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлгені есімізде. Оған 351 мыңнан астам доза мөлшерінде вакцина сатып алынды. Жұқпалы аурулардан туындаған онколо-гиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында нысаналы топтың кемінде 95 пайызын қамтитын 11 жастағы жасөс-пірім қыздарды папилломалық вирус- қа қарсы вакциналауды ұйымдастыру және өткізу 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Вакцинаны 11 жастағы қыздардан бастап салудың да өзіндік себебі бар. Онкогинекологтардың айтуынша, қыздарды жыныстық қатынасқа түспес бұрын вакциналау өте маңызды. Бұл жаста қыз балалар вирусты жұқтырып үлгермейді және вакцинацияның тиімділігі өте жоғары болады.
А.БИМЕНДИЕВА