АЭС: Батыс Қазақстан облыстық халықтық штабы еңбек ұжымымен кездесті
Елімізде атом электр стансасы салынса, электр қуатының бағасы арзандайды. Бұл – ең алдымен тұтынушыларға тиімді. Бұған қоса, шығыны мен зияны мол көмір мен газдан құтыламыз, дейді мамандар. Оралды жылу және электр қуатымен қамтамасыз ететін "Жайық жылу қуат" мекемесі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Жылына 58 мегаватт электр қуатын өндіретін кәсіпорын қаланың 35% ғана жарықпен қамтамасыз етеді. Қалғаны басқа кәсіпорындардан және көршілес Ресейден алынады. Мекеме өкілдерінің айтуынша, қуаты жойқын АЭС салынса, көршілерге кіріптарлықтан құтыламыз әрі қуат бағасы айтарлықтай арзандамақ.
«АЭС – өте керек нәрсе. Біз газды жұмсаймыз, сосын қондырғылар ескі болғасын, запчастьтар қымбаттап жатыр. Енді жаңасын салғасын, тарифтер төмендейді деп мен ойлаймын. Себебі шикізат алатын, дәл осы АЭС-ті қосатын шикізат өзімізде де бар. Сол себепті бізде арзан болуы керек», – дейді "Жайықжылуқуат" АҚ бас директорының орынбасары Бекболат Камешев.
АЭС салуды қолдау жөніндегі штаб өкілдеріне жылу мекемесінің жұмысшылары көкейде жүрген сұрағын қойды. Кейін осы ұсынысты ұжым болып қолдайтынын білдіріп, өндіріс ошағында АЭС салуды қолдау жөніндегі штаб құрылды.
«Барлық өндірісте осындай түсіндірме жұмыстар бойынша осындай штабтар құрылса, Орал қаласының тұрғындарына ақпаратты кеңінен жеткізе аламыз. Себебі қазір қоғамда әртүрлі пікірлер бар ғой. Біреулер келіспейді, біреулер келісер, біреулер - тіпті мүлдем ақпараттандырылмаған азаматтар. Сондықтан штабтың мақсаты- халықты ақпараттандыру», – дейді АЭС салуды қолдау жөніндегі Орал қалалық штабының жетекшісі Асылан Тапишев.