Әткеншектен құлап, көз жұмған бала: Анасы жағдайды баяндады
9 жастағы бала мен тағы бір ұл әткеншекке мінгесіп, қатты күшпен тербеткен. Осы сәтте жеткіншек ұшып түсіп, велосипедтің үстіне оңбай құлайды. Ауыр жарақат алған оның жүрегі жедел жәрдем көлігінің ішінде тоқтады.
9 жастағы бала мен тағы бір ұл әткеншекке мінгесіп, қатты күшпен тербеткен. Осы сәтте жеткіншек ұшып түсіп, велосипедтің үстіне оңбай құлайды. Ауыр жарақат алған оның жүрегі жедел жәрдем көлігінің ішінде тоқтады.
«Диагнозы ашық ми жарақаты, бас негізінің ашық жарақаты, оң жақ қабырғасының жабық сынығы, гемоторспен өмір сүруге мүмкіндігі жоқ жарақат. Мұндай жарақатпен өмір сүру мүмкін емес», – деді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің орынбасары Гүлмараш Балмағамбетова.
Ақтөбелік ата-ана тұңғышынан айырылды. Оқыс оқиға болған сәтте әкесі басқа ұлымен ауруханада жатқан екен. Ал науқас анасы өздігінен жүріп-тұра алмайды. Жайсыз хабарды естігенде, арбаға таңылған Әлия қансырап жатқан ұлыма жете алмай, жіпсіз байландым деп зар жылады. Себебі көпқабатты үйдегі пандуспен сыртқа шығу мүмкін емес дейді.
«Бір бала үстіне мініп тербеткен ғой. Қой дегенді түсінбеген. Жанын қинап әрі қарай ұшырып жіберген. Тұрған да, велосипедке қайтадан құлаған. Мына есіктен шыға алмадым. Ана жақта қаншама есіктер бар. Пандус қисайып жатыр. Балам шығарып көмектесетін еді. Артымнан итеріп жүрген қолғанатым еді ғой, екінші баламды қалай қараймын енді. Бәрі кедергі. Үкімет неге дұрыстап салмайды?», – деді марқұмның анасы Әлия Сағындықова.
Қайғылы оқиға болған ойын алаңы әлі қоршалмаған. Қазір бұл жерде балалар ойнап жүр. Тұрғындардың айтуынша, жалғыз әткеншекке ұл-қыздар күнде кезекке тұрады
«Бүкіл бала осы жерге келіп, әткеншекке отырады, тіпті үлкендер де. 18-19-дағы балалар да түні бойы сонда отырады. Осы әткеншекті алып тастау керек-ау деймін. Балалар қатты тебеді. Ең болмаса қатты тербелмейтін қылып, дәнекерлеп қою керек», – деді ақтөбелік тұрғын Нұрия Сәрсенбаева.
4-сыныпта оқыған Абат спортпен шұғылданған. Осыдан екі күн бұрын ғана каратэден өткен жарыста жеңімпаз атанған екен. «Тәртіпті, озат оқушы еді» дейді ұстаздары. Ал полиция іс қозғап, тергеуді бастап кетті.